29 Қыркүйек – Дүниежүзілік жүрек күні
Жыл сайын 29 қыркүйекте әлем бойынша Дүниежүзілік жүрек күні аталып өтеді. Бұл маңызды күн алғаш рет 1999 жылы Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен ұйымдастырылып, содан бері жыл сайын жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға, денсаулықты сақтау маңыздылығына назар аударуға арналған іс-шаралар өткізіледі.
Жұдырықтай ғана болғанмен, жүрек – адам ағзасындағы ең маңызды орган. Ол тоқтамай жұмыс істеп, бізді өмірмен байланыстырып тұрады. Жүрек — денеміздегі басты "мотор". Сондықтан оның саулығына, күтіміне мән беру аса қажет.
Бұл күн — өзімізге бір сәт болсын көңіл бөліп, жүрек саулығы туралы ойлануға себеп.
Ендеше, "жүректі күту үшін не істеу керек?" деген сауалға Aqshamnews.kz тілшісі ізденіп көрді.
Жүрек саулығы үшін не істеу керек?
1. Тамақтану рационын қадағалау
Дұрыс тамақтану — жүрек саулығының негізі.
- Азайтыңыз: жылдам көмірсулар (ақ нан, тәттілер), тұз (күніне 5 г дейін), қуырып дайындалған тағамдар, фаст-фуд.
- Көбейтіңіз: балық (теңіз және өзен), жаңғақтар, дәнді дақылдар, жаңа піскен көкөністер мен жемістер.
- Теңгерімділік маңызды: әртүрлі тағам түрлерін тұтыну арқылы ағзаға қажетті барлық қоректік заттарды қамтамасыз етіңіз.
Артық тамақтанудан сақ болыңыз — бұл жүрекке қосымша салмақ түсіреді.
2. Тұрақты қозғалыс пен жаттығулар
Жүрек — жаттығуды қажет ететін бұлшықет.
Күніне кемінде 45 минут орташа қарқынды физикалық белсенділікпен айналысқан жөн:
- Жай жүгіру
- Жаяу серуендеу
- Велосипед тебу
- Скандинавиялық жүріс
- Жүзу
Бұл жаттығулар жүректің жұмысын жақсартып, қан айналымын тұрақтандырады және артық салмақтан арылуға көмектеседі.
3. Ұйқыны жеткілікті мөлшерде алу
Ересек адам үшін 6–8 сағаттық сапалы ұйқы қажет.
Кешке кофе ішпеңіз, ұйықтар алдында теледидар қарау мен телефон қолдануды шектеңіз.
Бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянуға тырысыңыз.
Жүйелі ұйқы — жүрекке демалыс беріп, күйзеліс деңгейін төмендетеді.
4. Зиянды әдеттерден бас тарту
Темекі шегу мен алкогольді шамадан тыс тұтыну — жүрек пен қан тамырларының ең үлкен жаулары.
Бұл әдеттер инфаркт, инсульт, гипертония және басқа да ауыр аурулардың қаупін бірнеше есе арттырады.
Денсаулыққа зиянды емес, пайдалы әдеттер қалыптастырыңыз: таза ауада серуендеу, спортпен айналысу, пайдалы тағам ішу.
5. Күйзелісті басқару
Созылмалы күйзеліс жүрек ауруларына әкелетін негізгі факторлардың бірі.
Күнделікті күйзелісті азайту үшін:
- Медитация,
- Тыныс алу жаттығулары,
- Йога,
- Дем алу әдістері көмектеседі.
Эмоциялық тепе-теңдік — жүрекке тыныштық пен тұрақтылық сыйлайды.
Жүрек туралы қызықты және ерекше деректер
Жүрек — ағзадағы ең еңбекқор бұлшықет. Жүрек жылына 36,5 миллион рет соғып, 10 тоннадан астам қан айдайды. Ал өмір бойы адам жүрегі 3 миллард рет соғады екен.
Жүрек қағысы эмбрион дамуының 4-аптасында басталады және адам өмірінің соңына дейін тоқтамайды.
Бәрімізге белгілісі, жүрек — адамның басты органы, оның тоқтауы адам денесіндегі барлық процестердің тоқтауына және өлімге алып келеді.
Жоғарыда айтылғандардан бөлек, жүрек жайлы қызықты және ерекше 10 фактіні тізіп көрдік.
1. Жүрек те бір сәт тоқтап, демалады
Бәріміз жүректің ешқашан тоқтамай жұмыс істейтінін білеміз. Ол бір рет және мәңгілікке тоқтайды.
Алайда, оның жұмысында микро-үзілістер бәрібір болады екен. Мысалы:
- Жүрек қақпақшалары ашылып-жабылған сәттерде,
- Немесе түшкірген кезде.
Осы үзілістердің жиынтығы адам өмірінің ұзақтығын есептегенде жалпы 20 жылға дейін жетуі мүмкін.
2. Екі бөліктен тұратын біртұтас орган
Жүрек — бүкіл ағзаның жұмысын қамтамасыз етеді, бірақ оның сол жақ бөлігі қанның үлкен айналымын қамтамасыз етеді (ағза бойынша), ал оң жағы — тек кіші айналымды (өкпеге дейін және кері) қамтамасыз етеді.
3. Электр жүрек
Кинофильмдерде жүректі денеден алып, шығарған кадрларды көрген боларсыздар. Сол сәтте оның әлі соғып жатқанын көрсетеді. Фильмдегі осындай көрініс - шындыққа біршама жақын.
Себебі жүрек бұлшықеті өздігінен электр импульстерін шығара алады. Ол оттегімен үздіксіз қамтамасыз етіліп тұрса, жүрек адам денесінен тыс та соға беруі мүмкін.
4. Жүректің қатерлі ісігі
Жүректе қатерлі ісіктің пайда болуы — өте сирек кездесетін құбылыс.
Бұл органның ерекшелігі — оның бұлшықет талшықтарының ерекше құрылымында және миокардта (жүрек бұлшықетінде) жүретін өте жылдам алмасу (метаболизм) процестерінде жатыр.
Сонымен қатар, жүрек жасушалары қалпына келмейді — яғни, зақымданған жүрек бұлшықет тіні қайта қалпына келуге қабілетсіз.
Бұған жүрек бұлшықетінің ерекше құрылымы және миокардтағы өте жылдам зат алмасу процесі себеп.
Одан бөлек, жүрек жасушалары қалпына келмейді — яғни, зақымданған жүрек тіндері регенерацияға ұшырамайды.
5. Ғарыштағы жүрек
Ғарышта, салмақсыздық жағдайында жүрек өзгереді: кішірейіп, домалақ пішінге ие болады.
Бірақ адам Жерге оралғаннан кейін шамамен жарты жыл ішінде жүрек қайтадан қалыпты пішініне келеді.
6. Жүрек ырғағы
Біз кеудеге қолды қойғанда сезінетін дүрсілі — бұл, шын мәнінде, жүрек қақпақшаларының жабылу сәті.
Дәл осы қозғалыстар жүрек ырғағын сезінуге мүмкіндік береді.
7. Күлкі өмірді ұзартады
Бұл — шындық.
Адам күлген кезде қан тамырларының қабырғалары босаңсып, қан айналымы 20%-ға дейін артады.
Көңіл күйдің жақсаруы мен қан айналымының белсенділігі жүрекке оң әсер етеді.
8. Ерлер мен әйелдер жүрегі
Ерлер мен әйелдердің жаратылысында, болмысында ерекшелік көп. Бұл айырмашылық жүрекке де қатысты.
Әйел жүрегі орташа есеппен минутына 78 рет, ерлердікі шамамен 70 рет соғады екен.
Яғни, әйел жүрегі жылдамырақ соғады.
9. Қан айдау қуаты
Жүрек адамның белсенділігіне қарай әртүрлі көлемде қан айдайды:
- Тыныш күйде — минутына 4–5 литр,
- Физикалық қозғалыс кезінде — 30 литрге дейін.
Кәсіби спортшыларда бұл көрсеткіш 40 литрге дейін жетуі мүмкін. Спортпен шұғылданатын адамның жүрегі өте төзімді әрі қуатты болуы осы себептен.
10. Жүректің өлшемі қандай?
Әр адамның жүрегі әртүрлі пішінде және әртүрлі көлемде болады.
Өз жүрегіңіздің шамамен қандай көлемде екенін білгіңіз келсе — жұдырығыңызды түйіп көріңіз. Жүрегіңіздің көлемі дәл осы жұдырығыңыздай.
Ал жүректің қаншалықты күшпен жиырылып, қан айдайтынын түсіну үшін — қолыңызбен теннис добын қысып көріңіз. Бұл жүрек бұлшықетінің әр соғысында қанайналымды қамтамасыз ету үшін жұмсайтын күшін бейнелейді.
Жүрек — көптеген тірі ағзалар үшін ерекше маңызды мүше.
Алайда, таңқаларлығы, барлық тіршілік иелерінде жүрек бола бермейді.
Сондықтан да жүректі сақтау мен қорғау деген — оған түсетін эмоциялық күйзелістер мен физикалық шамадан тыс жүктемені азайту. Сонда ұзақ әрі бақытты өмір сүру мүмкіндігі артатыны сөзсіз.
Дәрігерге қашан жүгіну керек?
Көп жағдайда жүрекке қатысты алғашқы ауырсыну белгілерін елемей жатамыз. Кейде жай шаршау, күйзеліс немесе асқазанмен байланысты ауырсыну сияқты көрінетін белгілер — шын мәнінде жүрек-қан тамырлары жүйесінің бұзылыстарын білдіруі мүмкін.
Жүрек — үнсіз сырқаттануы мүмкін. Сондықтан оның беретін әрбір белгісіне мән беру өте маңызды.
⠀
Кардиолог мамандар мынандай белгілер пайда болған жағдайда, дәрігерге мүмкіндігінше тез арада көрінуге кеңес береді:
Сол жақ кеудеде немесе төс артында өткір, күйдіріп ауыртатын ауырсыну;
Шамадан тыс жүктеме кезінде пайда болып, тыныштықта басылатын қысып ауыратын ауырсыну;
Ентігу, ауа жетіспеушілігі;
Аяқтардың ісінуі, әсіресе кешке қарай;
Жүрек соғысының бұзылуы — жиілеп кетуі, үзілістер, аритмия;
Кенеттен есінен тану немесе әлсіреу.
Бұл белгілер жүрек-қан тамырлары жүйесінде күрделі бұзылыстар барын көрсетуі мүмкін.
Жүрек — өмірдің қозғаушы күші. Ол еш тоқтаусыз жұмыс істейді. Сол себепті оған үнемі қамқорлық қажет. Дүниежүзілік жүрек күні — өзіңіздің және жақындарыңыздың жүрек саулығын ойлануға, күнделікті әдеттерді қайта қарауға арналған сәт.