AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Лайфстайл / «Көшпенді мұрасын күллі әлемге танытқым келеді» -...

«Көшпенді мұрасын күллі әлемге танытқым келеді» - шебер  

Лайфстайл Бүгін 10:36 44 Гүлжанат Сембаева
«Көшпенді мұрасын күллі әлемге танытқым келеді» - шебер    
кейіпкердің жеке мұрағатынан

Шынайы шебердің қолынан шыққан әр бұйымда халықтың дүниетанымы көрініп тұрады. Киіз бен текемет музейдегі жәдігер емес, заманауи интерьер мен сән индустриясына еніп келе жатқанын байқаған боларсыз. Қолөнер шебері Ләйлә Жарқын киізден текемет басып, сан ғасырлық мұраны жаңа дәуірдегі өнерге айналдырып жүр. Аqshamnews.kz тілшісі суретшінің шеберханасына арнайы барып, ұлттық өнер мен киіздің қасиеті жайында әңгімелескен еді.

Ләйлә Жарқын – суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, текстиль шебері. Киіз өнерімен айналысып келе жатқанына 20 жылға жуықтаған. Оның туындылары елдегі өнер мұражайларында,Чикаго, Токио, Дубай, Канада мен Еуропадағы жеке коллекцияларда сақтаулы тұр.

Шеберханасына барғаннан кейін Ләйләға қойған алғашқы сұрағымыз неге дәл киіз басу өнерін таңдағаны туралы болды.

«Бәрі әжемнің киізінен басталды»

«Алматы қаласындағы Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде тоқыма мамандығы бойынша білім алып, дәстүрлі қолөнердің бірнеше түрін меңгердім. Бірақ симметриядан гөрі абстракция, еркін форма жаныма жақын болды. Кейін киізді басқа форматта, өнер туындысы ретінде көргенде осы материалмен жұмыс істегім келді. Маған киіз бала күннен жақын болды. Неге десеңіз, әжемнің үйінде қыста үнемі киіз төселіп жататын. Бәлкім, балалық шақтағы естеліктердің, киіздің үстінде өскенімнің әсері болған шығар. Ол маған жылылықтың символындай көрінеді. Киіздің барын  білмей өссем,  бұл өнерге осынша құштар болмас па едім»,  – дейді Ләйлә.

Осылайша, кейіпкеріміз он сегіз жасында алғаш рет жүнді қолмен илеп көргеннен кейін киіз өнерін терең зерттеуге бел буған. Колледж қабырғасында оқып жүрген кезінде америкалық суретшінің көрмесіне тап болып, шеберлік сабағына қатысқан. Бұл көрме Ләйләнің санқырлы қолөнер саласындағы бағытын анықтауға арқау болды.

«Оған дейін мен дәстүрлі киіз өнерін ғана білетінмін. Ал сол көрмеден кейін жүннің мүмкіндігі біз ойлағаннан да  орасан екенін түсіндім. Көрген сәтте оған деген қызығушылығым оянып, осы бағытта білімімді жалғастыруға шешім қабылдадым. Бұл ойымды ұстазым, Тансықбаев колледжінде көркем тоқыма факультетін ашқан Гүлшәрім Мұсақызына айттым. Ол кісі маған профессор, суретші Сәуле Бапановаға баруға кеңес берді. «Мінездерің, шығармашылық энергияларың ұқсайды» деп, білім алуға бағыттады. Сөйтіп, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсіп, Сәуле апайдың шеберханасында білім алдым. Ол жерде киіз басудың техникасын, өнердің ішкі табиғатын, суретші ретінде ойлауды, ұлттық өнерді заманауи форматта ұсынудың жолдарын үйрендім», – дейді кейіпкеріміз.

Суретші өнерге келуінің түп-тамырында бәрібір де әжесінің үйіндегі сол бір киіздің ұшқыны болғанын толқыныспен еске алып отырды.

«2000 жылға дейін туғандар – әжелері киіз басып, текемет тоқығанын көрген соңғы буынбыз. Өйткені, одан бергі жылдары дүниеге келген жастар киізді білмейді»,  – дейді ісмер. 

Ортақ мұра

«Қырғызстаннан, Моңғолиядан оқырмандарым жиі жазады.  Киіз  – түркі халықтарына ортақ мұра. Бірақ әрқайсысының басу әдісі, қолдану ерекшелігі, ою-өрнегі, түсін таңдауы сантүрлі. Дүние жүзіне қазақтың киіз өнерінің қаншалықты терең әрі ежелгі дәстүр екенін танытқым келеді»,  – дейді ол.

Шебер барлық туындысын таза, табиғи, отандық жүннен жасайды. Ісмердің айтуынша, жүнді тазалап, иісін кетіру ұзақ уақыт алады. Сондықтан шеберлер жуылып, тазаланған, иіссіз ақ жүнді пайдаланады. Ал оны бояудан бастап, киізді илеп, дайын туындыға айналдыруға дейінгі барлық жұмыс өзінің қолынан өтеді.

«Киіз басудың басқалардан ерекшелігі – ол тоқылмайды. Өзінің табиғи құрамын бұзбай, қолдың қимылымен иленіп жасалады. Әлемде толық иленетін жалғыз жүн – қойдың жүні ғана. Басқа жүндер иленбейді, иленсе де қойдың жүнімен араластырып жасаймыз. Қой жүнінің бір талшығы шамамен, 8-15 сантиметрге дейін болады. Ыстық сумен жуғанда жүннің ұсақ «тістері» ашылады. Кейін қолмен иленген сайын олар бір-біріне жабысып, біріге бастайды. Тек су, уақыт және қолдың қимылымен жұмыс өнеді. Ал түйенің жүнін алсақ, оны көбіне көрпе, қабырға кілемі сияқты бұйымдарға қолданған. Қазақта түйе жүні киелі саналғандықтан, аяқасты бұйымдарға пайдаланбаған», – деді шебер.

Ләйләнің шеберханасындағы туындыларына қарап-ақ, оның шығармашылығында интерьер мен заманауи кеңістікке арналған дүниелердің басым екенін аңғаруға болады. Шебердің сөзінше, негізінен ол қазір текемет жасаумен айналысып жүр. Ал сырмақты сирек жасайды екен. Тапсырыстардың көбі сән дизайнына арналған дүниелерге түсіп жатыр дейді. Шеберханасын аралап жүріп, текеметтерден бөлек, киізден жасалған тақия, сөмке сияқты бұйымдарды көзіміз шалды.

«Әуел баста мұндай дүниелер жастарды киізбен таныстыру үшін жасалған еді. Тақия мен шопперлерді кейінгі төрт-бес жылда ғана жасап жүрмін. Жастар, тіпті өзімнің іні-сіңлілерім киізді мүлде көрмеген.  Оларға үлкен текемет немесе картина қызық емес болуы мүмкін.  Жас буынның ойы мен өмір салты басқа,  көбіне киімге, стильге, күнделікті қолданатын заттарға мән береді. Қысқасы, тақия мен шоппер жас буынды киізбен таныстырудың жолы болды», –  деді Ләйлә.  

Қолөнер шебері әсіресе, Instagram желісінде танымал, шетелдік оқырмандары да жетерлік. Парақшасының өзінен тұтас өркениеттің исі аңқып тұрады.

«Мен өзімді шеберден бұрын суретші ретінде көремін. Көздеген бағдарым ақша табу емес, жаны бар, тірі әрі өлмейтін дүние жасау. Өнерім масс-маркетке айналса, бірден құндылығы төмендейді. Мысалы, бір текеметке кем дегенде екі-үш апта уақыт кетеді. Бұл тек илеу процесі емес, эскиз жасау тағы бар. Кейбір үлкен жұмыстардың эскизін әзірлеуге екі ай уақыт жұмсаймын. Одан кейін түстерді тауып, жүнді бояймын. Дайын дүниенің сексен пайызы – илеуге дейінгі дайындық. Ал илеудің өзі жиырма пайыз ғана. Ұзақ уақыт жан-тәніңді салып жасаған дүние бәрібір сезіледі, бағаланады», – дейді кейіпкеріміз. 

«Бір текеметке алты ай уақыт кетеді»

Шебердің ең ұзақ уақыт жасалған туындыларының бірі  – Чикагодан тапсырыс берген «Ауылым» атты текеметке Ләйлә бес ай уақытын арнаған. Ал Алматыдан арнайы тапсырыс жасалған «Жеті қазына» текеметіне алты ай уақыт кеткен. Оның екі айы эскизі мен идеясын табуға жұмсалыпты.

«Тапсырыс берушілер текеметтің қандай сезім беретін дүние қалайтынын айтып береді. Содан кейін суретші ретінде ойымдағы параққа түсіріп, образдар құрастырамын».

Иә, шебер киіздің бетіне сурет салып қана шықпайды. Тапсырыс берушінің қалауы мен өзінің шығармашылық көзқарасы бір жерден шығуы үшін барын салады.

«Әсіресе, ұлттық өнерге қатысты жұмыс болған кезде мағынасына сүйеніп, ою-өрнек қолданамын. Егер декоративті немесе реалистік дүние жасасам, астарында тарихи мән жатуы қажет. Өйткені біз, қолөнер шеберлері – өз заманымыз бен болашақтың арасындағы көпір сияқтымыз. Ақпарат бұрмаланып кетпеуі үшін зерттеу өте маңызды», деді суретші.

Сөз арасында Ләйлә Жарқын туындылары мұхит асқанын айтып қалды. Ең қызығы, дайын дүниелерді сатып алатындардың дені – шетел азаматтары екен.

«Мысалы, былтыр Токиоға, Австралияға, Канада мен Англияға бірнеше жұмыс жібердік, Германиядан да жиі тапсырыс түсіп жатады. Әлемнің түкпір-түкпіріне қазақтың төл туындылары жөнелтіліп жатыр», деді ол.

Сәулетші дизайнерлер – өнерді халыққа визуалды түрде жеткізе алатын мамандар. Ләйлә енді интерьер дизайнерлері мен сәулетшілермен бірлесіп жұмыс істей бастағанын айтады.

 «Суретшілер тұйықтау келеді ғой. Өз шеберханасында, өз әлемінде шығармашылықпен айналысып отыра береді.  Сондықтан дизайнерлер, өнертанушылар, галеристер – бізді халыққа таныстырып жүрген мамандар деп ойлаймын. Өнерімізді дәріптеп жүрген де солар», деді ол.

 

«Отбасы – басты тақырыбым»

Ләйлә Жарқынның шығармашылығында декоративті бағыт ерекше орын алады. Оның қазақтың тұрмысы, отбасы жылулығы мен дәстүр сабақтастығын бейнелейтін «Жеті қазына», «Жас жұбайлар», «Тарихана» секілді туындылары осыған дәлел.

«Ауылда, қарашаңырақта отбасы болып шай ішіп отырған көрініс, дастархан басындағы жылулық  – мен үшін ең маңызды тақырыптар», – дейді кейіпкер.

Шебердің шетелдегі алғашқы үлкен сапарларының бірі Абу Дабиде өткен. Өнер академиясының студенті кезінде Сәуле Бапановамен бірге халықаралық конкурсқа қатысып, сырмақпен бірінші орын алған. Кейін Қазақстан суретшілерінің симпозиумы аясында да Араб Әмірліктерінде көрме ұйымдастырған. Сол сапарлар кезінде Ләйлә халықаралық көрмелерді көріп, бір күні сондай алаңдарда өз жұмыстарын таныстыруды армандаған. Араға он жыл салып, бұл арманы орындалды.

Қазақстан консулдығының шақыртуымен Дубайда жеке көрмесін өткізіп, кейін халықаралық көрмеге де қатысқан кейіпкерімізден сұхбатымыздың соңында ендігі арманын сұрадық.

«Ең үлкен арманым – киіз өнерін әлемге одан сайын кеңірек таныту. Бірақ мен үшін ең маңыздысы  – өзіміздің қазақтар осы өнердің құндылығын түсінсе деймін. Киіз – бізге сырттан келген дүние емес, ол біздің тарихымызбен бірге келе жатқан өнер. Сол себепті оны заманауи форматта дамытып, халықаралық үлкен көрмелерде, музейлерде көрсеткім келеді. Киіздің күнделікті қолданысымызға енгенін қалаймын», – деді Ләйлә Жарқын.

Мақала авторы - Гүлжанат Сембаева

Телеграм арнаға жазылыңыз
#шебер #шеберлік #қолөнер #киіз басу #киіз
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Алматылық оқушылар халықаралық олимпиадаларда 2,7 мыңнан астам марапатқа ие болды

Бүгін 11:07

Ауыр эпилепсияға шалдыққан балалар үшін жаңа мүмкіндік: Алматыда жоғары технологиялы ота жасалды

Бүгін 11:03

Зерделі ұлт қалыптастырудағы маңызды қадам – Ғалия Тоқабаева

Бүгін 10:27

«Музей түні» акциясы аясында Алматы музейлеріне 28 мыңнан астам адам келді

Бүгін 10:08

"Халық әуені" әуелейтін мереке

Бүгін 09:02
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
  • alatauaqparat@gmail.com
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);