Тағдырдың тезі: Қабижан Қожахметұлы туралы естелік
Нағашы атам – Қабижан Қожахметұлы – менің есімде жылы жүзді, сабырлы, үнемі жымиып қана жүретін мейірімді жан ретінде сақталыпты. Ол кісі бізді көрсе болды, бас салып құшақтап, маңдайымыздан иіскейтін. Артық сөз сөйлегенін немесе біреумен әңгіме айтқанын көрмеппін. Әрі-беріден соң құлағы да естімейтін еді – анамның айтуынша, бұл - сол бір зұлмат замандардың ізі. Қамауда болған кезінде күрекпен басынан, әсіресе құлақ тұсынан соққы алған болуы керек дейді.
Атам әр нәрсенің құнын жақсы білетін. Өйткені оны өмір ұқтырды. Әсіресе, нанның қиқымы түссе, қатты қапаланатын. Нанды қатты құрметтеді. Өйткені сол үшін көрмеген қорлығы жоқ.
Әңгіме анамның әкесі, нағашы атам – Қабижан Қожахметұлы жайында. Ол 1928 жылы дүниеге келген. Бір әке, бір шешеден үш ұл, бір қыз дүниеге келген. Бірақ, олардың басынан кешкендері біреуге шын, біреуге шым-шытырық аңыз- ертегі сияқты көрінуі мүмкін.
Балалық шағы елді жайлаған ашаршылықпен тұспа-тұс келген. Халық азық іздеп, жаяу-жалпылап босып кеткен шақта, атам шамамен үш-төрт жастағы бала болса керек. Әкесі Қожахмет өлген адамдарды жерлеймін деп елде қалып қояды. Бірақ, сол күйі одан хабар болмайды, әл-дәрмені құрыған ол көп ұзамай жан тапсырған болуы керек, дейді анам. Ал анасы көппен еріп, шұрқырап жылап, тамақ сұраған балаларын алып, ел адамдарымен жолға шыға береді. Сол сапарда атамның бір бауыры, өзінен үлкен ағасы жолда адасып қалып, табылмайды. Қарындасы да аштыққа шыдамай шешесінің қолында бақилық болады. Қалған екі баласын ерткен атамның шешесінің бұл көргені - қиындықтың басы екен. Анамның әкесі жайлы айтқан бұл әңгімесі 1931-32 жылдарға тұспа-тұс келсе керек.
«Аштық жылдары солай өтеді. Әкем бір ағасымен бірге шешесінің арқасында тірі қалған болуы керек. Ол ағасы кейіннен Ұлы Отан соғысына қатысып, жараланып, 43-жылдары госпитальге түседі де, соғыстан солай оралады. Ал әкем жасына байланысты соғысқа алынбайды. Ол кезде сол 13-14, мүмкін 15 жасар бала», - дейді анам.
Аштықтың қасіреті басылмай жатып, елге тағы бір нәубет – соғыс келді. Ауыртпалықтың бәрі атам сияқты балаларға түсті. Ашаршылық жылдарынан бері әлі тоя тамақ жемеген жұрт егін басына барып, масақ теріп, табылғанымен жүрек жалғайды екен. Сондай шақтардың бірінде атам үйіндегі анасына масақ теріп ала барайын деп дорбасын асына барады. Қасында өзі қатарлас Оразке деген бозбала бар екен.
«Адамдар енді әртүрлі ғой, соғыстан келген адамдар ма екен, әлде солақай саясаттан әбден қорқып қалған біреулер ме екен. Жараланып келген біреулер ме екен. Ол жағын нақты білмеймін, айтуға да қорқады ғой ол заманның адамдары. Сондай бір адамдар екі баланы ұстап алады. Бірақ әкем де, қасындағы бала да ештеңе алмаған екен. Екеуін ұстап, түрмеге қаматады. Алдымен ауылдағы мектеп ішінде ұстайды. Өздері жасамаған ұрлықты мойындатып, істі қылады. Сендер мойындасаңдар болды, түбі ақтап аламыз деп айтса керек», - деді әңгімесін жалғаған анам.
Сөйтіп, атам өзі жасамаған ұрлық үшін сотталып кете барады. Онсыз да тағдырдан жеген таяғы аздай шешесі байғұс баласын бір көру үшін жаяу-жалпылап аудандағы түрмеге қайта-қайта барады екен. Бірақ, қанша барса да, баласымен жолыға алмапты. Зар жылаған күйі дорбасындағы азын-аулақ нанды асынған күйі қайтады екен.
Көп ұзамай сот болады. Ауыл адамдары «бұл балалардың еш кінәсі жоқ, ешқандай астық әкелген жоқ, неге қамайсыңдар» деп ара түседі. Сол кездегі ауыл басшыларының бірін көрсетіп, «астық осылардың үйінде, қазір көрсетеміз» деп шулайды. Сонда атамның соғыстан оралған ағасы «Елді шулатпаңдар, аман болса, келер» деп басу айтқан екен. Осылайша, бір қап тұрмақ, бір уыс астық алмаған атам абақтыға кете барады. Тар қапаста 7 жылдай уақытын өткізеді. Кейіннен Сталин қайтыс болғаннан кейін, ақталып шығады.
Бірақ ауылға оралғанда, жалғыз бауыры мен анасы өмірден өтіп кеткен еді. Анасы – уайым мен құсалықтан, ағасы болса, соғыстан жарақаттанып келгесін, ол да көп ұзамай қайтыс болған.
«Әкем сондай қиындық көрген. Негізінен өмір бойы малшы болды. Жұмысына адал болды. Ұрлық істемек түгілі, ондайды ойға алудан қорқатын. Түрмеде көрген зорлық-зомбылығын көп айта қоймайтынын шешем айтып отыратын. Бірақ өзі ешқашан көрген қиындығын бізге айтып көрген емес», - деп аяқтады әкесі туралы әңгімесін анам.
Өзегі қанша өртенсе де, тағдыр қанша сынаса да сол кездегі адамдардың ішкі рухы биік болған шығар. Олай болмаса, мұндайға езіліп, тағдырға өкпе айтатындар қазір де баршылық. Атамның ішкі рухының мықтылығы болар, елге орала сала шаңырақ құрып, әжеммен бас қосады. Осы әңгімені баяндап берген менің анам – атамның көзінің нұры болған тұңғыш баласы. Қабижан Қожахметұлы 2008 жылы өмірден өтті.
Бұл – бір ғана адамның тағдыры. Бірақ сол кездегі сан мыңдаған тағдырлар бір-біріне ұқсас. Бұл естелік – тағдырдың теперішіне төтеп берген, рухы биік қайсар халықтың бір өкіліне деген тағзым. Атамның өмірі арқылы біз сол бір зұлмат жылдардың шындығын танып, көз алдымызға елестетеміз. Ешбір елде мұндай апаттар енді қайталанбасын!