Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасында «Зерделі ұлт: кітап оқу мәдениетін дамытудың өңірлік моделі» атты «дөңгелек үстел» өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Іс-шара Президенттің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын насихаттау және жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды.
Басты мақсат – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, оқырмандық белсенділікті арттыру, ұлттық әдеби мұраны дәріптеу және жастардың рухани-мәдени дамуына қолдау көрсету.
«Дөңгелек үстелді» кітапхана жетекшісі Ғалия Сламбайқызы ашып, кітапхана қызметін жаңғырту және автоматтандыру, зерделі ұлт қалыптастыруға бағытталған жаңа жобалар жөнінде сөз қозғады.
«Бұл кездесу – тәжірибе алмасу алаңы, ортақ мақсат жолында күш біріктіретін маңызды басқосу. Себебі, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – тек кітапханашылардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті», – деп атап өтті директор.
Іс-шара барысында өңірлік кітапханалардың үздік тәжірибелері таныстырылып, кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жаңа бастамалар мен жобалар ұсынылды. Әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Алғабек Хамитұлы Мемлекет басшысының кітап оқуды ұлттың интеллектуалдық дамуының басты тетігі ретінде қарастыратынын атап өтті. Ол кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау мақсатында бірнеше ұсынысын ортаға салды.
Алғашқы ұсынысы – «Кітаппен сауығу» жобасы. Оның айтуынша, ауруханаларда адамның тәнін дәрі емдесе, рухани жан дүниесін кітап емдейді. Осыған байланысты медициналық мекемелерде кітап бұрыштарын ашып, электронды кітаптарға қолжетімділікті арттыру қажет екенін жеткізді. Екінші ұсыныс – «Әділет кітапханасы» бастамасы. Бұл жоба аясында сот және прокуратура мекемелерінде арнайы кітап сөрелерін орналастырып, оларды әдеби шығармалармен толықтыру ұсынылды. Мұндай бастама азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырып, парасатты қоғам қалыптастыруға ықпал етеді. Үшінші ұсыныс – «Әр облыстан бір кітап» жобасы. Аталған бастама бойынша әр өңір өзінен шыққан көрнекті тұлғаның бір еңбегін ұсынып, сол кітапты насихаттауға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру көзделеді.
Сонымен қатар, Алғабек Хамитұлы Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы тарапынан оқырманға ұсынылатын он кітаптың тізімі әзірленетінін атап өтті. Осы еңбектер негізінде түрлі мекеме арасында оқу марафондары ұйымдастырылып, жыл соңында үздік оқырмандарды анықтау жоспарланып отырғанын жеткізді.
Жанболат ЖАҚЫМАН, тағылымдамадан өтуші