ҚР Ұлттық кітапханасының Үлкен залында «Тұлға боламын» атты республикалық кітап оқу сайысының қорытындысы өтті.
Аталмыш іс-шараны «Шұғыла» қоры мен «Дария» дамыту орталығы ұйымдастырған. Осымен 3-ші рет ұйымдастырылып отырған шараға 120 мыңнан астам адам қатысқан. Сайыста мектеп оқушыларының арасындағы ақпараттық қолдауды Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы жүзеге асырды. Сайысқа 4 оқушылар және 1 ересектер тобы бақ сынасқан.
«Жалпы, қай кезеңде болмасын, қазақ қоғамы ағартушылыққа көңіл бөлген. Мектеп жоқ кезеңдерде мектептер салынып, ауыл балаларын мектепте оқытқан. Әр заманның байлар институты болған. Қазіргі таңда оларды демеушілер деп айтамыз. Мемлекеттен ешқандай қаржы алмай-ақ, 120 мың бала қатысатын шара ұйымдастыратын. Бұл жобадан білім де алып, жеңіске де жете аласыздар. Мәшһүр Жүсіптің мынандай бір сөзі бар: «Құдайдың жақсылығы басыңда тұр» дейді. Расымен-ақ, миымызды дұрыс жұмыс істетудің арқасында қаншама жетістіктерге жетуге болады. Кітап оқып өскен ұрпақтарымыз еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосады деп сеніммен айта аламын. Бұл жобаның болашағы зор болады деген сенімдемін. Тек қазақ даласын қамтып қана қоймай, барша түркі елдерін қамтиды деген сенімдемін»,– дейді Алматы қаласының Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Əр топтың кітаптары да, жүлделері де бөлек болды. Сайысқа қатысушылар қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеті классиктерінің кітаптарын оқудан жарысты. Олардың әрқайсысы 3 кезеңде 3 кітапты оқып бітіріп, әр кезеңнің соңында кітап бойынша онлайн тест тапсырған.
«Сайыстың басты мақсаты – жастардың кітап оқуға құштарлығын ояту, оқушылар арасында кітап оқу дағдысын қалыптастыру, әрі жандандыру. Сол арқылы төл құндылықтарымызды жастарға насихаттау. Өткен маусымның бас жүлдегеріне Нұр-Сұлтан қаласынан 1 бөлмелі пәтер берілді. Сайыстың басты жүлделері: Ыстамбұлға саяхат, MacBook, iPad, Apple Watch жəне басқа да бағалы сыйлықтар таратылды. Бұл сайыс қазақ әдебиетін қолдап, оның оқырмандарын көбейту мақсатында ұйымдастырылды. Кітап оқыған әрбір азамат болашақта тұлға болады деп сеніммен айта аламыз»,– дейді «Шұғыла» қоғамдық қорының президенті Сәрсенбек Иманбаев.
Сайысқа қатысу тегін болды. 3 кезеңнен тұратын сайыстың бірінші маусымына 50 мың, екінші және үшінші маусымдарына 120 мыңнан астам сайыскер тіркелген. 3 маусымда оза шапқандары Айдана Қайырбекова, Айша Кәдірхан, Шынарбек Ерсұлтан, Болат Нұрзада есімді оқушылар жеңімпаз атанып бағалы сыйлықтарға ие болды.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, әдебиеттанушылар мен БАҚ өкілдері, мектеп ұстаздары мен шәкірттері қатысты.