Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының атынан биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған «Вечерний Алматы» газетінің қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қала басшысы газеттің отандық журналистиканың дамуына, қоғамдық пікірдің қалыптасуына және мегаполис тарихын сақталуына қосқан сүбелі үлесін атап өтті.
«Вечерний Алматы» газеті – терең тарихы бар беделді қалалық басылымдардың бірі. Газет ұзақ жыл бойы Алматы шаһарымен бірге талай тарихи кезеңдер мен маңызды оқиғалардың куәсі болды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев газет ұжымының еңбегі мен басылымның бай тарихына жоғары баға беріп, бірқатар қызметкерді мемлекеттік наградалармен марапаттады», – деді Дархан Сатыбалды.
Мемлекеттік наградалармен басылымның он қызметкері марапатталды. Журналистер мен редакция ардагерлері «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Марапатталғандардың қатарында 1990 жылдан бері редакцияда еңбек етіп келе жатқан Alatau Aqparat медиахолдингі бас директорының орынбасары Абдухалил Жалилов та бар. Ол еңбек жолын кіші тілші болып бастап, бүгінде холдинг жетекшілерінің біріне айналды.
«Еңбегімді осылай жоғары бағалағаны үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, қала әкіміне және ұжымыма шынайы алғыс білдіремін. Шынымды айтсам, мұндай құрметті күтпедім, ерекше толқыдым. Редакцияға кәсіби жолымның басында кіші тілші болып келдім. Кейін хатшылықта, коммерциялық бағытта қызмет атқардым. Бір кездері түрлі басылымдар шақырды. Алайда өзімнің сүйікті
«Вечеркама» адал болып қалдым және солай қала беремін», – деді ол.
Марапат иелерінің дені газетте ұзақ жыл бойы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар. Олар саналы ғұмырын осы басылымның өркендеуіне арнаған.
Газеттің алғашқы саны 1936 жылы 28 сәуірде «Социалистическая Алма-Ата» атауымен жарық көрді. 1968 жылдан бастап басылым «Вечерняя Алма-Ата» деген атпен шыға бастады, ал 1993 жылы «Вечерний Алматы» болып өзгертілді. Осы уақыт аралығында жалпы таралымы 360 миллион данадан асатын шамамен 15 мың нөмір жарық көрген.
Ел журналистикасы мен ақпарат кеңістігінің дамуына қосқан үлесі үшін басылым бірнеше мәрте беделді марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталса, 2013, 2015 және 2023 жылдары «Жыл таңдауы» байқауында «Үздік баспасөз құралы» номинациясының жеңімпазы атанды. Ал 2014 жылы Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын адам» сыйлығын иеленді.
Қазіргі таңда «Вечерний Алматы» газеті Alatau Aqparat медиахолдингінің құрамына кіреді. Холдинг құрамында сондай-ақ «Almaty Aqshamy» газеті, Vecher.kz, Aqshamnews.kz және Alnews.kz ақпараттық порталдары, Әлеуметтік желілер дирекциясы мен Подкаст студиясы бар.