AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
Freedom Broker
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Freedom Broker
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Заң мен тəртіп / КОУЧИНГ КӨЛЕҢКЕСІ: Тез байытам деушілерге талап кү...

КОУЧИНГ КӨЛЕҢКЕСІ: Тез байытам деушілерге талап күшейді

Заң мен тəртіп Бүгін 13:11 113
КОУЧИНГ КӨЛЕҢКЕСІ: Тез байытам деушілерге талап күшейді
Коллажды жасаған Нұрбосын ӨРІСҰЛЫ

Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, тез баюды, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақсартуды, жетістікке оңай жетуді, тиімді қаражатқа саяхаттап, үйлесімді өмір сүруді үйретемін деп, халықтың сеніміне кіріп, сан соқтырып жатқан тәлімгер көп. Қазір бұны шет тілімен «коуч», тәлімгерлікті – «коучинг» деп жүрміз. Бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді, барлық коучты сертификатталған маман деуге келмес. Қуантарлығы, жалғанды жалпағынан басып, салықтан қашқан «ақылдыларға» арналған заң 14 ақпаннан бастап күшіне енді. Құжаттың басты мақсаты – саладағы кәсіби біліктілікті нақтылап, қызмет сапасына бірыңғай талап қалыптастыру. 

Заңда тәлімгерлік, яғни коучинг «клиенттің ойлау қабілетін, саналылығын және әлеуетін дамытуға бағытталған кәсіби серіктестік» ретінде айқындалған. Коуч – ақыл айтушы не «оңтайлы шешім» ұсынушы емес, адамның ішкі ресурсын ашуға бағыт-бағдар беретін маман ретінде қарастырылады.

 

Сенім мен жауапкершілік мәселесі

Кейінгі жылдары жеке даму, мотивация, табысқа жету тақырыптары қоғамда ерекше сұранысқа ие болды. Әлеуметтік желілерде өзін коуч немесе психолог ретінде таныстыратын мамандар саны күрт артты. Тіпті, кейбір азаматтардың қомақты қаражат үшін несие алып, нәтижесіз курстарға қатысып, психологиялық қысымға ұшырап жатқан жағдайлар да баршылық. Мәселен, «отбасылық кеңес беремін» деген желеумен «жұбайыңды қалай өзгертуге болады?», «баланы толық бақылауда ұстау тәсілдері», «ажырасу – өмірдің жаңа кезеңі» сияқты әсіре көзқарастарды дәріптейтін жалған «сарапшылардың» ықпалынан талай тату-тәтті өмір сүріп отырған отбасының шаңырағы ортасына түсті. Бұдан бөлек, «бірге кәсіп бастаймыз», «қаржылық тәуелсіздікке жеткіземіз», «ой-сананы өзгерту арқылы ғана бай боласың» деген ұрандарды алға тартқан алаяқ коучтар азаматтарды несие рәсімдеуге үгіттеп, қаржылық тәуекелге итермелеуде.

2025 жылы коуч қызметіне қатысты 900-ге жуық азамат шағым түсірген. Осы тұрғыдан алғанда, бірыңғай стандарт енгізу – уақыт талабы. Заң коучтардың кәсіби біліктілігін бағалау тетіктерін бекітіп, қызмет сапасына қойылатын талаптарды әзірлеуді көздейді. Салада ашықтық артып, кәсіби қауымдастықтардың рөлі күшеймек. Бұл өз кезегінде сапалы мамандардың беделін арттырып, бейтаныс адамдардың нарыққа кіруін шектейді. Енді мамандардың даярлығы, этикалық нормаларды сақтауы, клиент алдындағы жауапкершілігі маңызды факторға айналады.

Жеке дамуға сұраныс артқан заманда сапа мен жауапкершілік те қатар жүруі тиіс. Мотивацияға толы жылы сөз кей жағдайда шынайы өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарын жоққа шығарып, «бәрі өзіңе байланысты» деген қарапайым формулаға әкеліп тірейді. Бұл тәсіл адамның жеке жауапкершілігін арттырғанымен, қоғамдағы мәселелерді елемеуге итермелеуі мүмкін. Салдарынан сәтсіздікке ұшыраған адам өзін кінәлап, психологиялық қысымға түседі. Тағы бір мәселе – медициналық немесе клиникалық білімі жоқ адамдардың психологиялық жарақаттармен жұмыс істеуге талпынуы. Бұл кәсіби этикаға ғана емес, тұтынушының денсаулығына да қауіп төндіреді.

Қос қырлы құбылыс

Коуч болу үшін нақты лицензия немесе бірыңғай талап болмаған кезеңде бұл салаға кез келген адам кіре алатын. Қысқа мерзімді онлайн курс аяқтап, өзін «халықаралық сертификаты бар коуч» деп таныстыратындар көбейді. Мұндай жағдайда сапа мен жауапкершілік мәселесі де өзекті. Жаңа заң осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталғанымен, тек нормативтік құжатпен барлық мәселені шешу қиын. Салада кәсіби қауымдастықтардың белсенділігі, ашық рейтингтер, тәуелсіз сараптама институттары қажет.

Дегенмен, коучингті тұтас теріс құбылыс ретінде қарастырып, біржақты көзқарас таныту – әділетсіздік. Саладағы өз ісінің нағыз шебері ғана адамның мақсат қою, уақыт басқару, шешім қабылдау дағдыларын жетілдіруге көмектеседі. Мәселен, ірі компаниялар бұл бағытты көшбасшылық қабілетті дамыту, команда ішіндегі қарым-қатынасты жақсарту құралы ретінде пайдаланып жүр. Ал жеке тұлғаға коучпен жұмыс істеу өз-өзін тануына, ішкі ресурсын жүйелеуіне ықпал етеді.

Әлемдегі тәлімгерлік

International Coaching Federation (ICF) – коучинг саласындағы ең ықпалды халықаралық ұйымдардың бірі. Бұл ұйым коучтарды даярлау, сертификаттау және этикалық стандарттарды бекіту жүйесін қалыптастырған.

АҚШ-та коучинг бизнес, көшбасшылық, мансаптық даму саласында кең таралған. Ірі корпорациялар топ-менеджерлерге жеке коуч бекітеді. Мұнда коуч болу үшін міндетті мемлекеттік лицензия талап етілмегенімен, кәсіби сертификат пен аккредиттелген білім бағдарламасы маңызды рөл атқарады. Нарық өзін-өзі реттеу қағидасына негізделген.

Еуропада коучинг мәдениеті корпоративтік секторда жоғары дамыған. Германия, Франция, Ұлыбритания секілді елдерде кәсіби қауымдастықтар мен тәуелсіз аккредитация институттары белсенді жұмыс істейді. Ал кейбір мемлекеттерде психотерапия мен коучингтің аражігі заң жүзінде нақты ажыратылған. Яғни коуч психологиялық диагноз қоя алмайды және клиникалық мәселелермен айналысуға құқығы жоқ. Бұл – клиент қауіпсіздігін қорғаудың маңызды тетігі.

Ресейде де коучинг соңғы онжылдықта қарқынды дамыды. Алайда, Қазақстандағыдай, бұл елде де әлеуметтік желідегі «инфо-коучтар» феномені кең таралды. Қаржы пирамидалары мен жалған тренингтерге қатысты даулы істер көбейгендіктен, бақылау күшейді.

Қазақстанда коучинг нарығы негізінен жеке бастама мен әлеуметтік желілер арқылы қарқын алғаны белгілі. Кәсіби қауымдастықтар бар, бірақ қысқа мерзімді курс бітірген адамдар өзін «халықаралық деңгейдегі коуч» ретінде таныстырып жүр.

Қорыта айтқанда, қоғамда сыни ойлау мәдениеті де қатар дамуы керек. Әрбір азамат кез келген қызметті таңдар алдында маманның біліміне, тәжірибесіне, кәсіби мәртебесіне назар аударуы тиіс. Коучинг саласы үшін де бұл кезең – сапаны арттырып, сенімді қалпына келтіру мүмкіндігі. Шынайы кәсіби мамандар үшін жаңа талаптар беделді нығайтса, кездейсоқ адамдар үшін нарық тарыла түспек.

 

Заңгер Ләззат Рақышеваның жеке мұрағатынан алынды

Ләззат РАҚЫШЕВА,

құқық қорғаушы, заңгер: 

 

Құқықтық тосқауыл керек

Қазір қоғамда сенімге кіріп, сан соқтыратын коуч көбейіп кетті. Кейбірі өздерін психолог, кейбірі қаржылық немесе өмірлік коуч деп көрсетіп, клиенттің психологиялық және қаржылық жағдайын пайдалануда. Мысалы, тәжірибеде адамдарға «сен дұрыс ойламайсың, менің әдістерім сізге көмектеседі» деп қысым жасап, миллиондаған теңгені алып кететін жағдайлар кездеседі. Тіпті, психологиялық дағдарысқа

ұшыраған адамдарға кәсіби білімсіз кеңес беріп, жағдайын ушықтырады. Бұл – ашық манипуляция және алдау, бұрын заң тұрғысынан ешқандай шектеу жоқ еді.

Жаңа заң – кәсіби жауапкершілік пен сапа кепілі. Коучинг «клиенттің ойлау қабілетін, саналылығын және әлеуетін дамытуға бағытталған кәсіби серіктестік» деп нақты анықталды. Енді кез келген «коуч» өз кәсібін заңға сай жүргізуге мәжбүр болады, әйтпесе жауапкершілікке тартылады. Ешқандай білімі жоқ, тек сенімге сүйеніп ақша алып, психологиямен ойнағандар енді қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершіліктен қаша алмайды. Көбі психолог пен коучтың атқаратын қызметін ажырата алмай жатады. Психолог деген арнайы жоғары білім алған маман, ал коуч – заңнамада жеке лицензияланатын міндетті мамандық емес, көп жағдайда сертификаттық курс.

 Дана САДЫРҚАН

Телеграм арнаға жазылыңыз
#коуч
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

«ЖАЗЫЛ ДА, ҰТЫП АЛ!»

Бүгін 15:17

Мұнай бағасы құбылып тұр: Қазақстанға әсері қандай?

Бүгін 14:51

Қазақстан бойынша Ораза айт намазының кестесі жарияланды

Бүгін 14:28

Түрме - соңғы үкім емес

Бүгін 14:06

Адам өміріне араша болған

Бүгін 13:57
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
  • alatauaqparat@gmail.com
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика