Жасөспірімнің өз жауапкершілігі маңызды

Жасөспірімнің өз жауапкершілігі маңызды Сурет ЖИ

Елімізде қаңтар айынан бастап энергетикалық сусындар сатылымына қатысты жаңа ережелер енгізілді. Бұдан былай аталған өнімдерді 21 жасқа толмаған жасөспірімдерге сатуға қатаң тыйым салынды. Сондай-ақ бұл сусындарды автоматты аппаратқа да қоюға болмайды. Ереже бұзылған жағдайда аппарат иесі жауапқа тартылмақ.

Жалпы, еңсесі басылып, ұнжырғасы түсіп тұрса кімнің де болсын ештеңеге қолы бармайтыны белгілі. Мейлі жұмыста, мейлі күнделікті тұрмыста болсын, бойы сергек, көңіл күйі көтеріңкі адам ғана жігерлі болып келеді, әр нәрсеге құлшынып тұрады. Осы сергек қалпын сақтап тұру үшін біреулер күн сайын кофе ішсе, енді біреулер оның «емін» энергетикалық сусындардан іздейді. Кофедегі белсенді элемент кофеин болса, ал құтыдағы энергетиктерде одан бөлек, ағзаға сергектік беретін таурин амин қышқылы мен көңіл күйді жақсартатын, В тобына жататын дәрумендер бар көрінеді. 

Біз оның атын, затын біле бастағанымызға көп бола қоймағанымен, алғашқы энергетиктердің бірі өткен ғасырдың басында шығарылған екен. Бірақ оның құрамындағы радиоактивті заттардың қауіптілігі ол тұста әлі беймәлім болған. 1918 жылы Американың Нью-Джерси штатында сатылымға шыққан алғашқы энергетик «Радиатор» деп аталған. Оның құрамы таза су мен 226 және 228 радий изотоптарынан, яғни үш-ақ заттан тұрған. Сусын ішкі органдар жұмысын жақсартатын және бас ауруы, диабет, анемия, іштің қатуы, астма сияқты басқа да көптеген сырқаттарды емдеуге көмектесетін нәрсе ретінде жарнамаланған.  

Радийді қолдануды шектеу туралы шаралар тек 1930 жылдардан қолға алына бастаған, ал оған дейін энергетиктің денсаулыққа зияны ешкімнің ойына да кіріп шықпаған. Сөйтіп, радий медицинада және басқа салаларда жиі қолданылған. «Радиатор» сусынының кішкентай бір банкасының өзі 30 доллар тұрған. Бағасының қымбаттығынан кез келген адамның оған қолы жете бермеген. 

Көпшілікке таңсық сусынға құмартқанның бірі – Эбен Байерс болған. Ол бірде қатты құлап, қолын жарақаттап алады. Небір мықты дәрігерлерге қаралса да қолының ауырғаны басылмай қояды. Содан ол бірде жарнамасы жер жарған «Радиаторды» татып көреді де, іле-шала ауруын ұмытқандай болады, күші тасып, өзін керемет сезінеді. Содан бастап әлгі энергетикті күн  сайын ішуді әдетке айналдырады. Ал 3 жылдан кейін басы қатты ауыра бастайды, тістері түгел түсіп қалады. Бірте-бірте денесінің терісі ағып, бас сүйегі әр жерінен ойылады. Ақырында, адам айтқысыз азап шегіп, өмірден өтеді.  

Осы жағдайдан кейін «Радиаторды» сатуға тыйым салынады. Ал Эбен Байерс өз аймағында танымал адам болғандықтан, бұл оқиға жергілікті газеттерде жазылып, радийді қолданудың қауіптілігі кеңінен сөз болады.  

Сайып келгенде, қай заманда да энергетиктердің пайдасынан гөрі, денсаулыққа тигізер залалы, салдары көп екенін түсінген абзал.  

Ережеге жүгінсек, 21 жасқа толмаған жастарға энергетикалық сусын сатқан жағдайда кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылады, яғни оған 15 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл салынады. Егер де екінші рет сатқаны дәлелденсе, айыппұл мөлшері көтеріледі, үшінші, төртінші жағдайда, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұдан бөлек, егер жасөспірім энергетикалық сусынды өз-өзіне қызмет көрсететін жерден сатып алған болса, онда сол автоматты аппараттың иесі жауапқа тартылмақ. Сондай-ақ  сөрелерде «21 жасқа толмаған азаматтарға  энергетикалық сусын сатуға тыйым салынады» деген жазба болуға тиіс. Ондай жазбаның болмауы да заңға қайшы болып есептелетіні айтылуда.

 Энергетикалық сусындар сатылымына қатысты шектеу өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғау мақсатында енгізіліп отырғаны даусыз. Дегенмен, өз денсаулығына, өз болашағына жауапкершілікті әркім өзі сезінгені әлдеқайда маңызды. Әйтпесе сергітетін сусынға құмартқандардың қай-қайсысы да Эбен Байерстің кебін кимесіне кім кепіл?!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

13:47

13:14

12:57

12:36

12:24

11:44

11:18

10:50

10:31

10:28

09:47

09:35

09:15

08:45

08:18

20:34

19:42

19:30

19:01

18:43

18:11

17:50

17:23

17:12

17:03