ЖЕҢІС ЖАУЫНГЕРІ небәрі он жеті жасында соғысқа аттанып, талай ерлік көрсеткен Тоқаш Бердияров есімі неге елеусіз қалып барады?

ЖЕҢІС ЖАУЫНГЕРІ  небәрі он жеті жасында соғысқа аттанып, талай ерлік көрсеткен Тоқаш Бердияров есімі неге елеусіз қалып барады? Мұрағат

·       Ресми деректерге сәйкес, Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 млн 200 мыңнан астам адам алынған екен. Солардың жартысынан көбі майдан даласынан оралмаған. Сол соғысты Германияда аяқтап, жеңісті жақындатқандар сапында он жеті жасында майданға аттанып, аман-есен оралған қазақтың мықты ақыны да болған.

       «Жетімдікті мендей көрген бала ілуде біреу болар»

Қазақ поэзиясында керемет ақын деп бағаланып, замандастары мойындаған Тоқаш Бердияровтың құжатына екі жас қосып алып, он жеті жасында соғысқа аттанғанын білесіз бе?!

Тоқаш Бердияров Оңтүстік Қазақстан облысында 1925 жылдың 19 қазанында дүниеге келіпті. Жетім өскен Тоқаш бес жасынан Ташкенттегі №6 балалар үйінде және №23 қазақ балалар үйінде тәрбиеленіпті. «Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарының басында ауылымыздың қасындағы Ташкент қаласын паналадық. Сеңдей соғысқан жетімектермен бірге мен де детдомдық «пропискаға» іліктім...», – деп еске алыпты сол кездерді Тоқаш ақын. Еңбекке ерте араласқан Тоқаш 13 жасынан колхоздың мақта алқабында тәбілші болған. Бұл туралы да ақынның өзі: «Жетімдікті мендей көрген бала ілуде біреу болар. Алты жасымда мектепке бардым. Есеп шығаруда, өлең жаттауда ешкімге дес бермедім. Үшінші сыныпты аттап өтіп, 13 жасымда ауылдағы орталау мектепті үздік бітірдім. Іле-шала ұжымшардың есепшотына, ауылдық кеңестің хатшылық жұмысына араласып кеттім», – деп еске алыпты.

 1-ші Украина майданынан – Берлинге дейін

Тоқаш он алтыға да толмаған кезінде Ұлы Отан соғысы басталады. Қиялшыл, өлеңқұмар бозбаланың санасына тағы бір арман қосылады ғой. Ол – алапат соғысқа барып, Отан қорғау еді. Ерте есейген бозбала соғысқа кетудің жолын іздестіреді.

Бұл – совет мемлекетінің Екінші дүниежүзілік соғысқа 18 бен 45 жастың аралығындағы жарамды жандардың барлығын алып жатқан кезі еді.

Кеудесінде жалындаған оты бар Тоқаш бозбала ретін тауып құжаттағы жасына екі жас қосып, 1942 жылы майданнан бір-ақ шығады ғой. Ол кезде окупацияда қалған 14-15 жастағы украин, орыс ұлдары майданда «полк баласы» болып жүрген еді. Ал Тоқаш болса қолына қару алып, қасап майданға түсті.

1-ші Украина майданында соғысты Тоқаш майдангер. Содан 17 жастағы жауынгер Тоқаш Бердияров қасап майданның қақ ортасында жүріп, Берлинге дейін жетті. Жиырма жасында жеңісті тойлады. Соғыста жауды Совет жерінен тықсырып, бүкіл Шығыс Еуропа – Румыния, Венгрия, Чехословакия, Австрияны азат етіп, Германияға барып бір-ақ тоқтаған ғой азамат. Талай ерлік көрсетіп, қатардағы жауынгерден сержант, бөлімше командиріне дейін өскен.  Майдандағы ерліктері үшін Тоқаш Бердияров «За отвагу», «За оборону Ленинграда», «За освобождение Праги», «За взятие Берлина», т.б. медальдармен, «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталыпты.

 Ақын естелігінен: 

 «Егер мен соғыс кезіндегі және Ұлы Жеңістен кейінгі жүріп өткен жолымды қағаз бетіне түсірсем, жарты Еуропаның топографиялық картасы сызылар еді...».

Сүңгуір қайықта қызмет еткен жалғыз қазақ

Және бір қызық оқиға: Тоқаш майдангер соғыстың соңына Германияның Ильменау қаласының гауптвахтасына түсіп қап, оны абақтыдан сол Ильменау қаласының коменданты Қалмұқан Исабай шығарып алған екен. Қос қаламгер солай танысып, кейін қазақтың әдебиет майданында қатар жүрген.

Жиырма жастағы Тоқаш Бердияров Ұлы Жеңістен соң да әскер қатарында қалған. Ес білгелі соғысқа араласқан бозбала басқа қайда барсын. Сол кезеңде азияттарды ала бермейтін Әскери-теңіз флотында қалған ғой. Қызыл тулы Балтық теңізі флотында теңізші бопты Тоқаш. Қазақтың қайсар ұлына теңізің не, құрлығың не, бірдей боп тұр ғой сонда. Ақынның естелігіне сүйенсек, сол жылдарда сүңгуір қайықта қызмет еткен жалғыз қазақ Тоқаш бопты. Ол бұл  әскери қызметтен 1950 жылы ғана елге оралады.

    Он жеті жасында алапат соғысқа аттанып, Берлинге дейін жетіп, Жеңіс жауынгері атанған қазақтың қайсар ұлы – Тоқаш Бердияровтың ерлік жолын мәңгілік ұлықтау –  бүгінгі ұрпақ алдындағы қастерлі  парыз.

Алапат майданнан – әдебиет майданына

 Алапат соғыстан кейін де Кеңес әскері қатарында төрт жыл қызмет еткен Тоқаш ақын 1950 жылы Алматыға оралып, әдеби ортаға араласты. Қазақ поэзиясынан ойып тұрып өз орнын алды, өзінен кейінгі талай шайырларға ұстаз болды. Елуінші жылдар  ақынжанды Тоқаштың кеудесінде жазылмаған жырлар тұнып тұрған кезең еді. Майдангер Бердияровтың өлеңі 1945 жылы Оңтүстік Қазақстан газетінде жарық көрді деген де дерек бар... Поэзияға бірыңғай ден қойған Тоқаш Бердияровтың алғашқы жыр жинағы «Шалқар теңіз» деген атпен 1952 жылы жарық көреді де, өз ортасына, Алматысына оралған Тоқаш ақынның шабыты шарықтап, талай жауһар жырлар жазылады.

1958–1962 жылдары ол республикалық «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде қызмет етті. 1960 жылдан бастап он бестей өлеңдер мен поэмалар жинақтары, үш әңгімелер мен повестер жинағы басылды.

Замандастары жоғары бағалаған дарынды ақын

Қазақ поэзиясындағы ерекше ақын болған Тоқаш Бердияровқа сол дәуірдің ақын-жазушылары да өз бағасын берген екен. Сәбит Мұқанов: «Шынында да Тоқаш Бердияров бәрімізден бөлек тұлға, өте дарынды ақын...», – десе, Қадыр Мырза-Әлі:  «...Заманға лайық жаңалық әкелген ақындар – Мұзафар Әлімбаев пен Тоқаш Бердияров еді», – депті.

Осынау мойындау, жыр әлемінде ойып орын алудың бастауы сонау ерте есейткен, жетімдік көрген балалық шақтарда, еңбекке араласып, Отан қорғаған бозбала кезеңдерде жатыр-ау.

 Ең алдымен,  Ол – майдангер ақын еді...       

 РЕДАКЦИЯДАН:

·   Бозбалалық шақтан-ақ талай тар жол, тайғақ кешулерден тайсалмай өткен Жеңіс жауынгерінің ерлігі, ұлттық әдебиет әлемінде тағылымды мұра қалдырған Тоқаш Бердияровтың тұлғасы неге осы уақытқа дейін ескерусіз, елеусіз қалып келеді?

Биылғы Ұлы Жеңіс күнінің 80 жылдығы қарсаңында және Тоқаш Бердияровтың 100 жылдығына орай тиісті орындар осынау олқылыққа маңыз беріп, тиісті қорытынды шығарады деп сенеміз. Алматыда дарынды ақын тұрған үйге ескерткіш-тақта қойылып, батыр есімі оңтүстік астананың бір көшесіне берілсе, құба-құп.

 

Тақырыпқа орай

 

Болат ШАРАХЫМБАЙ, ақын, ҚР мәдениет қайраткері: Қазақ поэзиясында қайталанбас олжа салып, өз мектебін қалыптастырған тұлға

 

Қазақ әдебиеті тарихының төрінен өз орнын ойып тұрып алған бір ақын болса, ол, сөз жоқ, Тоқаш Бердияров. Оның ұлттық поэзиямызға өзіндік үнімен тыңнан өрнек салғаны өз ­алдына, қайталанбас қолтаңбасымен өз мектебін қалыптастырған дарын. Ол қазақ өлеңінің қадір-қасиетін, көркемдік дәрежесін асқан зор шеберлікпен шырқау биікке көтерген сирек суреткер, халықтық ақынға айналған дара тұлға. Қазақ әдебиетіне елуінші жылдары қосылған ақынның алғашқы кітабы «Шалқы, теңіз» – жетімхананың қара нанын жеген жаралы жүрек, «ер етігімен қан кешкен» майдангер, матрос, суретші, ақын Тоқаш Бердияровтың өмірден көрген, көңілге түйгендері мен сезін­гендерінің өлең болып ақ қағазға түскен беташар көрінісі еді. Осы беташар кітабымен-ақ сол кездегі әдеби әлемді елең еткізді. Ол ойлы оқырман үшін отыз шақты жыр жинақтарымен бірге, прозалық шығармалар да ұсынды. «От және гүл», «Ескі паровоз», «Сөнбейтін оттар» сынды ­дастандары қазақ ­поэзиясында құбылысқа айналды. Көптеген өлеңдері шетел тілдеріне, атап айтқанда, орыс, эстон, болгар, өзбек, тағы басқа тілдерге аударылды. Өзі де тәржіма өнерімен айналысып, орыс ақындары С.Есенин мен Ф.Тютчевті қазақша сөйлеткен. Мұның бәрі – өршіл жырларымен ұлтын асқақтатқан ақиық ақын Тоқаш Бердияровтың айшықты қолтаңбасы.

 

Қазақ поэзиясында қайталанбас олжа салып, өз мектебін қалыптастырған ақындар бізде соншалық көп пе? Тоқаш Бердияровтың есімі істеген ісіне лайықты еленбей ескерусіз қалғанын қалай түсіндіруге болады? Шайырдың атын мәңгі есте қалдыруда ешқандай бір іргелі жұмыстардың ұйымдастырылмай, ұмытылып бара жатқанын несіне жасырамыз? Еліміздің бас шаһарлары – Астанада, Алматы мен Шымкентте оны еске түсіретіндей бірде-бір көше, кітапхана, мәдени орталықты кездестіре алмайсыз. Соңғы отыз жылда мемлекеттік тапсырыспен бірде-бір кітабы жарық көрмепті. Тіпті Алматыдағы ақын тұрған үйге (Тайыр Жароков көшесі, 199-үй, 20-пәтер) мемориалдық тақта орнатылмаған. Осындай келеңсіздіктерге қарамастан, халықтың сүйіктісіне айналған ақынның әзіз есімі оқырман жүрегін әлі күнге тербетіп келе жатқанына шүкіршілік етесің... 

 

Тоқаш Бердияровтың ақындық талантын аға буын өкілдерінен Мұхтар Әуезовтен басқа, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Қасым Аманжолов, Әбділда Тәжібаев, Тайыр ­Жароков, Қалижан Бекхожин, Ғафу Қайырбеков, Серік Қирабаев, Сағат Әшімбаев сынды ақын-жазушылар жоғары бағалаған.

 

Ақындық мұраты – елдікті ұлықтау, өрлікті көрсету болса, ақынға тұрғызылған ескерткіштің мұраты – халықтың отаншылдығын ояту, өзін-өзі тануды үйрету. Ақынға көрсетілген құрмет – әде­биетке көрсетілген құрмет. Әдебиетке көрсетілген құрмет – руханиятқа көрсетілген құрмет. Ал ұлттың рухын асқақтату үшін Тоқаш ­Бердияров сынды біртуар ақынға лайықты құрмет көрсетуіміз керек. Одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Мұндай тұлғалардың ескерткіші елдікке қызмет етеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

11:39

11:30

11:19

11:13

10:38

10:32

10:31

10:20

10:10

22:56

21:44

15:41

15:13

14:53

14:13

13:18

12:53

12:06

11:56

11:11

10:39

10:16

10:10

09:30

08:00