Көңіл күнделігі
Қазір тойды жарыса жасау сәнге айналды. Жағдайға қарап жүрген ешкім жоқ. Бәрібір той жасап қалғысы келеді. Бірақ оны қалта көтерсе игі ғой.
Бұл жолы қазақ тойының жай-күйін айтуды жөн көреміз. Өйткені, тойдың бұрынғы, бүгінгі, ертеңгі бағыт-бағдарын айқындап, талдау қажет. Себебі, той – өмір. Адамзат ғұмырының ең керемет әрі ғажап шағы. Сондықтан бірқатар ойларды түйіндеп, жүйелегіміз келеді.
Сананың тыныш кезі
Тұрмысы қиын тоқсаныншы жылдарда ауылда есіктің алдына той істейтін. Арнайы шатыр тігіп, мектептің үстелі мен орындығын алдыртатын. Дастархан толы бауырсақ, күлше, кәмпит, қолдан жасалған тәтті, дәмді сусындар қойылатын. Төрге мақтамен жас-жұбайлардың есімдерін жазатын. Құда да, құдағи да тыныш-тұғын.
Тойдың дастарханы түгел абысын-ажын, жеңгелердің мойнында еді. Мал сою, бас-сирақты үйіту, көпшілікке ас пісіру ер-азаматтардың құзыретінде болатын. Балалар жағы болсақ, бауырсақ тасығанға мәз боламыз. Кейде өзімізден кіші іні-қарындастарымызды қарап қалатынбыз. Бозбала мен бойжеткен болса білдірмей, үлкендер көзіне түспей тойда танысып, табысып жататын.
Ол уақытта қыздың артынан хабаршы, қуғыншы жіберілетін. Кешірім жүретін, азын-аулақ қалыңмалға ірі қара немесе кішігірім қаржы берілетін. Келін келетін күні шапқылап, түнімен келіншекті күтіп біз, балалар ұйықтап қалатынбыз. Ертесіне беташар болады. Сонда бет ашқанда атыңды атаса, жадырап, жымиып қалатынбыз. Неткен керемет десеңізші?! Осылайша бәрі мәз-мейрам болып той өтетін. Ертесіне «құдайға шүкір» беретін.
Сол кездерде ешкімнің көңілінде дық болмай, баршасы шат-шадыман болып үйлену тойын өткізетін. Бәлкім, ол шақтарда қоғамдық сана ғаламтормен уланбаған болар. Қысқасы, нағыз ғажап шақтар әлі естен кетпейді.
Араласқан шақ
2000 жылдардан бастап тұрмыс түзеле бастады. Жұрт жағдайын түзеді. Үлкен үйлер сала бастады. Тәуір көлік мінетін шама пайда болды. Бай мен кедей аражігі ажырай түсті. Қолынан келгендер жаппай қалаға қоныстанды. Жаңа буын, жаңа ұрпақ өсті. Бұрынғы кеңестік шақты көрмеген, тіпті есінде жоқ адамдар шоғыры молайды. Сөйтіп, тойды басқаша өткізгісі келетіндер көбейді.
Бұрын тойды ауылға белгілі бірен-саран тілге, сөзге шешен, домбыра тартып, ән айта алатындар басқара беретін. Тіпті, абырой үшін азын-аулақ ақыға той басқара беретін. Енді ондайлардың ауылы алыстады. Бұрынғыдай кез келген ішімдік ішілмейтін болды. Сол кездерден бастап «халал той» деген термин қолданысқа енді. Әр нәрсе қаржыға тірелді. Жұрт кредит алып той жасайтын заманға жетті. Осыдан бастап мейрамханада той жасау, әнші-биші, арнайы асаба жалдау үрдіске айналды.
Бұлыңғыр кезең
Қазіргі қоғамдық сана мүлде өзгерген. Көбіне сыртқа еліктеу көп. Қыз бен жігітті үйлендіру салтына қарап отырсаңыз, жаңа заманға қарай бейімделгендігін білдіреді. Мұны жақтаушы және даттаушы тарап бар. Бір топ ғалымдар ескі сүрлеуді, ата-баба жолын қалайды, сол қалпында ұстауды құптайды. Ендігі тарап – заман бір орнында тұрмайтындығын, жаңа көзқараста болу керектігін меңзейді. Қос тараптың да пікірін осал деп айтуға келмес. Яғни «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенге саяды.
Қазіргі қоғамдық санадағы үйлену ғұрпының бейнесі өзгеріске ұшырап келеді. Мұны негізінен үшке бөліп қарастыра аламыз.
Дәлірек:
- Бірінші тарап – үйленудің түпкі генезисін сақтауды құптайды.
- Екінші тарап – өзге әлем мұсылманшылық негізге бейімдеп, ұқсатып той рәсімдерін жасағанды жөн көреді.
- Үшінші тарап – бүгінгі батыс еуропалық стандарттар негізінде үйлену өзгерген трансформацияға түскен заманауи аспектіге той жасағанды дұрыс деп санайды.
Бүгінде тойға барудан жалығатындар көбейіпті. Өйткені, онда бара берсе ақша кетеді, бармаса ұят деп санайды. Әркім ұл-қыз өсірген соң ол күннің өзінде де боларын ойлайды.
P.S: Түйіндеп айтқанда, адамзаттың ең жарқын көрінісі, әрі өтпелі кезеңі балалықтан үлкен өмірге өз жұбын тауып, бірге қадам басатын ерекше сәті, ол – үйлену сәті. Негізінен, үйлену тойының қызметі – екі жастың табысып, болашақ өмірге ашқан шымылдығы деп бағалауға толық негіз бар.