ffin.kz

Жүрегі кең әжей

Жүрегі кең әжей Сурет: ашық дереккөз

Өмірдің өзі

 

Марина екеуміз бір палатада жаттық. Ол он сегізде еді. Екеуміз бір уақытта босандық. Мен де қыз тудым, екінші перзентім. Босанғанымызға екінші күн.

Света, Анюткама қарай тұрыңызшы, маған төменде әжем келіп тұр еді, деді Марина.

Жарайды, дедім мен күлімсіреп. Ол әжесіне асыға жүгіріп кетті. Жас ананың жанары бақыттан жарқырап тұрды. Ол жаңа туған қызын шөпілдетіп сүйе беретін, «күнім» деп мейірлене кететін. Маринаға жігіті телефон соққанға дейін осылай болған.

Марина, мен саған ұзақ уақыт айта алмадым.., сенің аяғың ауыр болғандықтан ештеңе айтқым келмеді, сені ренжітіп алудан қорықтым... Енді мен шештім.., деді телефонның арғы жағындағы дауыс.

Егор, не болды? деп сұрады Марина дауысына қорқыныш сезімі араласып.

Біз ажырасуымыз керек. Осыдан үш ай бұрын мен басқа адамды жақсы көріп қалдым...

Егор! Бұл қалай, не деп тұрсың? Біздің қызымыз бар ғой, ал үйлену тойымыз ше? Жақында бізде отбасы болады деп уәде беріп едің ғой? деп қыз ебіл-себілі шығып жылап кетті.

Мен сенің көңіліңді түсіргім келмеп еді…

Телефон қоңырауы үзілді. Онымен бірге Маринаның бақыты да үзілді. Қыз жарты күн бойы төбеге қарап жатты да қойды. Сәбиіне әрең бұрылды. Біраз уақыттан кейін анасына қоңырау шалып, келуін өтінді. Бір сағаттан кейін Марина анасымен жүздесуге төменге түсіп кетті. Ал қырық минуттан кейін ол палатаға қайтып келіп, менеджерді шақыруды талап етті.

Наталья Сергеевна, мен қызымнан бас тартамын! деді Марина қатқыл үнмен. Менің Анютканы бағатын жерім жоқ! Солай. Жігітім бізден бас тартты. Бізде анам, өгей әкем және мен тұратын бір бөлмелі пәтер бар. Ал онда балаға орын жоқ.

Марина, сен өмір бойы осы ісіңе өкінесің. Бұл ойыншық емес, деген Наталья Сергеевна жас босанған ананы қалайда райынан қайтаруға тырысып бақты.

Мен бәрін шештім. Мен жалғызілікті ана болмаймын! Менің өмірім енді басталды! Баланы мына жерден тезірек алып кетіңіз және өз еркіммен бас тартқаным туралы қол қойып беремін, тезірек әкеліңіз қағазыңызды! – деді Марина қатқылдау үнмен.

Наталья Сергеевнамен бірге басқа дәрігерлер де қызбен бірнеше рет сөйлесуге тырысты. Бірақ қыз алған бетінен қайтпады. Маринаның анасы да немересіне тар пәтерде орын жоқ екенін, баға алмайтындарын айтты.

Марина перзентханадан шығып кеткен күні ертесіне әжесі келіп, оған шөбересін беруді талап етті.

Варвара Семеновна, өкінішке қарай, заң бойынша біз сізге баланы бере алмаймыз. Сіздің жасыңыз бала бағуға келмейді, деп түсіндірді дәрігерлер.

Иә, Варвара Семеновна кішкентай Анюткаға немқұрайлы қарамайтын жалғыз мейірімді адам болып шықты. Ол қызы мен немересіне неше күн бойына жүгірді, жалынды, кішкентай қорғансыз шөбересін мұнда қалдырмауды өтініп кемсеңдеп жылай берді. Бірақ өз қызы да, немересі Марина да көнбеді, иілмеді.

Мама, сен қаншада екеніңді білесің бе өзі? Бір аяғың жерде, бір аяғың көрде тұр, ал біз қалай бағамыз? Тамағымызды әрең тауып отырғанда! – деп ширықты қызы.

– Мен сендерге кішкентай бөлмемді берейін, соны сатып, пәтерлеріңді кеңейтіп алыңдар, – деді Варвара Семеновна жыламсырап.

Ал сонда өзің қайда тұрасың? деді Марина анасымен бірге жарыса.

– Маған тұратын жер табылар. Қарттар үйіне барармын. Тек Аняны тастамаңдаршы!

Мама, ақымақ болуды доғар. Сенің үйің бәрібір кейін бізге қалады емес пе. Ал баланы қажет деп тапсаң өзің ала бер, – деді Маринаның анасы Светлана қатқыл үнмен.

Варвара Семеновна перзентхананың алдынан кетпей қойды. Дәрігерлермен келісімге келуден үміттенді. Бірақ еш нәтиже болмады. Перзентханаға келіп тұрған күйеуіме медбикеден естіп жүрген осы әңгімелерімді айтып бердім.

– Саша, Анютканы біз асырап алсақ қалай қарайсың? Ұлымызбен, қызымызбен қатар өседі. Оны жақсы көретін әжесі бар, сол кісі келіп тұратын болады, сөйтіп нәрестеге де, әжейге де қуаныш сыйлаймыз. Біз оны туған балаларымыздан кем көрмес едік, – дедім қиылып.

Осылайша біздің отбасымызда үш бала болды: үлкеніміз Максим және Маша мен Аня. Үйіміз шаттыққа толды. Тағы бір бақыт – біздің үйде енді әже бар. Ол кісі өз шөбересі Аняны ғана емес, біздің екі баламызды да өзінің туысындай қабылдады. Жүрегі соншалықты кең екен. Ол өз отбасымен байланысын үзді.

Біз жан саны көбейді ғой деп пәтерімізді сатып, жер үй сатып алмақ болғанымызда Варвара Семеновна да өзінің қуықтай бөлмесін сатып, ақшасын бізге қосты. Қазір бәріміз бірге тұрып жатырмыз. Бізден бақытты адамдар жоқ қазір. Себебі, біз екі керемет адамды жанымызға алдық. Біздің Анютка мен Варя әжей!

Біз Марина мен оның анасы туралы ешқашан әңгіме қозғамаймыз. Оларға Құдай төреші.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:25

19:56

19:43

19:29

19:10

18:45

18:38

18:29

18:09

17:45

17:44

17:30

17:22

17:19

17:09

16:37

16:27

16:08

16:01

15:50

15:49

15:28

14:35

14:06

13:35