ffin.kz

Жарықтық Жомарт жауынгер

Жарықтық Жомарт жауынгер Сурет: отбасылық архивтен

Қасымжомарт Ергешов ойы көңілге  қонымды, сөзі тұщымды, көркем де келісті, нақышты да нұсқалы сөйлеп, данагөйлігімен бұқараны баурап, сұлу да сырлы әңгімесімен тәмәм жұртты тыңдата білген көпті көрген көнекөз қария болатын. Ел мен жердің өткен тарихы мен тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, рулардың шыққан тегін  жақсы білетін шежіреші еді. Өзі қара қылды қақ жарған шыншыл, бетке бастыра айтатын турашыл, парасат-пайымы жоғары кісі болды. Болашақты болжай алатын, шешендік қасиетінің арқасында оны ауыл адамдары «Жарықтық Жомекең» деп те атады. Хат танып, қалам ұстай алмағанымен, тарихқа терең бойлайтыны қатарластарын әркез тәнті ететін. Кез келген тақырыптан жан-жақты хабардар атамыз радиоқабылдағыштан күнделікті жаңалықтарды жібермей тыңдайтын. Ұл-қыздарына газет алдырып, оқытып отыратын. Балалары тақпақтап айтқан эпостық, жыр-дастандарды да ұйып тыңдайтын.


Қасымжомарт Ергешов 1908 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданы Ортақшыл ауылында ауқатты отбасында дүниеге келген. Әкесі Ергешбай Орта жүз-Торы қыпшақ-Шашты оның ішінде Шегірден  тараған текті ұрпақтың өкілі болған, ру, ағайын, ел  арасындағы дау-дамайларды бұра тартпай, әділ төрелік жасап, мәселені дәл шешіп отыруға билік еткен. Қорасы  қойға, өрісі үйір-үйір жылқыға, табыны түйелер мен сиырларға толы болып,  бір ауылды асырап отырған  байлығы болған. Қасымжомарттың анасы 16 құрсақ көтергенімен, 8-і шетінеп, жеті қыз, бір ұлы қалады. Ергешбай ата тұяғым жалғыз болмасын деп атын екі ұлдың есімі Қасым-Жомарт деп ырымдап қойыпты.  Қасымжомарт өте зерек, алғыр, ойлы, өте қарапайым, қайырымды, қолындағы барын өзгелермен бөлісетін атына заты сай жомарт және турашыл, бірсөзді, мәрт болып ержетті. Мүсәпір-міскіндерге, кемтарларға көмек көрсетуді өмір бойы өзінің азаматтық борышы санаған. Ергешбай атаның анасы, Қасымжомарт атамыздың әжесі «осы жалғызымнан айрылып қалмайын» деп бес уақыт намазын қаза қылмай, Алладан амандығын тілеп, күнде бір бас мал құдайы береді екен. Ергешбай ата отбасында інісі Маматаймен  ұлдан екеу болып өседі.  Сонау зұлмат, ашаршылық жылдары  ауыл халқын және ағайын-тумаларды аман алып қалу үшін Ергешбай ата Маматайдан бөлініп, Жамбыл облысы Шу ауданы Қосқұдық ауылында тұратын әпкесінің қасына барып орнықса, Маматай інісі  қалған туыстарымен Өзбекстанға кетеді. Қасымжомарттың  Шу өңірінде әкесі қайтыс болады. Ол кісінің асын беремін дегенде анасынан айрылады. Аштықтың кесірінен малы таран-таражға түсіп ұрланып, тоналады. Ұлы Отан соғысы басталғанда Қызыл Армия қатарына өз еркімен аттанады. Мұрағаттағы деректерге сәйкес, әскерге 1942 жылдың 10 маусымында Жамбыл облысы Шу аудандық  әскери комиссаритына шақырылып, тізімге 26-шы болып енеді. 26-шы шаңғышылар полкінің  құрамында болып, кейіннен атқыштар бригадасына ауыстырылады. Талай рет қиын сапарларға шығып, жауапты тапсырмаларды орындайды. Белоруссияның Минск, Борисов, Витебск қалаларын,  Брянск орманы арқылы Ресейдің бірнеше қаласын  жаудан азат етуге қатысады. Пулеметші болып, пулеметін сүйретіп жаяу Польшаға дейін барады.


Брянск орманында болған ұрыста минаның жарықшағы қолына тиіп, шынтағын жұлып әкетеді. Содан үш тәулік жатсам керек. О дүниеге аттанып кеттім ба деп ойладым. Баяғы Алладан амандығымды тілеп, күнде бір мал құдайы беретін, соңғы тышқақ лағы қалса да,  мен үшін сойған әжем оятып жіберді. Қозғалуға шама жоқ, әбден жаурап, топыраққа тастай көміліп қалғанмын. Бір қолым  жоқ, жан сезбейді. Көзімді топырақтан әрең аршыдым. Жоғары жақтан кішкене ғана саңылаудан жарық түсіп тұрғандай. Соған қарай ұмтылып-ұмтылып, бір қолыммен топырақты аршып-аршып, әбден әлім қалмады. Шайқаста шеп алға қарай жылжи береді. Жауынгерлердің артқа қарауына мұрша жоқ, ілеспей қалғандарын көбіне  өлдіге санайды. Оқ тиіп, мерт болғандары  қала береді. Мені де мина жарылып, снаряд жарықшақтары тигенде, өлдіге санаса керек, елге қаралы қағаз жіберіпті. Содан дәм-тұзым таусылмапты,  үш күннен кейін ұрыс алаңында көміліп қалған жауынгерлерді іздеп, түгендегенде мені тауып алады. Ол кезде жердің бетіне бір қолыммен тырмысып шығып қалғанмын. Соғыстың соңғы күндерін Польшада өткіздім. Ұзақ емделіп,  1946 жылы елге оралып, үйіне келсе, ағайындары жылдық  асын беріп жатады. Соның үстінен түседі. Мені көріп, бәрі есеңгіреп қалды, ауылда қалған келіншегім күдерін үзіп, тұрмысқа шығып кетіпті. Бұл әкем айтқан естеліктердің бірі ғана. Әңгімені әріден қозғап, жүйе-жүйесімен дәйекті айтатын. Бірақ біз бала екенбіз, әкеміз мәңгі жанымызда жүретіндей көбін жазып алмаппыз.


Қасымжомарт Ергешовтың қан майданда көрсеткен ерлігі ескерусіз қалмай, «Қызыл  Жұлдыз», «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» және басқа да бірнеше  медальдармен марапатталған. Кескілескен шайқаста ержүректілігі үшін ефрейтор атағын иемденіп, «Алғыс хат» алған. Жеңістің әр  жылдары ауылдық, аудандық, облыстық кеңестерден көптеген мерейтойлық төсбелгілер тағатын.


Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Қасымжомарт ақсақалдың атақ-даңқының асқақтауына  жары  Айшаттың қосқан үлесі зор болды.  Анамыз қара жұмыстан қайыспайтын, қаймықпайтын өте  еңбекқор, іскер, турашыл, ешкімнің ала жібін аттамаған адал, жұдырықтай жүрегінен жылулық ұялаған мейірімді, ағайын-туыс, отбасы арасындағы ырысты үйіріп, көрген көзге үнемі айдай шаттанып жүретін ақжарқын кісі еді. Оның қадай салған әр талы тамырланып, мол жеміс беретін алып ағашқа айналатын. Әкем мен анамыз 1946 жылы шаңырақ көтеріпті. 1947 жылы тұңғыштары  Жолдас дүниеге келеді. Бірақ құндақтағы нәрестеге көз тиіп, ерте шетінеп кетіпті. Жалпы анамыз 10 құрсақ көтеріпті, соның төртеуін шақалақ кезінде жер қойнауына берген.  Ата-анамыз бес қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіреді. Әкеміз әр баласының атын ерекше ырымдап, үлкен мән-мағынамен өзі қойған. «Мен  ұшы-қиыры жоқ үлкен бір сара жолға түстім» деп көптен сүйінші сұратқан сәбиінің  есімін Сара қояды. «Ол даңғылда  маған ақыл, ес, парасат керек» деп одан кейінгі қызын Ақыл, «сара жолда қалтаңда ақша болған дұрыс екен, бақытымыз асып, дәулетіміз тасысын» деген ниетпен үшінші перзентінің атын Алтын атапты. Абыз ақсақал үшін бұдан кейінгі қуаныштың жөні бөлек, орны ерек. 1954 жылы Айша анамыздың алпыс екі тамырын иітіп, өмірге шекесі торсықтай ұл келеді. Әкеміз енді абайлап жүрейін әрі ұлым хәкім Абайдай қазақтың біртуар перзенті атансын деп атын Абай қояды. Өзім таңдаған сара жолымда көгімде күнім күлімдеп, түңлігімнен ай сәулесі нұрын шашсын деген ақ тілекпен Абайдан кейінгі қыздарының атын Айымша, Айбала атайды. Ата-анамыз бар баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай  өсірді. Жоғары білім алуларына барлық жағдай жасады. Естуімше, Сара  әпкем мектеп табалдырығын алғаш аттағанда әкем қатты қуаныпты. Сол жылы ауылға ұлттық бұйымдар жасайтың қолөнер шебері келген екен.  Ұстаны үйіне шақырып алып, Сара апама арнап, сандық жасатып, бұйымға аты-жөнін  жаздырыпты. Шебер кеткеннен кейін үлкен бір іс тындырғандай,  шалқасынан түсіп бір керіліп алып, жастыққа жақсылап жантайып тұрып  қызына қарап, «оқышы не деп жазыпты» деп мәз-мейрам болады. «Ергешова Сара» деп оқиды. Атамыз «Жоқ, қатесіз, дұрыстап оқы» деп  қарайды. Әпкеміз тағы да «Ергешова Сара» дейді. Әкеміз түсінбей, басын шайқайды. Шыр-пыр болған анамыз «Балалардың туу туралы куәліктерінің бәрінде Ергешова, сіздің жеке бас құжатыңызда тегіңіз осылай жазылған ғой»,- дейді. Жаным әкем сонда ғана соғысқа кетерде сауатсыздық салдарынан орыстар үйреткен бес әріппен Ергешов деп қол қойғаны есіне түсіп, Ергешбайдың Ергешке, өзінің Қасымжомарттан Жомартқа  қысқарғанын сол сәтте бірақ біліпті.


Ашаршылық кезінде бас сауғалап кеткен туыстар кейіннен бір-бірін іздеп тауып, Ергешбай ата және Маматай ата ұрпақтары 1961 жылы тамыз айында Қызылорда облысы Шиелі ауданы сол кездегі Жеміс-жидек, қазіргі Алмалы ауылына  көшіп келеді. Аты айтып тұрғандай,  бұл ауыл сол кездері жер жәннаты іспеттес еді. Жеміс-жидек, көкөніс, дәнді дақылдың көптеген түрі өсіріледі: жүзім, алма, алмұрт, шие, өрік, қауын, қарбыз...не керектінің бәрі табылатын. Шаруашылықта сол кездері 200 га алма бағы, 100 га жүзімдік болса, 200 га жерге бақша егілді. 500 тонналық жеміс-жидек сақтайтын тоңазытқышы болып, жыл бойы аудан халқын сапалы жеміс-жидек түрлерімен қамтамасыз етсе, жеміс өңдеу цехы арқылы жылына миллион банка консервленген жемістер шығарылып, тосап қайнатылатын, көкөністерден салат жасалып, қауын, қарбыздан джем дайындалып, бүкіл республиканы қысы-жазы тәтті өнімдермен қамтамасыз ететін. Тіпті шетелге де экспортталып, сатылатын. Қасымжомарт әкем мен Айшат анамның іскерлігі мен ісмерлігі көпті таң қалдыратын. Еңбекпен есейіп, өсіп-өнген жандар кіндігінен тараған ұрпағына, бүкіл ауылға ғибратты істерімен үлгі көрсетті. Тіпті анамыздың ауыр қара жұмыстан белі бүкірейіп те қалды. Ерен еңбектері еленіп, талай жоғары марапатқа, төсбелгілерге  ие болды. Совхоз бюджетінен жеке үй салып берді. Айшат анамыздың аты-жөні Қызылорда облысының «Құрмет  кітапшасына» алтын әріппен жазылды, екі мәрте Аудандық Кеңес депутаты болып сайланды, Лениннің туғанына 100 жылдық медалімен марапатталды, ҚазССР Жоғарғы Советі Президиумының  «Құрмет  грамотасы», «Өз кәсібінің шебері» дипломы, екі рет  «Еңбек ардагері» медалімен, «5 жылдықтың жүлдегері» белгісімен  наградталды.


         Әкеміз 1980 жылы 9 маусымда 72 жасында, анамыз 2005 жылы 83 жасында   дүниеден озды. 9 мамыр – Жеңіс күніне қарсы теледидардан Екінші дүниежүзілік соғыс туралы фильмдер көрсетіп жатса, әкеміз жерге зыңылдап түсіп келе жатқан бомбаның дауысын естігенде таңдайын қағып, басын шайқап, «енді адамзат тарихында мұндай жантүршігерлік шайқас болмасын, біздің басымыздан өткен қасіретті  Аллам жастарға, ұрпаққа көрсетпесін» деп отыратын.


Тәуба. Ұрпақтары ата-анадан алған тәлімдерін көкейлеріне өнеге етіп қондыра алған зерек жандар  бүгінде тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерек  іспетті республиканың барлық аймақтарында халық шаруашылығының түрлі салалары бойынша еселі еңбек етіп, бейнеттің зейнетін көріп отыр.


Әке, Ана. Жатқан жерлеріңіз жәннатта, топырақтарыңыз торқа болсын!


 Ергешов Абай Жомартұлы


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58