Гүлбаршын үйіне жақындау балабақшада тәрбиеші болып істейді. Осы жұмыс орны оң жамбасына келе қалды өзі. Себебі, алып қалада екідегі қызын құшақтап, бестегі ұлын жетегіне алып, автобусқа отырып, одан көлігі ағылған жолдан өтіп, балабақшаға жету де оңай емес.
Өздері пәтерде тұрады. Жары таңмен таласа ерте тұрып кетеді жұмысына. Сондықтан оған «бізді көлігіңмен балабақшаға жеткізіп салмайсың» деп ренжудің реті жоқ. Тапқан-таянғандарын екеулеп «Отбасы банкіне» салып жатыр. Ойына алған қаражаттың тең жартысын жинаса, ата-енесі де көмектесеміз деп отыр. Екі балаға балабақша төлемінің жартысын ғана төлейді. Балабақша қызметкерлеріне өз ішінде сондай жеңілдік жасалған. Бұл да болса жас отбасына Құдайдың қарайласқаны. Солай. Көштен қалмай, ұрпақ үшін осылай тіршілік кешіп жатыр.
Бүгін күн жаңбырлы. Себелей жауып тұр. Екі баламен қолшатыр ұстау қолайсыз. «Міне, жақын жер, жетіп аламын ғой» деп, бір жағынан су болып қалмас үшін, екінші жағынан, балаларды қабылдап алу керек, сондықтан жұмыстан кешігіп қалмас үшін екпіндете асығыс жүріп келе жатыр. Бір кезде құшағындағы кішкентай Асылым мойнын созып артына бұрыла берді қайта-қайта. Бірдеңе деп былдырлап сөйлеп қояды. Оған мән беруге Гүлбаршында шама жоқ. Етегінен ұстап алған ұлы да сүрініп кетіп, құлап қала жаздады. Өзінің де қолайсыз ауа райында денесі ауыр тартып жүрісі мандымай келе жатқан келіншек:
– Қызым, тыныш, қозғалақтай берме, қазір су боламыз, тез жетіп алайық, – десе де тыңдамай, артына бұрыла берді.
Анасының мына екпінімен тоқтай қоймайтынын білген бүлдіршін кішкентай қолын жүрек тұсына апарып, өз тілінде «Ме-енім елім, ме-енім елім!» деп Әнұранды шырқай жөнелсін. Сөйтсе, екі жастағы Асылым жолдағы үлкен ғимараттың ұшар басында желбіреп тұрған көк Туды көріп қалып, соны анасына көрсеткісі келіп бұрыла берген екен ғой артына. Жас ананың жүрегі елжіреп кетті. Жақсы ұрпақ тәрбиелеп жатқанына, дұрыс жолда келе жатқанына қуанды.
Қазір жұмысқа жетіп, балаларды түгендеп қабылдап алған соң, жұмыс күні, яғни таң Әнұранмен басталады. Балдырғандар Әнұранның алғашқы нотасын естігеннен-ақ ойыншықтарын тастай салып, орындарына ұшып-ұшып тұрып, нәп-нәзік қолдарын кеуде тұсына апара қойып, әдемі әуенге ілесе жөнеледі. Тап-таза жан дүниесімен орындайды олар. Патриоттық сезім кішкентай жүректерге де солай орнығып алған.
Әнұран демекші, күні кешегі мектептегі соңғы қоңырау кезіндегі бір оқиға да әлі көз алдымда. Кенжем оқу озаты атанды да, салтанатты іс-шараға ата-ана ретінде мен де барып қатыстым. Баламның қуанышына ортақтасқым келді. Бір кезде Мемлекеттік Әнұран басталды. Үлкен-кіші сілтідей тына қалып, кеудемізге қолымызды қойып, қосыла кеттік.
Мен секілді мектепке келген бір ата-ана кішкентай баласын 9-10 жастардағы қызына табыстап кеткен сыңайлы, өзі көрінбейді, ал әлгі қыз бала қолды-аяққа тұрмай, аяғын тәй-тәй басып жүрген бөпесінің соңынан ол қайда барса сонда, соңынан салпақтап жүр. Бір қолы – сәбидің желке тұсында (құлап қалмасын дегені), екінші қолы – өз жүрегінде, солай Әнұранға қосылып шырқап жүр. Сол сәт «Елді, Отанды сүюді баладан да үйренуге болады» деген ой келді көкейге.
Міне, біздің болашақ!