Дүние жүзінде орманы көп елдер көшін Канада, Франция, Швейцария, Ресей бастап тұр. Аталған елдер флора мен фауна, тундраға өте бай. Әрбір жасыл желектен шыққан оттегі ауаны тазартып тұрады. Бұларда экологиялық ахуал салыстырмалы түрде әлдеқайда жақсырақ.
Қазақ жерінің табиғаты әр алуан. Сұлулығы өз алдына бір дастан. Біздің мемлекетімізде орман көлемі 4-6%-ды құрайды. Әрине, басқалармен салыстырғанда азырақ. Дегенмен, бұл бағытта атқарылып жатқан істер баршылық. Соның бірі - елорда мен Көкшенің арасын жалғап жатқан қолдан жасалған «Астана орманы». Онда емен, қарағай, аққайың сияқты ағаштар отырғызылған. Сүйікті шаһар Алматының табиғат берген көркі көздің жауын алады. Бірде эколог Мэлс Елеусізов «қаладағы ағаштардың ауа циркуляциясына әсері 700 мың тұрғынға шақталған» деп еді. Соңғы уақыттары қалада көшеттер отырғызу белең алды. Биылдың өзінде 350 мың түп көшет егілмек. Бұл аса қуанарлық дүние деп білеміз.
Ағаш - таза ауа кепілі
Қазақ халқында «бір тал кессең, он тал ек» деген тәмсіл бар. Аса тауып айтылған нақыл сөз. Шынында да экологиялық ахуал бәрімізді толғантады. Сол себепті әркім өз үйінің ауласына ағаш отырғыза бастаса, экологиялық сананың жаңғыруының бір белгісі деп ұғынуға болады. Оның ішінде жеміс-жидекті өсірсе, үлкен пайда болмақ. Бір сөзбен баяндағанда, «бір оқпен екі қоян атады». Ол үшін жер жағдайын, ауа райын, желдің соғуы сынды детальді дүниелерден хабардар болғаныңыз абзал. Қазір көктем уақыты, нағыз науқан жасар кез. Дәл осы сәтте үй айналасын реттеп, талдар түбін қопсытып, ақтап, суғарсаңыз, қырық күн шілденің ыстығында аман-есен сақтай білсеңіз, әрмен қарай тамырланып, күш алып кетері сөзсіз. Егер үлкейіп, әрбір түп мәуелі бәйтерекке айналса, таза ауаны қалыптастырған болып саналасыз.
Талдың пайдасы
Көбіне жер жағдайын ұғынбай жатамыз. Климатқа келіңкіремейтін көшеттерді, жер жағдайына бейімделмегендерді егеміз. Ол көбіне өнбей жатады. Содан кейін бет қайтады. Көрдіңіз бе, кілтипан неден туындайды? Сондықтан келесідей қарапайым қағидаларды ұсынамыз.
Олар:
- Жер жағдайын жете түсіну;
- Көшет сапасын бағамдай білу;
- Күтімін үздіксіз жасау;
- Жиі дәрілеу.
Осындай көзге жәй көрінген нәрселер кәдеге асары сөзсіз. Бастысы, еріншектікке берілмеу керек. Сонда ғана іс өнері анық.
Ой түйіні
Айналаңызды жасыл желекпен көмкеру өз қолыңызда. Елде «атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деп жатады. Осындай алтын сөздер текке айтылмаса керек-ті. Ағаш отырғызып, пайдалы іспен шұғылданайық!