Әлемді індет жайлап, жұрт үйіне қамалған "карантин" уақытында онлайн сабақ оқыған баланың бәрі компьютер мен смартфонға үйір болды. Онлайн сабақ еліміздің қысы суық аймақтарында әлі күнге болып тұрады. Оған қоса өміріне қажет болар дағдысын дамытсын, басқа тілдерді меңгерсін деген қамқорлықпен баласына онлайн курс сатып алып беретін ата-ананың да қарасы көп. Осының бәрі оқушыны компьютерге матап тастады, сабақ оқып болған соң орындықтан тұрып кететін бала бар ма, олар әрі қарайғы отырысты ойынмен жалғастырады. Денсаулығын ойлайтын санасы әлі жетілмеген бала осындай ұзақ отырыстан тәуелді болып та қалып жатыр.
Гамильтон қаласында орналасқан Макмастер университетінің ғалымдары онлайн ойындарға қатты тәуелді балалар мен жасөспірімдер ұйқының бұзылуына, сондай-ақ семіздік пен жүрек-қантамыр жүйесіне байланысты ауруларға тап болуы мүмкін деген қорытындыға келген.
PLoS One журналында жарияланған зерттеу барысында компьютерлік ойындарға тәуелді, жасы 10-нан 17-ге дейінгі 94 жасөспірімнің денсаулығы сарапталған. Бұл балалардың барлығы емханаларда есепте тұрған және салмақты азайту немесе зат алмасу бұзылыстарын түзету бағдарламаларынан өтіп жүрген. Ғалымдар онлайн ойындарға әуестік пен ұйқының бұзылуы, семіздік және жүрек-қантамыр жүйесінің жұмысы арасындағы байланысты анықтаған.
Зерттеуге қатысушылардың барлығына ұйқы ұзақтығын бақылау үшін арнайы фитнес-трекерлер берілді. Белсенді геймерлердің ұйқысы қарапайым балаларға қарағанда әлдеқайда қысқа болып шықты. Бұл жағдай қан қысымының жоғарылауымен, триглицеридтер деңгейінің артуымен және инсулинге төзімділікпен байланысты болды.

Бұл зерттеу белгілі бір балалар мен жасөспірімдер тобына қатысты жүргізілгенін атап өткен жөн, – деп жазған Science Daily басылымы зерттеудің авторы, доктор Кэтрин Моррисонның сөзін келтіреді. – Сондықтан бұл деректерді барлық халыққа бірдей қолдануға болмайды. Дегенмен, геймерлердің ұйқысының ұзақтығы үштен бірге қысқаратыны бізді таңғалдырды. Ал ұйқының сапасы зат алмасу мен жүрек жұмысы үшін аса маңызды. Семіздікке шалдыққан балалар ересек жаста жүрек-қантамыр және коронарлық ауруларға, сондай-ақ екінші типті қант диабетіне шалдығу қаупіне көбірек ұшырайды. Сол себепті болашақта денсаулыққа қатты зиян келтірмеу үшін дұрыс өмір салтын мүмкіндігінше ерте қалыптастыру қажет.
Ал ҚР ДСМ «Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының» «Санэпидэкспертиза және мониторинг ғылыми-практикалық бөлімі» филиалының санитарлық-гигиеналық мониторинг басқармасының санитар дәрігері Камина Бакелдің айтуынша, бүгінде мұндай балалар семіздікке, психикалық бұзылыстарға жиі шалдығып, көпшілікпен қарым-қатынас орнатуы да қиындайды. Көп жағдайда олар ата-анасынан гөрі виртуалды құрылғыларға көбірек тәуелді болады.

Баланың ұзақ уақыт бойы бір қалыпта отырып, смартфонға еңкейіп қарауы немесе мониторға үздіксіз телміруі дене қалпының бұзылуына әкеледі. Соның салдарынан остеохондроз, омыртқаның қисаюы (әсіресе мойын бөлігі) дамуы мүмкін. Гаджетті ұзақ уақыт қолда ұстап, саусақтармен бірсарынды қозғалыстар жасау салдарынан қол басының патологиялары: байламдардың созылуы, сіңір проблемалары, әсіресе бас бармаққа қатысты мәселелер туындауы мүмкін. Сондай-ақ ми сигналдары мен қол қимылдарының үйлесімі бұзылуы ықтимал. Ал омыртқаның қисаюы ішкі ағзалардың жұмысына кері әсер етіп, жалпы денсаулық пен еңбекке қабілеттілікке зиянын тигізеді. Зерттеулерге сүйенсек, мысалы, америкалық ғалымдардың деректері бойынша, жатын бөлмесінде интернетке кіруге рұқсат етілген балаларда артық салмақ пен семіздік 30 пайызға жиі кездеседі. Ал кей жағдайларда компьютерде жұмыс істеп немесе ойын ойнап отырған бала беріліп кетіп, тамақ ішуді де, су ішуді де ұмытады. Соның салдарынан ас қорыту жүйесінің жұмысы бұзылып, дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігі пайда болады. Зат алмасу процесі зардап шегіп, интеллектуалдық қабілеттері төмендейді. Бұл өз кезегінде баланың компьютер алдында одан да көп уақыт өткізуіне әкеледі. Осылайша семіздікке, ұйқысыздыққа және жүйке жүйесінің бұзылыстарына ұшырайды.", – дейді дәрігер.
Компьютермен жұмыс істеу кезіндегі санитарлық нормалар
Оқу сағаты барысында дербес компьютермен, планшетпен, ноутбукпен үздіксіз жұмыс істеу ұзақтығы төмендегідей болуы тиіс:
1. мектепке дейінгі топтарда және 1-сыныпта – 15 минуттан аспауы керек;
2. 2–3-сыныптарда – 20 минуттан аспауы керек;
3. 4–5-сыныптарда – 25 минуттан аспауы керек;
4. 6–8-сыныптарда – 25 минуттан аспауы керек;
5. 9–11(12)-сыныптарда – 30 минуттан аспауы керек.
Компьютер және ноутбуктпен тікелей жұмыс істеудің жалпы ұзақтығы 2 сағаттан аспауы тиіс. Жұмыс барысында әр 20–25 минут сайын көзге арналған жаттығулар, ал әр 45 минут сайын үзіліс кезінде дене шынықтыру жаттығулары сияқты алдын алу шаралары жасалуы тиіс.
Отырып жұмыс істейтін кеңсе қызметкерлерінде жиі кездесетін мәселелер:
Отыратын жұмыс – бұл жай ғана «қимылдың аздығы» емес. Ол денсаулыққа төнетін бірқатар қауіп, әсіресе суық мезгілде жалпы белсенділік төмендеп, зат алмасу баяулап, калориясы жоғары тағамдарға әуестік артады.
Зат алмасудың баяулауы. Қимыл-қозғалыс азайған кезде ағзаға энергия аз қажет болады. Алайда жаздағыдай тамақтану жалғаса берсе, артық калория «қорға» жиналады.

Салмақ қосу. Күніне қосымша 200–300 ккал қабылдау айына 1,5–2 кг салмақ қосуға әкелуі мүмкін. Артық салмақ көбіне іш тұсына жиналып, бұл денсаулық үшін аса қауіпті болады.
Энергия деңгейінің төмендеуі. Жылдам көмірсулардан тұратын тіскебасарлар қандағы қантты күрт көтеріп, кейін дәл солай төмендетеді, соның кесірінен шаршау, әлсіздік, зейіннің төмендеуі байқалады.
Асқазан-ішек жолы мәселелері. Қозғалыстың аздығы мен дұрыс емес тамақтану іштің кебуіне, ауырлық сезіміне, одан әрі іштің қатуына себеп болады. Жылдам көмірсулар мен майлардың артық мөлшері бауыр мен жүрек-қантамыр жүйесіне салмақ түсіреді, қандағы қант пен холестерин деңгейін жоғарылатады.
Отырып жұмыс істейтін кеңсе қызметкерлеріне кеңес
Егер күніне 6–10 сағатты жұмыс үстелінде өткізсеңіз, дұрыс тамақтану сіз үшін денсаулықты сақтаудың басты құралдарының бірі.
1. Тағамның көлемін азайтпай, калориясын төмендетіңіз. Суық кезде тәбет артады, ал энергия шығыны азаяды. Шешімі – тойымды, бірақ жеңіл тағамдар (мысалы, көкөністер) жеу.
2. Күрделі көмірсулар мен ақуыздарға басымдық беріңіз. Тұтас дәнді нан, ботқалар, бұршақ тұқымдастар, тауық еті, балық, жұмыртқа, сүзбе ұзақ уақыт тоқтық сезімін және тұрақты энергияны қамтамасыз етеді.
3. Жылдам көмірсуларды шектеңіз. Тәттілер, нан өнімдері, тәтті сусындар қысқа уақытқа ғана күш береді, кейін энергия күрт төмендеп, қайтадан тамақ жеуге құштарлық пайда болады.

4. Макронутриенттердің теңгерімін сақтаңыз. Рационды маймен шамадан тыс ауырлатпау маңызды. 40% көмірсу : 30% ақуыз: 30% май мөлшерін тұтынған жөн.
5. Рационға талшықты көбірек қосыңыз – көкөністер, кебек, бұршақ тұқымдастар, тәтті емес жемістер. Талшық ас қорытуға көмектеседі, аштық сезімін азайтады және ішек микрофлорасын жақсартады.
6. Тамақтану режимін сақтаңыз. Кешке дейін аш жүріп, бірден көп жеуден гөрі, күніне 3–4 рет аз мөлшерде тамақтанған дұрыс. Тұрақтылық – энергияның тұрақты болуының кепілі.