Алматы облысындағы «Біздің ауыл» этноауылында көшпенділер мәдениетін ұлықтауға арналған «Nomad Álemi» фестивалінің қорытынды іс-шарасы өтті. Еліміздің біршама өңірін қамтыған бұл ауқымды мәдени жоба бұған дейін Ақмола облысының Макинск қаласында және Шығыс Қазақстан облысындағы Қасым Қайсенов ауылында ұйымдастырылған болатын. Ауқымды фестивальдің қорытынды кезеңі Алматы облысында заманауи бағытта жалғасын тапты.
Үш өңірді қамтыған мәдени шараға 17 мыңнан астам адам қатысып, көшпенділердің бай тарихы мен дәстүріне куә болды. Жобаның басты мақсаты – бабалар мұрасын заманауи трендтермен ұштастыра отырып, жұртшылыққа жаңаша сипатта таныстыру.
Фестиваль бағдарламасы өте бай әрі мазмұнды болды. Көрерменге музыкалық кештер, заманауи өнер көрмелері, ұлттық ойындар, гастрономиялық өнер көрсетілімдері мен танымдық кездесулер ұсынылды. Сондай-ақ, қонақжайлық, еңбекке және туған жерге деген құрмет, өнер мен музыка, сондай-ақ дәстүр мен ұрпақ сабақтастығы сияқты ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталды. Ұйымдастырушылар бөлінген әрбір арнайы кеңістікті көшпенділер мәдениетін заманауи форматта көрсететіндей етіп жабдықтап, келген қонақтарға ұмытылмас әсер сыйлады.

Иммерсивті кеңістік
Фестивальдегі ерекше жобалардың бірі – «Мүшел жолы» иммерсивті кеңістігі. Театрландырылған саяхат барысында қонақтар адам өмірінің әртүрлі кезеңдерін бастан өткерді. Есею, өзгеріс, таңдау және бір кезеңнен екіншісіне өту тақырыптары мүшел жас ұғымы арқылы көрсетілді. Жоба адам ғұмыры мен ұрпақтан ұрпаққа берілетін білім туралы түсінікке негізделді. Білім беру бағдарламасында тарих, мәдениет, археология, этнография, өнер және креативті индустрия мәселелері қозғалды. Бағдарламаға медиевист-тарихшы Айболат Кушкумбаев, түркітанушы Ерлан Еспенбетов, жазушы әрі мифология зерттеушісі Зира Наурызбай, петроглифтерді зерттеуші және археолог Ольга Гумирова, деректі фильм режиссері Әлия Әшім, нутрициолог Сабина Мұқан және басқа да мамандар қатысты. Сарапшылар көшпенділердің мәдени коды, Ұлы даланың мифологиясы, дәстүрлі қолөнер мен музыка, ұлттық тағамдар және тарихи мұраны қазіргі қоғамда қолдану мәселелерін талқылады.

Өнер кеңістігінде қазақстандық заманауи суретшілер мен дизайнерлер мәдени мұра, дала және қазіргі номад бейнесіне арналған жұмыстарын таныстырды. Мұнда арт-шеберханалар, перформанстар мен шеберлік сабақтары өтті. Қонақтар әшекей бұйымдар жасап, этникалық дүниелерді заманауи тәсілдермен қолдану мүмкіндіктерімен танысты. Үш фестивальдің ортақ белгісіне айналған арт-нысандар да жасалды. Күні бойы жиналған пластик қақпақтар арт-нысандарға пайдаланылды.
Ұлттық гастрономия сырлары
Ұлттық тағамдар да фестивальдің маңызды бөлігі болды. Дастархан кеңістігінде дәстүрлі тағамдар мен олардың тарихы таныстырылды. «Қазақы ас: Дәстүр мен дәм» кітабының авторы, ғалым-этнограф Айгерім Мусағажинова көшпенділер асханасы, тағамдар мен өнімдердің тарихы және олардың қазіргі гастрономиядағы орны туралы дәріс оқып, шеберлік сабағын өткізді. Қонақтар көпшілік біле бермейтін дәстүрлі тағамдармен танысып, ұлттық дәмдердің бүгінгі ас мәзірінде қалай қолданылып жүргенін көрді.
Фестивальге келген қонақтар арқан тарту, асық ату, садақ ату сияқты ұлттық ойындарға қатысып, көкпар ойынын тамашалады. Сонымен бірге тазы, бүркіт, түйе және жылқымен байланысты интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылды. Балаларға арналған «Болашақ» кеңістігінде жас қонақтар болашақ ауылын құрып, ғылыми шоуларға, шығармашылық және музыкалық шеберлік сабақтарына, интерактивті қойылымдарға, ұлттық ойындарға және Silent Disco бағдарламасына қатысты. «Мамандықтар қаласында» балалар агроном, инженер, зертхана маманы, технолог және ветеринар мамандықтарымен танысты.
Этно-модерн
Ал кешкі мерекелік концертте этникалық әуен мен заманауи музыка қатар ұсынылды. Сахнада Yenlik, Urker, Arshat, Арқайым, Тенгри, «Алатау серілері», Steppe Sons, Dudeontheguitar және басқа да өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Бағдарлама этно-дефиле, аспаптық-хореографиялық қойылымдар, ұлттық аспаптарға арналған шеберлік сабақтары және DJ-сеттермен толықты.
Nomad álemi фестивальдерінің әрқайсысы Aitas холдингінің өндірістік нысандары орналасқан өңірлермен байланысты болды. Макинск қаласында холдингтің ірі кәсіпорындарының бірі – Макинск құс фабрикасы орналасқан. Қасым Қайсенов ауылында Қазақстандағы ең көне құс фабрикаларының бірі саналатын, биыл 50 жылдығын атап өтетін Өскемен құс фабрикасы жұмыс істейді. Ал Алматы облысында холдингтің жаңа құс фабрикасы салынып жатыр.
«Aitas» холдингінің құрылтайшысы Серік Толықпаевтың айтуынша, көшпенділер мұрасын тек өткеннің еншісіндегі дүние ретінде қарастыруға болмайды. Ата-бабаларымыздың дүниетанымы мен өмір салтында қазіргі қоғамға ғана емес, болашаққа да қажет құндылықтар бар.

Дала философиясынан аларымыз көп
«Биыл отандық құс етін өндіретін жетекші «Aitas» холдингінің құрылғанына 30 жыл толды. Мерейтой аясында компания ұжымы көшпенділер фестивалін өткізу бастамасын көтерді. Бүгінгі құбылмалы заманда көшпенділерге тән икемділік, кез келген жағдайға жылдам бейімделу және өзгерістерге дайын болу қасиеттерінің маңызы еселеп артып отыр. Сондықтан фестиваль тек ұлттық ойындар мен тағамдарды таныстыратын іс-шара емес, көшпенділер философиясын кеңірек түсіндіретін алаң ретінде ұйымдастырылды. Көшпенділер әлемі – тек жарыс, қымыз немесе тағам емес. Оның ішінде болашақ, білім, технология да бар. Көшпенділер философиясының ертеңгі күннің талаптарына қаншалықты сай келетінін осы фестиваль арқылы көрсетуге тырыстық», – деді холдинг құрылтайшысы.
Мәдениеттанушы Зира Наурызбай да көшпенділер мұрасын тек тарихи кезеңмен шектемей, оның қазіргі өмірдегі мағынасына назар аудару қажет екенін атап өтті.
«Біз – көшпенділердің ұрпағымыз. Дәстүрлі мәдениетімізде атақ, абырой, даңқ, ар мен намыс сияқты ұғымдар ең маңызды орында тұрды. Сондықтан бойымызда мақтау мен мадаққа, паңдыққа деген бейімділік бар. Бірақ біз «осындай дүниелердің қазіргі қоғамда пайдасын қалай көре аламыз, оны қоғамымыздың болашағына қалай жұмыс істете аламыз?» деген мәселені талқыладық», - дейді Зира Наурызбай.

Фестиваль аясындағы дәрістер, өнер жобалары, ұлттық ойындар, гастрономиялық бағдарлама мен балаларға арналған кеңістіктер осы байланысты әр қырынан көрсетуге бағытталды. Осылайша Nomad álemi фестивалі үш өңірде ұлттық мәдениет пен дәстүрді заманауи форматта таныстыратын ортақ алаң қалыптастырды. Тарих, өнер, музыка, ұлттық тағамдар, ойындар мен білім беру бағыттары бір бағдарламада тоғысып, көшпенділер мұрасының қазіргі қоғамдағы мәні көрсетілді. Aitas холдингі Nomad álemi фестивалін жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.
Гүлжанат СЕМБАЕВА.