ffin.kz

Жүргізушіге жүйке қажет

Жүргізушіге жүйке қажет aqshamnews.kz

Қазақтың «Еңбектің наны тәтті» деген нақыл сөзі қашан да өзекті. Шынымен де, кейде қарапайым еңбек адамдарының еңбегі еленбей қалып жатады. Дегенмен, олардың қоғамға қосқан үлесі өте зор. Бүгінде тұрмыс қамын ойлап, таңның атысы мен күннің батысы жұмыс істейміз. Әсіресе, үлкен қалаларда жан бағу оңай емес. Қоғамның ең қажетті қызметтерінің бірі – қоғамдық көлік, ал жолаушыларды керек жеріне жеткізу осы саланың мамандарының арқасында жүзеге асады. Біз осыған байланысты «Алматыэлектротранс» коммуналдық №3 автопарктегі 66-шы бағыттың жетекшісі, автобус жүргізушісі Ержан Қарабаевпен сұхбаттастық.

«Еңбектің наны тәтті...»

— Жүргізушілікті қалай бастадыңыз?

— Бала кезімде «Икарус» автобусын жүргізетін үлкен бір грек кісіні көрдім. Еңселі, денесін түк басқан, көкірек тұсын ашып жүрген, үстіне қою-қызғылт жейде киген сол жүргізуші басымнан сипап, «жүргізуші боласың ба?» деп, маған үш рубль берді. Сол күннен бастап, автобус жүргізушісі болуды қаладым.

— Автобус жүргізушісінің бір күні қалай өтеді?

— Біздің күніміз көңіл-күйімізге байланысты өтеді. Қоғамдық көлікте түрлі адамдарды кездестіресіз. Біреулер жұмысқа асықса, біреулер балабақшаға барады, тағы біреулері емделіп қайтқан жандар. Әртүрлі санаттағы жолаушылардың ішінде жағымды адамдарды көріп, жақсы тілектер естісек, көңіліміз көтеріліп қалады. Қайтып келе жатқанда шаршаған жолаушыларды көреміз, сондықтан күні бойы әртүрлі сезімдер толқынында боламыз. Кейде ішімдік ұрттап алатындар да кездеседі, олардың иісі автобус ішінде шыдатпай, жұмысты ауырлатып жібереді. Бірақ басты мақсатымыз – жолаушыларды аман-есен жеткізу.

Отбасым үшін еңбектенемін

— Бұл жұмысқа табандылық қажет пе?

— Әрине, бұл жұмыста табандылық өте маңызды. 16-17 сағат бойы қоғамдық көлікті жүргізу оңай емес. Таңғы сағат 4:30-да оянып, түнгі сағат 23:00-ге дейін жұмыс істейсіз. Бізге осы ұзақ жұмыс күніне төзу үшін үлкен күш пен төзімділік керек. Жұмыстағы күйзелістен жүйке шаршап, денсаулыққа зиян келуі мүмкін. Менің де мүгедек балаларым бар, оларды асырау, күтіп-бағу керек. Бәрін төзімділікпен көтеріп, отбасымыз үшін еңбектенеміз.

«Жүргізушінің жағдайы жақсарса екен»

— Кәсібіңіздің қиындығы неде?

— Бұл жұмыста ең бастысы – жүйке мықты болуы керек. Әр түрлі сәттерге дайын болу қажет. Бізге қаладағы Car city аймағында автобус тоқтайтын арнайы тұрақ бар, онда №66, 65, 122, 110, 236 бағытындағы автобустар тоқтайды. Сол жерге жүргізушілерге арналған асхана мен демалыс орындары жасалса деген тілегіміз бар. Бұл сұранысты билік өкілдеріне жеткізгіміз келеді.

Сабырлы болған озады

— Ерекше есте қалған оқиғалар бар ма?

— Бірнеше жыл бұрын «Ипподром» базарына үлкен автобуспен бардық. Кеденнің күшейген кезі еді, автобусымыздан өрт шығып, жолаушыларды аман-есен сыртқа шығарып үлгердім. Қиындыққа шыдап, адамдарды қорғап қалғаным үшін өзімді бақытты сезінемін.

Тағы бір оқиғада автобуста қалта ұрыларын ұстап, оларды суық қаруларымен бірге сұлатқан кездер болған. Алғашында қарапайым жүргізуші болсам да, қайсарлық көрсетіп, талай қиындықтан өттім.

«Сақтансаң, сақтайды!»

— Қоғамдық көлік жүргізушісі болуды армандайтын жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

— Жас жүргізушілерге ең басты кеңес – жауапкершілік. Қоғамдық көлікте әр адамның тағдыры сенің қолыңда тұрғандай сезіну қажет. Көлік жүргізуде тек өзің үшін ғана емес, жолаушылар үшін де сақ болып, ұқыптылық таныту керек. Сондықтан жұмысқа деген адалдық пен адамдарға деген құрмет алдыңғы орында тұрады.

Қорытындылай келе, автопарк басшылығына, әріптестеріме және отбасымның қолдауына үлкен ризашылығымды білдіремін. Ең бастысы, деніміз сау болсын, алға қойған мақсаттарға қол жеткізіп, еңбектің қызығын көре білейік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
3
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32