Көк туымыз – Тәуелсіз Қазақстанның ең басты рәмізі. Халқымыз үшін азаттықтан асыл, байрақтан биік құндылық жоқ. Қазақтың тарихы «Туың жығылмасын!» деген бір ауыз тілекке сыйып тұр. Бабаларымыз қашанда туын биік ұстаған. Елдігі сынға түскен сәтте байрақ астына бірігіп, тұтастығын танытқан. Ерлік пен бірліктің дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, Тәуелсіздік дәуіріне ұласты. Егемен елдің көк байрағы – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
2019 ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ОҚИҒАЛАРЫ
- Жастар жылы: «Жол картасы»;
- Қазақстандағы билік транзиті: Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттігін тоқтату жөніндегі үндеуі;
- Қазақстандағы билік сабақтастығының конституциялық тұрғыдан реттелуі;
- «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы;
- Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы.
Мемлекет басшысының Жарлығымен 2019 жыл – «Жастар жылы» деп жарияланған болатын. Сондықтан жаңа жылдың алғашқы алқалы жиынының жастармен қауышуға арналуы да тегіннен тегін емес еді.
23 қаңтар күні Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйледі. «Баршаңызды Жастар жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам. Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз.Біз бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізіп, Ұлы Дала төсінде әлем мойындаған мемлекет құрдық. Есілдің жағасында еңселі елордамыз – Астананы тұрғызып, тарихта бұрын-соңды болмаған зор жетістікке қол жеткіздік. Жүзеге асырылып жатқан шаралардың бәрі егемен еліміздің болашағы – сіздер үшін жасалып отыр. Барша жастарды өздерінің әлеуетін белсенді жүзеге асыруға, мүмкіндіктерін барынша пайдалануға, заманауи білім алып, күннен-күнге шыңдала түсуге шақырамын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала дәл осы мақсатқа бағытталған»,– деді Елбасы.
2021 жылғы 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Президент ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы үндеуін жариялады. Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелді. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады. Тұңғыш Президент айтқандай бәрі заң шеңберінде өтіп, Президенттің міндетін атқару Сенат төрағасы қызметіндегі Қасым-Жомарт Тоқаевқа аманатталды.
2019 жыл ішінде қоғамдағы бірегей тың өзгерістер де, елеулі жарқын жаңалықтар да, елді дүрліктірген, өкінішке толы оқыс әрі төтенше оқиғалар да жадымызға жатталып қалды.
Қазақ Елінде сабақтастық жолымен жаңа Президенттің сайлануы, Астана қаласының Нұр-Сұлтан болып қайта аталуы, Жастар жылы, Қазақстанның Өзбекстандағы жылы сияқты ерекше атап өтуге тұрарлық оқиғалар аз болмады. Жыл басталысымен «Нұр әлем» сферасында өткен жастар форумында Қазақстан Президенті Жастар жылын ресми түрде ашық деп жариялады.Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға арнайы Жастар жылын өткізудің «Жол картасын» әзірлеу тапсырылды. Ол жас қазақстандықтарды қолжетімді әрі сапалы білім, жұмыс, тұрғын үй және отбасын құру жөніндегі маңызды қажеттіліктермен қамтамасыз етуді көздейтін нақты қолдау шараларын қамтыды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда Қазақстан халқына Президент ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы үндеуін жариялады. Сөйтіп, Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелгені белгілі. Елбасы атап өткендей, Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады. Тұңғыш Президент айтқандай бәрі заң шеңберінде өтіп, Президенттің міндетін атқару Сенат төрағасы қызметіндегі Қасым-Жомарт Тоқаевқа аманатталды. 23 наурызда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласының атауын «Нұр-Сұлтан» деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды.
Арада көп уақыт өтпей-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жолдап, 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін жария етті.
Кезектен тыс Президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Сәдібек Түгел, Амангелді Таспихов, Дания Еспаева, Төлеутай Рахымбеков, Жамбыл Ахметбеков, Әміржан Қосанов түскен болатын. Халықтың 70,76 пайыз дауысын алған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланды. 12 маусымда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті.
Маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты борышы бар азаматтардың кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша жүктемесін азайту шарасы бірқатар санатты қамтыды. Осы науқанның нәтижесінде 500 мыңнан астам азаматтың борыш жүктемесі азайды.
2019 жылдың және бір жаңалығы – жеке тұлғалардың салық өсімпұлын кешіру шарасы. Бұл үшін халыққа негізгі қарызды төлеу міндеттелді. Сонда ғана өсімпұл автоматты түрде өшіріледі. Осы шара жыл соңына дейін жалғасты. Салық рақымшылығы аясында қазақстандықтар 10 желтоқсандағы жағдай бойынша 13 млрд теңге көлеміндегі салық берешегін өтей алған.
26 желтоқсанда Парламент Сенатының 21 баптан тұратын «Педагог мәртебесі туралы» Заңды қабылдауы да ұстаздар өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі. Құжат төрт бағытты қамтыды. Біріншіден, ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайту. Екіншіден, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту. Үшіншіден, материалдық емес ынталандыру тетіктері, сондай-ақ төртіншіден, материалдық ынталандыру қадамдары.
Қазақстан тарихындағы екінші Президенттің Қазақстан халқына алғашқы Жолдауы – «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды көздеген Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік қызметінде халықпен тиімді кері байланыс орнатуды, қоғамдық келісімді нығайтуды, шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруды көздейтінін мәлімдеді.
30 қаңтар
Елбасы облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерімен кеңес өткізді.Қазақстан Президенті халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру мемлекеттің негізгі міндеті саналатынын айтты.
27 ақпан
«Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтті. Партияның «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы қабылданды.
14 наурыз
Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктеріне барып, Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті. Кездесу барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті проблемаларды, туризм, цифрландыру, ғарыш, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ықпалдастықты талқылады.
19 наурыз
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеуін жариялап, президент ретінде өкілеттігін тоқтатты.
Елбасы өз сөзінде Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыда реттелетінін, Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына берілетінін қадап айтты. «Қазір Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Оны сіздер жақсы білесіздер. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады...Ол – адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты.Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін»,– деді Тұңғыш Президент.
20 наурыз
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына ант беру рәсімі өтті. «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы рәсімге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде жоғары әрі жауапты қызметті атқара отырып, Елбасының стратегиялық бағытын жалғастыра беретінін айтты.Рәсім барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасыға «Халық қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» айрықша белгісі табыс етілді.
23 наурыз
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің археологиялық және архитектуралық ескерткіштерімен танысып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін аралап көрді.
Мемлекет басшысына мәдени нысандардың қайта жөндеу жұмыстары және қорық-музейдің аумағын абаттандыру барысы жөнінде баяндалды.
Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне облыс әкімдігінің, басқармалар мен департаменттердің әкімшілік ғимараттарын, сондай-ақ Конгресс холлды, Медиа орталығын, «Ұлы дала елі» орталығын, оқушылар сарайын, туризм колледжін, «Астана» алаңын, әуенді субұрқақты, халыққа қызмет көрсету орталығын және басқа да әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандарды салу барысы туралы есеп берілді.
3-4 сәуір
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев Ресей Федерациясы Президенті В.В.Путиннің шақыруымен Ресей Федерациясына сапармен барды. Қос елдің Президенттері мәлімдеме жасады. «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы өзара сенім, стратегиялық серіктестік және жан-жақты ынтымақтастық негізінде тең құқылы және егемен мемлекеттер ретінде одақтастық қатынастарды және интеграциялық өзара ықпалдастықты дамыта отырып, бұл ретте мемлекеттік егемендік пен тәуелсіздікті өзара құрметтеу, тең құқылық және ішкі істерге араласпау, күш немесе күш қаупін қолданбау, мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, шекараның мызғымастығы, дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешу, халықаралық міндеттемелерді адал орындау, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды қорғау қағидаттарын басшылыққа алады...»,– делінген онда.
9 сәуір
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдағаны жөнінде Қазақстан халқына үндеу жариялады.
«Кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау – өте маңызды әрі қажетті қадам. Біз Елбасымыздың арқасында тәуелсіз, қуатты мемлекет құрдық. Қазақстан халықаралық жүйеде өзіне лайықты орнын алды. Бізді ықпалды және белді мемлекет ретінде бүкіл әлем мойындайды. Қазіргі таңда тарихи кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Жоғары билік заңды және бейбіт жолмен ауысты. Бүкіл әлем қоғамдастығы осы оқиғаны түсіністікпен және құрметпен қабылдады... Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз – біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы Президент сайлауы осыған дәлел болуы керек. Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым!»– деді Президент.
15 сәуір
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу рәсіміне қатысты. «Бізді тіліміздің бірлігі, дініміз, ортақ тарихымыз бен біртұтас тағдырымыз біріктіреді. Халықтарымыз – Орталық Азиядағы ежелгі әрі ұлы өркениеттің мұрагері. Біз дәстүрімізді, бабаларымыздың құндылықтары мен мәдени-тарихи мұраларын сақтап қалдық. Сонымен қатар, көптеген қиын сынақтарды бастан өткердік», – деген Мемлекет басшысы Ұлы Абайдың қазақтарға бауырлас өзбек халқының еңбекқорлығын, қайырымды істері мен қарапайымдылығын үлгі етіп, үйренуге шақырғанын айтып, Өзбекстан басшылығына қазақ мәдениетін қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.
23 сәуір
Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезі өтті. Күн тәртібіне сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті сайлауына Nur Otan партиясының атынан үміткер ұсыну жөніндегі мәселе қаралды. Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты еліміздегі жоғары лауазымға лайықты үміткер екенін айтып, оның Отан алдындағы сіңірген еңбегі мен жеткен жетістіктеріне тоқталды. «Қасым-Жомарт Тоқаев менімен бірге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қызметтің түрлі саласында жұмыс істеді. Ол – ұзақ жылдар Сыртқы істер министрлігіне жетекшілік етіп, Қазақстанның сыртқы саясатын бірге қалыптастыруға атсалысқандардың бірі. Оның дипломатиялық дәрежесі шетелде жоғары бағаланады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болғанын және тәжірибелі мемлекет саясаткері екенін жақсы білесіздер», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
30 мамыр
Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы Президент Жарлығы (Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2019 жылғы 30 мамыр, № 55) жарияланды. Жарлыққа сәйкес, 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік комиссия құрылып, 2019 жылғы 1 қазанға дейін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар бекітілуі тиіс. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін кешенді жаңғырту жөнінде қажетті шаралар қолға алынады.
31 мамыр
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Тускпен келіссөз жүргізді. Тараптар әртүрлі саладағы Қазақстан мен Еуропалық одақ ынтымақтастығының перспективаларын талқылады. «АЛЖИР» мемориалды-музей кешеніне барды. Олар қасірет қақпасының алдында бас иіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етті.
31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде елімізде 1997 жылдан бері аталып келеді.
9 маусым
Елімізде Қазақстан Республикасының Президентін сайлау өтті. Мемлекет басшысы №115 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. Журналистер алдында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауының тарихи күн екенін атап өтті. Ол билік тарапынан сайлаудың ашық әрі демократиялы өтуі үшін барлық жағдай жасалғанын айтты. Сайлау үдерісін 1000-нан астам халықаралық миссиялардың өкілдері, сондай-ақ, 40-тан астам елден келген 350-ге жуық журналист бақылады.
15 маусым
Қазақстан Президенті Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің V саммитіне қатысты.
Бүгінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес – Азия өңіріндегі 35 мемлекетті және жер шарындағы халықтың жартысына жуығын біріктіріп отырған тиімді көпқырлы құрылым.
25 маусым
Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына АҚШ Президенті Дональд Трамптан құттықтау жеделхаты келіп түсті.
«Осы жылдардың ішінде екіжақты қарым-қатынастарымызда үлкен жетістіктерге қол жеткіздік, ынтымақтастық рухымыздың әрі қарай да жалғаса беретініне кәміл сенемін. Америкалық бизнестің Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту бағытында жаңа мүмкіндіктер алғаны қуантады», – деп жазды Дональд Трамп.
Ақ үй басшысы, АҚШ-тың Қазақстанмен кеңейтілген стратегиялық әріптестікті ілгерілету жолындағы бірлескен жұмыстарды жалғастыра беруге ниетті екенін атап өтті.
«Мен ортақ қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау үшін, біздің терең стратегиялық әріптестігімізді ілгерілету ісінде Сізбен ынтымақтастыққа үміттенемін. АҚШ Қазақстанмен мығым әріптестікті бағалайды. Орталық Азия мен жаһандық деңгейдегі ортақ мүдде аясында Сізбен және Қазақстан халқымен бірлескен жұмыстарды жалғастыра бермекпіз. Жұмысыңызға мол табыс тілеймін», – делінген АҚШ Президентінің құттықтауында.
24 тамыз
«Ұлытау 2019» халықаралық туристік форумы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде қазақ халқы үшін Ұлытаудың тарихи мәні мен киелілігін, сондай-ақ, бұл қасиетті мекеннің этнографиялық, зияраттық және экологиялық туризмді дамыту үшін зор әлеуеті бар екенін атап өтті.
– Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз. Еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз керек... Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы керек. Ұлытау туристік мекенге, демалыс аймағына әрі ұлы бабаларға тағзым ету орталығына айналуы тиіс. Бұл өңірге қазақ тарихының символы болатын ескерткіш-ансамбль орнату қажет. Ұлытаудың тарихы мен тағылымын жастар тәрбиесі мен отаншылдық рухты дамытуға пайдалану керек, – деді Мемлекет басшысы.
4 қыркүйек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азия қаламгерлерінің І форумына қатысты. Бұл форум әлемнің 300 ақын-жазушысының басын қосты.
– Бүгінде төл әдебиетіміздің көкжиегі кеңейіп, әлем әдебиетінің даму көшіне қосылды. Қазақ қаламгерлерінің туындылары арқылы дүние жүзі жұртшылығы ұлттық руханиятымызды танып білуде. Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылып, жарыққа шыққалы отыр. Осы туындылар 5 құрлықтағы 90-нан астам елге, яғни екі жарым миллиард оқырманға тарайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
6 қыркүйек
Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы болып өтті. «Ұлттық кеңес мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері елімізді жаңғырту ісіне елеулі үлес қосады деп сенемін. Бұл – өте маңызды міндет» деді бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Халық пен биліктің диалог алаңына айналған кеңес құрамы 42 адамнан жасақталды.
24 қыркүйек
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы Жалпы дебаттарының ашылуына қатысты. Жалпы дебаттарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз сөйлеуі Нью-Йорк сапарының басты оқиғасы болды.
Қазақстан Президенті халықаралық беделді мінберде БҰҰ бүкіл адамзаттың мүддесін қорғайтын әмбебап әрі бірегей ұйым екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы өз баяндамасында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті қауіпсіздік пен даму бойынша толыққанды аймақтық ұйым ретінде қайта құруды ұсынды. Оның айтуынша, Қазақстан бұл ұсынысты 2020 жылы аталған ұйымға төрағалық ету кезінде жүзеге асыруды қолға алмақ.
ЖЫЛ ТҮЙІНІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқын Жаңа 2020 жылмен құттықтауынан (2019 жылғы 31 желтоқсан) :
«...Тарихымыздың төрінде екі жылдың тоғысқан сәтінде айтылатын ақ тілектің орны бөлек. Әрбір азамат, әрбір шаңырақ Жаңа жылдан жақсылық күтеді. Бұл – табиғи дүние. Біздің бүгінгі басты бағытымыз –Жаңғыру жолы.
Баршаға қуаныш сыйлайтын Жаңа жыл мейрамы осы мақсатпен үндеседі.
Өтіп бара жатқан 2019 жыл еліміз үшін аса маңызды оқиғаларға толы болды.
Қазақстан тарихи дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.Тұңғыш Президент, мемлекетіміздің негізін қалаған ұлы тұлға, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық жолы сақталды. Халқымыз Президент сайлауында маған зор сенім артты. Осы орайда, қолдау көрсеткен азаматтарға және бүкіл халыққа шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгінде әлемдегі тұрақсыздыққа қарамастан экономикамыз орнықты дамып келеді. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін нақты шараларды жүзеге асырдық.
Бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын, зейнетақыны, жәрдемақыны және студенттердің стипендиясын көбейтетін болдық. Әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға қолдау көрсету үшін біз бұрын-соңды болмаған бірегей шешім қабылдадық. Соның арқасында 500 мыңнан астам борышкердің қарызы айтарлықтай азайды. Шағын және орта бизнесті қолдау үшін теңдессіз шаралар қабылдадық. Жаңа жұмыс орындары ашылатын болды. Мен ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қоғамымыздың дамуына жаңа серпін беруі қажет. Халық пен билік арасындағы диалогты күшейту үшін маңызды реформаларды ұсындық.Бұл бастамалар ынтымағымызды арттыруға бағытталған. Татулық – ата-бабалар өсиет еткен қасиетті ұғым. Сондықтан, татулық пен бірлікті көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Біз білімі озық, ойы ұшқыр жастарға жағдай жасап, жол ашамыз. Осыған орай, «Президенттік кадр резерві» жасақталды. Биыл Арыс қаласындағы төтенше оқиға кезінде халқымыз мызғымас бірліктің үлгісін көрсетті. Мен халқымызды мақтан тұтамын. Біз кез келген сыннан сүрінбей өтіп, зор табысқа бірге жетеміз деп сенемін. Келесі жылы Конституциямыздың 25 жылдығын атап өтеміз.Ұлы даламыздың даңқты тарихын жан-жақты дәріптеуге ерекше көңіл бөліп келеміз. Абайдың, Әл-Фарабидің мерейтойларына дайындық жұмыстарын бастадық.Алтын Орданың 750 жылдығын мемлекет деңгейінде атап өтетін болдық. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына ширек ғасыр толады. Тиісті іс-шаралардың барлығын ысырапшылдыққа жол бермей, мазмұнды ой тудыратын деңгейде өткіземіз. Мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан тың бастамалардың бәрі ел игілігі үшін жасалып отыр.
Оң өзгерістер жаңа 2020 жылда лайықты жалғасын табады. Дегенмен, сын-қатерлер аз емес. Сондықтан, біз еліміз үшін, халқымыз үшін адал қызмет етуіміз керек. Халықтан биік, халықтан жоғары тұрған ешкім де, ештеңе де жоқ. Қазақстан дамыған, өркениетті елдердің қатарына қосылуы қажет. Біз үшін бұдан басқа тура жол жоқ. Біз 2020 жылды Еріктілер жылы деп жарияладық. Бұл игі істердің бастауы болады. Мұндай шаралар қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты нығайту үшін керек...».