Алматыда «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында тағы екі заманауи мектеп салынды
Әрқайсысы 2000 оқушыға арналған бұл жаңа білім ордалары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып отырған «Келешек мектептері» ұлттық бағдарламасы аясында бой көтерді, деп хабарлайды Aqshamnews.kz.
BCN Group (BAZIS Construction) Медеу ауданында, Құлжа тас жолынан оңтүстікке қарай орналасқан «Шығыс қақпасы» жаңа полицентрінің аумағында №220 мектепті салды. Ал Алатау ауданындағы С. Ашимов көшесінде орналасқан №222 мектепті BAZIS-A Corp. компаниясы тұрғызды.
Дәстүрге сай, жаңа оқу жылының қарсаңында компаниялар болашақ оқушылар мен олардың ата-аналарына арнап ашық есік күндерін өткізді. Қонақтар мектептердің сәулеттік және интерьерлік шешімдерін тамашалап, заманауи техникалық жабдықтарды сынап көру мүмкіндігіне ие болды.
Жалпы ауданы 18 мың шаршы метрді құрайтын үш қабатты ғимараттар небәрі тоғыз айдың ішінде салынып, келісімшартта көрсетілген мерзімнен бұрын – биылғы желтоқсанға дейін пайдалануға берілді. Әр мектеп 13 блоктан тұрады, бастауыш, орта және жоғары буынға бөлінген, төрт жеке кіреберісі бар.
Мектептерде 440 орындық кең асханалар, 430 орындық акт залдары бар. Бұл залдардың жайлылығы заманауи кинотеатрлар деңгейіне сәйкес, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы аймақтар қарастырылған. Сонымен қатар, табиғи жарық түсетін кең кітапханалар, демалыс және оқу аймақтары, балалардың жан-жақты дене дамуына арналған заманауи спорт залдары жабдықталған.
№220 мектептің директоры Манат Аширбекова атап өткендей, жаңа білім ордасында балалар тек дәстүрлі академиялық білім алып қана қоймай, сонымен бірге өздерінің жеке қабілеттерін, таланттары мен дарынын дамытуға барлық мүмкіндікке ие болады:
«Шығармашылықпен айналысуға, актерлік шеберлікті меңгеруге, өмірлік жағдайларды шешудің тың жолдарын табуға барлық жағдай жасалған», – деді ол.
Бұл мектепке Медеу ауданының «Думан», «Думан-2», «Атырау», «Кенсай» және «Алатау» шағынаудандарында тұратын балалар барады. Бұл шешім №64, 98 және 99 мектептеріндегі оқушы жүктемесін едәуір азайтады.
Ал Алатау ауданындағы №222 мектептің құрылысы кезінде интерьерді көркемдеуге ерекше көңіл бөлінді. Ағылшын тілі кабинеттерінің жанында әйгілі Биг-Бен, қызыл телефон будкасы және Ұлыбритания туы бейнеленген. Бастауыш сынып оқушылары үшін қабырғаларда математикалық мысалдар, әліпби және «Білім ағашы» орналастырылды. Тарих кабинеті жанында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің суреттері, керуен жолы, карта және Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Стив Джобс сынды ұлы тұлғалардың қанатты сөздері жазылды.
№222 мектептің математика пәні мұғалімі Таңшолпан Момынқұлова:
«Мектеп өте сапалы, жан-жүрекпен салынған. Барлық жағдай ойластырылған. Құрылысшыларға және мемлекетке үлкен алғысымызды білдіреміз», – деді.
Ата-аналар мен балалар жаңа мектептерге ерекше қуанып, жаңа оқу жылын асыға күтуде. Болашақ оқушылардың аналары Актоты Жұбатқанқызы мен Майгүл Саркытбекқызы жаңа мектептің жабдықталуы мен компьютерлік қамтылуы кейбір жекеменшік білім беру орындарынан да жоғары екенін айтты.
BCN Group (BAZIS Construction) және BAZIS-A Corp. компанияларының мәлімдеуінше, мектептердің құрылысы кезінде сейсмикалық және өрт қауіпсіздігі талаптарын қоса алғанда, ең жоғары сапа және қауіпсіздік стандарттары сақталған. Ғимараттар бейнебақылау камераларымен, дабыл түймелерімен жабдықталған және инклюзия талаптарына толық сәйкес келеді: пандустардан бастап арнайы лифтілерге дейін.
Мектептер жобасын сәтті іске асыруға «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырыс беруші ретінде қажетті қолдау көрсетті.