Көктем келіп көшелердің опырылған жерлерін қазып, ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы ретте Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Алматы филиалының директоры Мәулен Тоқтарбайұлы Әліповтің жол сапасына қатысты сауалдарымызға қатысты пікірін біліп едік.
- Жалпы биылғы жылға қандай жаңалықтарыңыз бар? Асфальттың сапасын арттыру жағын қарадыңыздар ма?
- Алматы қаласы бойынша Наурызбай, Алмалы, Медеу аудандарымен ағымдағы жөндеу жұмыстары басталып кетті. Қазіргі таңда жалпыға ортақ пайдаланылатын көше желісі жолдарын орташа жөндеуге ведомстволық сараптама жүргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалалық автобус жүретін жолақтар мен тұрақтардың жазғы уақытта ауа температурасының жоғарлау кезіндегі ауыр көліктердің салмағынан жолтабан (колея), яғни ойылып кету ақауларының алдын алу мақсатында әр түрлі полимер қоспаларын қосу арқылы эксперименталды асфальтбетон жабындысын төсеу тәжірибесі қаралуда. Оған қоса, әкімдіктің тікелей тапсырмасымен ғалымдар тобы жұмылып, гибридтік асфальтбетон қоспасын ойлап табуды қолға алған. Биыл асфальтбетон жабындысының сапасына ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстарына ерекше назар аударылуда.
- Өткен жылы Алматы қаласы аудандарымен келісімшартқа қол қойдыңыздар. Енді көшелерді текеруге шығып жатырсыздар ма?
- Алдыңғы 2023 жылға қарағанда биылғы жылы Алматы қаласы бойынша 8 ауданмен келісімшартқа отырдық, сәйкесінше тексеру ауқымы да жоғарылады. Қазіргі таңда көше желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша тексерулер жүргізіліп жатыр. Барлық жұмыстар келісімшарт негізінде, жоспар бойынша іске асуда. Жоғарыда атап өткендей, ведомстволық сараптама, автомобиль жолдарын техникалық құжаттамасын даярлау жұмыстары да орындалып жатыр.
- Мәселен, төменгі Кемел шағын ауданы жақтағы көшелерді өткен жылы жамаған еді. Биылғы жылы сын көтермей, ойылып, кетті. Бұл өткен жылы сапасыз жамаудың салдары екені анық. Қандай шара қолдандыңыздар?
- Сапаны бақылап ұстау жұмыстары арнайы ретпен жүзеге асады. Жол салынып жатқан нысанға инженерлеріміз барып сынама алады, содан кейін зертханада алынған сынамаларға сараптама жасалады. Тексеру қорытындысы бойынша жол салған мердігер компания мен тапсырыс берушіге хат жолданады. Зерттеу барысында алынған сынама нормативтік талаптарға сәйкес болмаған жағдайда мердігер компания өз қаражатына қайта жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Соған міндеттеледі. Осылайша, бақылау жұмыстары егжей-тегжейлі жүргізіледі.
Ал Кемел шағынауданы бойынша біздің мекемеге Жетісу ауданы әкімдігінен тек жол құрылыс материалдарын алуға ұсыныс түскен. Алынған материалдар сынақтан өтіп, оң баға берілген. Ал жұмыстың технологиясын тексеруге мүмкіндік болмады. Себебі ауданнан ұсыныс болмады. Біз өз еркімізбен нысанға тексеріс жүргізе алмаймыз, өкінішке қарай.