Алматыда тоғыз аумақтық сайлау комиссиясы – бір қалалық және сегіз аудандық жұмыс істеуде, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Таңертеңнен бері Алматы тұрғындары Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс беруге келіп жатыр. Сайлау комиссиялары мүшелерінің айтуынша, көптеген учаскеде белсенділік жоғары. Қала тұрғындары отбасымен келіп, кейбір учаскелерде кіреберіс пен дауыс беру кабиналарының алдында кезек қалыптасқан. Әсіресе ерлі-зайыптылар мен аға буын өкілдері белсенді дауыс беруде. Көпшілік үшін сайлауға бару отбасылық күннің бір бөлігіне айналып отыр.
«Дауыс бергеннен кейін жастардың учаске маңындағы алаңда өтіп жатқан спорттық жарыстарға қосылғанын көрдім. Кейбірі TikTok үшін болар, кіреберістің алдында музыка қосып, би билеп, видео түсіріп жүр», — дейді Алмалы ауданының тұрғыны.
Алғаш рет дауыс берушілер де ерекше назарда. Олар өз сайлау құқығын алғашқылардың бірі болып жүзеге асырып қана қоймай, арнайы дайындалған бағдарламаға да қатысуда. Учаскелерде фотоаймақ жұмыс істеп, интерактивті іс-шаралар өтіп жатыр, ал қатысушыларға естелік сыйлықтар әзірленген.
Еске салайық, Алматыда тоғыз аумақтық сайлау комиссиясы – бір қалалық және сегіз аудандық жұмыс істейді.
Дауыс беруді ұйымдастыру мен өткізуге учаскелік сайлау комиссияларының 4 658 мүшесі және аумақтық сайлау комиссияларының 63 мүшесі жұмылдырылған. Жалпы қаладағы сайлау жүйесінің жұмысын 4 721 адам қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар 179 сайлау учаскесінде «электрондық үкімет» порталы арқылы тіркелген жері туралы мәліметтерді тексеруге арналған онлайн-сервистер қолжетімді. Егер сайлаушы өзін тізімнен таппаса, мекенжай анықтамасын алып, соның негізінде тиісті учаскенің сайлаушылар тізіміне енгізіле алады.