Бізде жасыл энергетиканы дамыту, газдандыруды жедел жүргізу және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы мың мәрте айтылып, сол бағытта ұлан-асыр істер атқарылып жатқанына қарамастан көмір өндірісі кенжелеп қалған емес. Жоғарыда айтылған әдемі бастамалардың әзір жүзеге аса қоймайтынын, көмірдің әлі бізбен ұзақ жыл бірге жасайтынын аңғарамыз. Бүкіл электр энергиясы мен жылудың 70 пайызы көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларынан таратылып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Еgemen.kz мәліметіне сүйенсек, былтыр елімізде 118 млн тонна тас көмір өндірілді. Бұл – кейінгі онжылдықта тіркеліп отырған ірі көрсеткіштердің бірі. Сөйткен көмірдің бағасы қымбаттауға айналды. Тіпті бірқатар өңір әкімдігі көмірді қазір сатып алуға кеңес бере бастаған. Өйткені қыс таяғанда көмір кен орындарында шақырымдаған кезек орнайды. Дүрбелеңнің алдын алудың жолы – қазірден қамдану.
Дәл іргесінде Қаражыра көмір кен орны тұрған Шығыс Қазақстан облысының өзінде көмірдің тоннасы әлеуметтік осал санат үшін 13,5 мың теңгеге саудаланса, негізгі баға 14-21 мың теңге аралығында құбылады. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, еліміздің ірі қалаларында биыл сәуірде көмір тоннасына 15,8 мың теңгеден, Өскеменде – 13,7 мың, Семейде – 13,3 мың, Қарағандыда – 14,2 мың, Павлодарда – 14,6 мың, Көкшетауда 15,1 мың теңгеден сатылған. Оңтүстік пен батыс өлкелердің халқы тіпті қымбатқа сатып алады. Ең қымбат баға – 21 мың теңге Түркістанда тіркелген.
Energyprom дерегіне ден қойсақ, тас көмір бағасының ұдайы өсіп келе жатқанын көреміз. 2022 жылы маусымда тұтынушылық бағалардың жылдық өсімі 9,2 пайыз шегінде болса, биыл жаздың бірінші айында 13,1 пайызға жеткен.
«Көмірдің қымбаттауына бірнеше себеп бар. Соның бірі – көмір өндіруші компаниялардың бағасын көтеруі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, былтыр негізінен жеткізушілердің сату бағасы айтарлықтай өскен. 2022 жылдың маусымынан биыл ақпанға дейін қымбаттау жылдық мәнде 20 пайыздан асты. Кейбір айларда – 2022 жылдың шілде-тамызында баға тіпті 24 пайыздан жоғарылады. Биыл көктемнен бастап төмендеу байқалады. Ескере кетер жайт, өндіруші кәсіпорындар бағасының жоғары индексі тұтынушылық бағалар индексімен салыстырғанда түпкілікті бөлшек бағаға айтарлықтай әсер етпейтінін көрсетеді. Өндірушілердің босату бағасы тұтынушыларға ұсынылатын ақырғы бағадан 3-4 есе төмен», деп мәлімдейді «Energyprom».
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) хабарлауынша, бізде көмірді еншілес делдалдар арқылы сату тәжірибесі әлі жалғасып келе жатыр. Соның салдарынан елдегі көмір бағасы орташа 40-45 пайызға қымбаттамақ. Энергетикалық көмір энергия өндірушілер мен өнеркәсіптік кәсіпорындарға тікелей сатылса, коммуналдық-тұрмыстық көмір делдалдардың желілері арқылы саудаланады. Яғни көмір өндіруші компаниялар биржалық сауданы пайдалануды жөн көреді.
«Онда ірі көлемде (3 млн тоннаға дейін немесе жылдық жөнелтілім көлемінің 71 пайызына дейін) бірнеше жыл ішінде өзгермейтін, шектеулі жеткізушілерге (2-ден 17-ге дейін) бірнеше минут ішінде сатылып кетеді. Монополияға қарсы зерттеу нәтижесі көрсеткендей, 2019 жылы жасалған мәмілелердің 90 пайыздан астамы тиісті төлеммен де, жөнелту жолымен де қамтылмайды. Мұндай делдалдарда арнайы инфрақұрылым (қоймалар, тиеу-түсіру техникасы және т.б.) болмайды. Делдалдар көмірді сауда кезінде 100 пайызға дейін жететін ақы қосып сатады», делінеді агенттік түсіндірмесінде.
Тағы бір мысал, «Шұбаркөлкөмір» АҚ 3,2 млн тонна көмірді сатылымға шығарған және оны бірнеше минут ішінде-ақ 16 өңірлік оператор (жылдық жөнелту көлемінің 26 пайызы) мен 10 делдал (74 пайызы) сатып алған.
«Қаражыра» АҚ да өткен жылдың желтоқсанында тауарлық биржада саудаға қатысқан. Семейлік компания 120 мың тонна көмірді тоннасына 6,5 мың теңгеге бағалап, «Халық Көмір» ЖШС-ға сатқан. Бұл ЖШС сол көмірдің бір бөлігін биржа арқылы «Халық Көмір» ЖК-ге тоннасына 12,6 мың теңгеден саудалаған. Екі есе баға қосқан. Бұл ретте «Халық Көмір» ЖШС меншігінде не теміржол тұйықтары, не техника, не жүктеу-түсіру көлігі жоқ екенін айта кетейік. Бұдан бөлек, түпкілікті тұтынушыға жетем дегенше көмір құны еселене түседі, себебі оған теміржол қозғалысының қызмет көрсету құны, тұйықтардың арендасы, өңірлік компания жұмысшылары мен автотасымалдаушылардың еңбекақысы қосылады.
«Осындай өзара сөз байласудың алдын алу үшін Бас прокуратура тиісті шара жүргізді. Тексеріс бағаны жасанды жолмен көтерген «Шұбаркөлкөмір» АҚ, биржалық компаниялар және ірі сатып алушыларды қамтыды. «Шұбаркөлкөмір» АҚ-ның 2022 жылы коммуналдық-тұрмыстық көмірді тоннасына 6,2 мың теңгеден сатқаны анықталды. Әрі қарай өңірлік операторлардың көмірді сату бағасы тоннасына 11-17 мың теңге аралығында құбылған. Тасымалдаушы көліктерден ақырғы сатып алу бағасы тоннасына 25-30 мың аралығында қалыптасқан. Осылайша, тұтынушылар үшін түпкілікті шығын оны бастапқы сату құнынан 3-4 есеге артады», деп мәлімдейді БҚДА.
Бұл ретте БҚДА көмір нарығындағы бәсекелестікті дамыту жөніндегі Жол картасын қабылдады. Онда биржалық сауда-саттық үлесін 50 пайызға дейін ұлғайту көзделген. Мұндай мөлшердегі тауар делдалдарға емес, тікелей тиісті инфрақұрылымы бар көмір өндірушілеріне сатылады делінген.
Қорыта келе, еліміздің көмір нарығы өзге нарықтар секілді монополия батпағына батып тұр деуге негіз бар. Ірі үш жеткізушінің («Богатырь Комир» ЖШС, «Қаражыра» АҚ және «Шұбаркөлкөмір» АҚ) үлесі былтыр 80 пайызды құраған. Агенттік дерегінше, бұл – 2019 жылдан бері тіркеліп отырған ең жоғарғы көрсеткіш.
Ірі бизнеске бағдарланған және делдалдарға көмір өткізуді қамтамасыз ететін «ыңғайлы» биржаларды жою мақсатында агенттік биржалық саудамен айналысуға арналған лицензиядан айыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Осылайша, тауар биржалары туралы заңнаманың бұзылуына байланысты БҚДА әкімшілік құқық бұзушылық туралы 19 іс қозғап, 6 тауар биржасы өз қызметін тоқтатқан. Оның төртеуі тексеру алдында ерікті негізде және екеуі сот шешімі бойынша жұмысын доғарған.
2022 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықта 81,4 млн тонна көмір тұтынылған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 5,7 пайызға көп. Сарапшылардың бағамдауынша, көмірге деген сұраныс жақын арада бәсеңдемейді. Демек баға шуы да әлі біраз жалғасады деген сөз.