Бүгінгі таңда жанармай бағасының көтерілуі қарапайым халықтың қалтасына салмақ салғаны анық. Сондықтан ел Үкіметі тиісті шараларды қабылдауда, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.
Өткен жылдың тамыз айында тапшылықты азайту үшін дифференциалды баға яғни шетелдіктерге литріне 450 теңгеден сату бекітілген. Сонымен қатар лимиттер енгізіліп, тәулігіне 300 литрден артпауы тиіс болған. Жанармайды темір жол және көлікпен шығаруға тыйым салынып, жанармайды тікелей жанармай станцияларына сатуға міндеттейтін заңнамалық нормалар қабылданды. Мұнайды жеткізу және мұнай өнімдерін сату кезіндегі өнімсіз делдалдар алынып тасталды. Бірақ жұмыртқадан жүн қырыққан пысықайлар барлық шектеулерге қарамастан, «көлеңкелі экспорт» арқылы жанармайды жолын тауып шекарадан шығарып отырған. Салдарынан елімізде тапшылықты болдырмау үшін Үкімет шұғыл түрде қымбат импорттық отынды сатып алу туралы шешім қабылдаған.
Энергетика саласы мамандарының пайымына сенсек, осындай төмен бағаларды сақтап қалсақ, зауыттар қанша жанармай өндірсе де, ішкі сұранысты қамтамасыз ете алмайды екен.
Екіншіден, бағалар арасындағы айтарлықтай айырмашылыққа байланысты көрші елдерге «ағын» жалғаса береді. Екі ортада делдал жасап үйренгендер көрші елге сатуды көлемін одан сайын артыра түседі. Үшіншіден, жанармай бағасындағы диспропорция «көлеңкелі» нарықты дамытып, ұлттық экономикаға кері әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті.
Төртінші, жанармайға төмен бағаның сақталуы мұнай-газ саласына инвестиция тарту, оны дамытуға, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, ресурстық базаны толықтыруға мүмкіндік бермейді.
Осындай жан жақты себеп салдарынан ішкі нарықтағы жанармай жағдайын тұрақтандыру үшін Қазақстанның көрші елдермен салыстырғандағы бағадағы айырмашылықты төмендету қажеттілігі туындады. Сондықтан бөлшек саудадағы жанармай бағасын көтеру қажеттілігі туындаған.
Еске сала кетсек, АИ-92 и АИ-93 маркалы бензинге бағаны литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін көтерілетіні, ал дизель отынының бағасын 295 теңгеге көтеру туралы шешім қабылданған. Қазір өңірге байланысты баға 230 теңгеден 260 теңгеге дейін болып тұр.