Кішкентай жүректер ауырмасын!

Кішкентай жүректер ауырмасын! Сурет: Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы

Ақ халатты абзал жандардың ішінде үнсіз еңбек етіп, өз ісімен ғана көзге түсетін жандар болады. Солардың бірі – Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Кардиореанимация бөлімінде он үш жылдан бері мейіргер болып қызмет етіп жүрген Жомарт Сабырұлы АХШАЕВ. Ол тек кәсіби маман ғана емес, жүрегі жұмсақ, сабыры мол, жанын сала жұмыс істейтін нағыз мейірбан жан. Дәрігерлер мен Балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында біз онымен балалардың денсаулығы, ауыр дертпен күрес, ата-ананың рөлі мен мейіргер мамандығының мәні жайлы әңгіме құрдық.

 

– Жомарт мырза, ақ халаттылардың қатарынан көріну бала күнгі арманыңыз ба еді? Алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз…

– Мен 1984 жылы Жаркент қаласында дүниеге келдім. Әке-шешем сол жақта тұрады, әлі күнге дейін туған жерден алыстамаған қарапайым адамдар. Өзім 2003 жылы Алматы қалалық медициналық колледжіне оқуға түсіп, 2007 жылы тәмамдадым. Содан бері медицина саласындағы еңбек жолым басталды. Алғашқы бес жыл Орталық клиникалық ауруханада ересектер бөлімінде еңбек еттім. Кейіннен 2012 жылы Педиатрия орталығында кардиореанимация бөлімі ашылғанда, балалармен жұмыс істеуге бет бұрдым. Сол кезден бері бала жүректерімен бірге өмір сүріп келемін.

– Балалармен жұмыс істеу ересектерге қарағанда өзгеше шығар...

– Иә, олар – басқа әлем. Балада арам ой болмайды. Олардың жаны таза.  Дәрігерлерге сеніммен қарайды. Олар ауырса – шынымен ауырады. Күлімдесе – шын жүрегімен күлімдейді. Мұндай сәттер бізге де күш береді. Бала тез сауығады, өйткені ол өмірді қалайды. Ал үлкен адамдар кейде өзінен үміт үзіп алады…Ал балалар – керісінше, өмір сүру үшін күреседі. Сол себепті ем де жақсы сіңеді, тез жазылып кетеді. Әрине, бұл ата-ананың қолдауына да байланысты.

– Жұмыс кезінде жанарыңызға жас толған сәттер болды ма?

– Иә… Ең есте қалған оқиғам – Алмас деген жігіт болды. Ол кезде ересектер бөлімінде жұмыс істеп жүргенмін. Достары оны екі күн бойы таппай қалып, МЧС шақырады. Пәтерге кіргенде, ес-түссіз жатқан. Басынан қатты жарақат алған екен. Соққы. Мидың ішіне қан құйылған. Алты ай бойы біздің реанимацияда жатты. Шешесі – қарапайым жұмысшы. Күнде кешке келіп, үнсіз жылайтын. Ал жігіттің қалыңдығы күн сайын реанимацияның алдына келіп, екі сағаттай отырып қайтатын. Күнде-күнде. Ешкімнен ештеңе сұрамайды, не кетіп қалмайды. Тек күтеді. Үнсіз үміт... Кейін Алмас есін жиды. Одан кейін тағы бір нейрохирургиялық ота жасалды. Сол кезде қайта кездестік. Уақыт өтті. Бір күні аурухана сыртына шықсам, қарсы алдымда Алмас тұр. «Жомарт аға, мен үйлендім. Сол қызға… Ол мені күтті», – деді. Сол мен қарап, күтіп, емдеген пациентімнің бақытты сәті әлі есімнен кетпейді. Қатты қуанған едім. Иығынан қағып, бақыт пен ұзақ ғұмыр тіледім.

– Мұндай ауыр бөлімде жұмыс істеу үшін қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?

– Ең алдымен сабыр. Бұл жерде эмоцияға берілсең, жұмыс істеу қиын. Әр баланың жағдайы ауыр, бірақ біз бар күшімізді салып, аман алып қалуға тырысамыз. Бірте-бірте етің үйренеді. Бірақ әр сәтің маңызды – кейде бір минут кешіксең, бала өміріне қауіп төнеді.

– Жұмыстарыңыз маңызды болса да, көп көзге түсе бермейсіздер. Бұл ауыр тимей ме?

– Біз даңқ үшін емес, жан үшін жұмыс істейміз. Баланың тынысы қалпына келіп, ананың көзіне күлкі оралса – біз үшін сол жетістік. Мейіргердің міндеті – дәл, жүйелі, шын көңілмен күтім жасау. Дәрігердің тағайындауын үлкен жауапкершілікпен, тиянақты орындау.  Баланың жағдайын сағат сайын бақылау, дәрісін уақытылы беру, дәретіне дейін тіркеу, жөргегін ауыстыру, суын өлшеу… Бұл – қарапайым іс емес. Бұл – өмір үшін күрес.

– Баланың жылауы кейде бізге түсініксіз көрінеді. Сіздер қалай анықтайсыздар?

– Бала бекерден-бекер жыламайды. Әрбір мазасыздықтың себебі бар. Мейлі ол ішкі ауру, мейлі жөргегі ауысатын уақыт... Біз бәрін тексереміз. Себебі бала сөйлемейді, ол тек жылау арқылы сырын жеткізеді. Сондықтан бізге қырағылық пен сезімталдық аса қажет.

– Ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы – сабыр және дәрігерлерге сенім. Ата-ана күмәнданса, балаға да кері әсер етеді. Екіншіден, бала – нәзік. Оны ұрсып емес, түсіністікпен тәрбиелеу керек. Дәріні уақытында беру, жақсы күтім жасау – бәрі өте маңызды. Біз балаңыз үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Сабырлы болыңыздар. Балалар ата-анасының күйін сезеді. Егер сіз күйзелсеңіз – бала да күйзеледі. Ал бізге керегі – сіздің сабырыңыз мен балаңызға сеніміңіз» деп айтар едім.

– Сіздіңше, мейіргер мамандығы қандай құрметке лайық?

– Біз көзге көп көріне бермейміз, бірақ біздің жұмыс – тіршілікпен тең. Ауыр, әрі жауапты. Айлығымыз жоғары емес. Бірақ бұл – жүректің ісі. Егер мейіргер болам десең, жаныңда мейірім, бойыңда төзім, ал жүрегіңде сенім болуы керек.

– Уақыт бөліп, жүрекке жылы әсер қалдырған әңгімеңіз үшін алғыс айтамыз. Сіз сияқты жанкешті, сабырлы мамандардың еңбегі – балалар денсаулығының ең сенімді тірегі. Қызметіңізге табыс, ал шаңырағыңызға амандық тілейміз!

 

 Сұхбаттасқан Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

10:21

20:29

20:25

18:55

18:00

17:47

17:37

17:20

17:11

17:10

16:21

16:09

15:51

15:18

15:16

15:14

15:10

15:07

14:28

14:27

14:25

14:20

12:41

12:36

12:31