ffin.kz

Жедел уәкіл – өте күрделі қызмет

Жедел уәкіл – өте күрделі қызмет almaty-akshamy.kz

Үздік үштікте – алматылық Берік Бибеков


                     


Ішкі істер органдарының аса маңызды құрылымдарының бірі – қылмыстық іздестіру қызметі. Полицияда қылмысты ашып, қылмыскерді құрықтауда жедел әрекет ететін жедел уәкілдердің рөлі ерекше.  Жақында Қылмыстық іздестіру қызметкерлері күніне орай «Үздік жедел уәкіл» республикалық байқауы өтті.


Ең үздік жедел уәкіл  Ақмола облысының қызметкері Елжас Ноғаев атанды. 2-орынды Абай облысының намысын қорғаған Қуаныш Зарипов иеленсе, ал үздік үштікті алматылық жедел уәкіл Берік Бибеков түйіндеді.


Қылмысты ашу, оны сотқа дейін жеткізу оңай шаруа емес. Кез келген тәртіп сақшысы  сияқты полиция капитаны, Алматы қаласы Полиция департаментінің жедел уәкілі  Берік Бибековтің де жұмысы қауырт. Ол Алматы қаласы Полиция департаментінің Криминалдық полиция бөлімі жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды ашу бөлімінде қызмет атқарады. Яғни ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашып, қоғамға қауіпті қылмыскерді іздестірумен айналысады. Соған қарамастан, уақыт тауып, бізге сұхбат берген еді.


Тәртіп сақшысы Ішкі істер органдарында 2018 жылдан бері қызмет атқарады. Қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт тұрғынның басынан атып, қашып кеткен қылмыскерді ұстағаннан кейін  полицияның криминалдық бөліміне ауысқан. Жедел уәкіл қызметіне келгеніне көп уақыт өтпесе де, Алматының үздік жедел уәкілі атанды.



Бұл салаға келместен бұрын Арнайы жедел әрекет ету жасағында қызмет еттім. Қылмыстық іздестіру бөлімінде 2 жылдан астам уақыт жұмыс  тәжірибем бар. Қаңтар оқиғасы кезінде қылмыскер бір адамды өлтіріп, ізін суытты. Көп ұзамай қылмыскерді тауып, қылмысты аштым. Содан кейін мені Полиция департаментінің ауыр қылмыстар жөніндегі жедел уәкіл қызметіне шақырды, – дейді Берік Жұмағалиұлы.


Тәуліктік қызметті былай қойғанда, кейде айлап, тіпті жылдап үй бетін көрмей кететін полиция капитаны жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды ашуда күн сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келеді. Қылмыстық іздестіру қызметінің сақшыларының міндеті – келіп түскен ақпарат бойынша шұғыл әрекет етіп, оқиға болған жерге жету. Өңірдің криминогендік ахуалы қылмыстық іздеу қызметіне тікелей байланысты болады. Бүгінде жедел уәкілдердің кәсіби шеберлігінің арқасында қауіпті қылмыскерлер ұзамай құрықталуда.


Қылмысты жасаған кім? Ең негізгі мәселе  осында жатыр. Жедел іздестіру қызметі қандай қылмыс болсын оқиға орнындағы дәлелдерді тауып, қылмысты өте қысқа мерзім  ішінде ашу керек.


Биыл жазда Алмалы ауданында қылмыстық іс тіркелді. Бір адамды басынан атып өлтірген. Бізге ақпарат түскеннен кейін жедел жеттік. Барсақ, адам баспалдақта жатыр. Беті – қан.  Мен Алмалы ауданының кураторымын.  Адам өлтіру қылмысы тіркелгеннен кейін, аудандағы жедел  уәкілдермен әрекет еттік. Жеке басы анықталып, қылмыстық іс ашылған болатын.


Қылмысқа қатысты қылмыскерді ұстағаннан кейін қылмыс қай ауданда болды, сол ауданның полиция басқармасына алып барамыз. Одан кейін тергеу басталады. Тергеушілер жауап алғаннан кейін қылмыстық іс қозғалады, – дейді жедел уәкіл.


Адам өміріне қатысты қылмыстардың ішінде кісі өлтіру ерекше ауыр қылмыс деп есептеледі. Алматы қаласының Криминалдық полиция бөлімінде 75-ке жуық қызметкер жұмыс істейді. Ал жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды ашу бөлімінде 14 жедел уәкіл бар.


Жедел уәкіл Берік Бибековтің айтуынша, қалада болатын қылмыс саны көп те, аз да емес. Үлкен мегаполис болғандықтан қылмыс болып тұрады.  Аса ауыр қылмыстарды  ашу 99%-ды көрсетеді. Барлық заң бұзушылық анықталып, операциялар сәтті аяқталады. Себебі, жедел іздестіру шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Кейінгі кездері қылмысқа қарсы күресуде бұл қызметтің қажеттілігі мен маңызы артып келеді.


Жедел уәкіл – өте күрделі қызмет. Үнемі алдыңғы шепте жүретін құқық қорғау органдарының маңызды да, қызықты саласы болып есептеледі.  Келгеніме көп болмаса да, бұл жұмысты  жаныңмен беріліп істеу керек екенін түсіндім. Онсыз қызметте нәтиже болмайды. Қауіпті екені рас. Бірақ қиын деп айта алмаймын. Қылмысты ашу бойынша ең күрделі міндеттер жүктеледі. Кәсіби біліктілік – басты талап, – дейді ол.  


Жыл сайын ұйымдастырылатын «Үздік жедел уәкіл» байқауына әр өңірдің үздіктері қатысты. Алдымен іріктеу кезеңдері өтті. Алматының 8 ауданындағы жедел уәкілдер арасынан  республикалық байқауға қала атынан қатысатын үздік сақшыны анықтады. Жалпы, бұл байқаудың жедел іздестіру қызметін одан әрі дамытып,  жедел уәкілдердің кәсіби шеберлігін арттыруға ықпалы зор.


Қалада өткен байқауда 1-орын алып, республикалық байқауға қатысуға мүмкіндік алдым. Жарыстың әр кезеңі тыңғылықты дайындық пен төзімділікті талап етеді. Себебі,  мұның бәрі жедел іздестіру іс-шаралары кезінде, жедел тергеу топтарының құрамында болып,  қылмыскерлерді құрықтауда аса қажет.


Бірінші кезеңде  70 сұрақтан тұратын тест болды. Оған 1 сағат уақыт берілді. Екінші кезеңде тағы да тест сұрақтарына жауап бердік. 20 сұраққа 25 минуттың ішінде жауап беру керек. Қылмыс болған кездегі жедел әрекет, күдіктіні  қалай іздеу керек деген сияқты қызметке байланысты сұрақтар болды. Одан кейін дене шынықтыру дайындығы,  интеллектуалдық, жалпы жедел уәкілдің қырағылығы мен кәсіби деңгейі сыналды.  Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 21 жедел уәкіл арасында жарыс болды. «Үздік жедел уәкіл» атанбасақ та, үздік үштікке іліндік, – дейді ізкесуші.


P.S:  Құрылым құрылғалы бері қызмет барысында  бірнеше қызметкер ерлікпен қаза тапты. Көбі жарақат алды. Қылмыстық іздестіру жан-жақтылықты талап етеді. Жұмыс барысында барлық бағытта жедел әрекет ете алуға тиіс. Жәбірленушімен, тіпті қылмыскермен де жұмыс істей білу керек. Қиындығы көп, күрделі  жедел уәкіл қызметі кез келгеннің қолынан келе бермейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38