ffin.kz

Жаңашылдық - жақсы ұғым

Жаңашылдық - жақсы ұғым Almaty-akshamy.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі» деп айқын жолды бағдарлады.


Осы бағытта рухани дүниелерімізді саралап, ғылым мен білімге назар аудармай өте алмаймыз. Осыған байланысты әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің PhD докторнаты Алмас ОРАЛБЕКТІ әңгімеге тартқан едік.


«Жаңа Қазақстан» бастамасының маңыздылығы туралы ой-пікір білдірсеңіз?


– Алдағы күндерге үмітпен, зор сеніммен қарайтын халқымыз Президент Жолдауынан айрықша өзгерістер мен тың жаңалықтар күткені анық. «Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша» деп бастаған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде орын алған түрлі аласапыран оқиғалар мен түйткілді мәселелерді талдай келе, осыған дейінгі жіберілген ағаттықтардан сабақ ала отырып, сол күрмеуі қиын мәселелерді шешудің жолы ретінде өзгерістер жасаудың жаңа кезеңі келгендігін алға тартты. Сондай-ақ Қазақстан халқына саяси жаңғыртудың кешенді бағдарламасын ұсынды.


Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі саяси-экономикалық, әлеуметтік өзгерістердің өзектілігін әлемдік ірі тәжірибелермен  сабақтастыра келе, «саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес» екендігін баса айтты. 


Президент өз Жолдауын «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым» «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным», сияқты тараулармен тарата айтып, Тәуелсіздік алғалы 30 жылдан бергі түрлі саладағы қордаланған мәселелерге баса мән берді. Еліміздің даму жолында тұрақтылық пен бейбітшіліктің бұзылмауын, теріс пиғылды күштердің арам ойларына тосқауыл қойып, ел тыныштығын сақтап, халықтың бейбіт күнде шат-шадыман өмір кешуі үшін, ел арасында бірлік, ынтымақ, ауызбіршілік ауадай қажеттігін, сонымен қатар халық денсаулығы, құқықтық норматифтердің сақталуы, сапалы білім алуы, т.б. мәселелерді басты нысана ете отырып, мемлекет пен халықтың арасындағы сенімді күшейтудің маңыздылығын қадап айтты.  Сонымен бірге  саяси реформаларының бұл төрт топтамасы халықтың ой-пікірімен санаса отырып, «еститін мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың алғы шарты болып табылды.


«Елу жылда ел жаңа» дегендей, қандай да бір тарихтың өтпелі кезеңі болады. «Жаңа Қазақстан» бастамасы еліміз өркендеуіннің тағы бір жаңа кезеңге бет алған тағы бір серпінді кезеңі деуге болады. Сол себепті бұл бастаманың халқымыз үшін, жарқын болашақ үшін, қай жағынан алып қарасақ та, мәні де маңызы да аса зор деп санаймын.


– Ғылыммен шұғылдану, бар зейініңді салу, ой еңбегін талап етері анық. Жалпы «ғылымның қара жұмысы» жайлы атып берсеңіз?


– Бүгінгі сананы тұрмыс билеген нарықтың заманында ғылыммен айналысуды үлкен ерлік дер едім. Себебі, жеңіл жолға жүгінбей, ауыр да болса өзінің сүйікті ісімен айналысып жүрген ғылым адамдарының еңбегі қоғамның кейбір өзге де саласындағы жандардың еңбегімен салыстыра қарағанда, аса елене бермейді. Үлкен табандылық пен жүйелі білімді қажет ететін ғылыммен айналысып, содан бір нәтиже шығарудың жолында тер төгіп жүрген жандарға қарап іштей сүйсінесің.



Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби: «Ғылым үйренем деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері, тілек-мақсаты ақиқат пен әділдік үшін талап жолында болуы шарт. Жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмасқа керек» деген екен. Атақты ойшылдың ғылым жөнінде айтқан осы бір сөзі ғылым жолында жүрген адамның қандай салмақты жүк арқалап жүргенін аңғару қиын емес. Себебі, ғылымға дәлдік пен ақиқат керек. Сол дәлдікті нақтылап, ақиқатын ашу үшін сіздің біраз тер төгуіңізге тура келеді.



Ұлы Абай: «Ғылыммен шұғылдану - бұл нағыз адамдық болмыстың көрінісі. Қалған тірліктер бос тірлік. Пенденің адам болғанының көрінісі - ғылымға деген идеямен ауырғаны. Өйткені адам ғылымды шын көңілімен көксесе ғана, ол адамның аты шын адам болады екен» деген екен. Менің ойымша, ұлы ақынның айтпағы сенің ертеңгі өмірің, жарқын болашағың - бәрі осы ғылыммен келетінін, ғылымсыз болашағыңның бұлдырап, адамшылықтан алыстай беретініңді айтып отырғандай.



 Адамзаттың ұлы жетістіктерінің бәрі - ғылымның нәтижесі. Ғылымға шынайы кіріспей, сезінбей, жан-тәніңмен берілмейінше, одан ешқандай нәтиже шықпайды. Дамыған өркениетті елдердің бүгінгі біз көріп отырған нәтижелерге қол жеткізгені - ғылым жолында жанын аямаған, білімге деген құштырлығының арқасы. Сол тәжірибелерді қарап отырсақ, ғылымның қай саласы болса да, үлкен жауапкершілік пен білімнің, ниет пен күштің керек екенін аңғарамыз.   



 – Біздің рухани мұраларымыз жеткілікті. Әлі де зерттелмей, көзге ілінбей жатқан қолжазбалар немесе қайта басуды қажет ететін дүниелер бар ма?


Еліміздің қолжазба қорларында сақталған рухани мұрамыз жеткілікті. Оның ішінде қоры ең мол деп саналатын Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қоры мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорын айрықша айтуға болады. Аталған екі қолжазбалар қорындағы біраз мұра «Бабалар сөзі» деп аталатын үлкен еңбекті дайындау барысында зерттеліп, текстологиялық жұмыстар жүргізіліп, ғылым жұртшылықтың назарына ұсынылды. Алайда бұл серияның талабы тек фольклорлық мұраны жарыққа шығару болғандықтан, авторлық қолжазбалар енгізілмеді. Сол себепті біздің мол рухани мұрамыздың әлі де болса зерттелмей, көзге ілікпей қалғандары жетерлік деп айта аламын. Әрине, ол қазыналарымыз да қараусыз қалмайтыны анық. Қазақта ақыны жоқ өлке жоқ. Осы тұрғыдан келер болсақ, еліміздің әр өңірінің ақындық мектептері қалыптастырған халық ақындары жетерлік. Алайда өз заманында ауыл молдасынан хат танып, арабша сауаттанған ақындарымыздың араб харпінде жазып қалдырған шығармаларын жалпақ жұртқа таныстыру үшін, оны жалпыға ортақ харіпке түсіруге тура келеді.


Ал енді «қайта басуды қажет ететін дүниелер бар ма?» деген сұрағыңызға келер болсам, әрине, бар. Мен бұл жерде Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің қолжазбаларын қайта қарау керек дегенді айтар едім. Себеі, Мәшһүрдің қолжазбалары қадым жазуымен жазылғаны себепті, оқылуы қиындау, сонымен бірге араб, парсы сөздері жиі кездесетіндіктен, қолжазбаның кейбір сөздері қате оқылып, сол күйінде басылып кеткен. Сөзі қате оқылды деген - ол автордың айтпақ ойын оқырманға басқаша жеткізеді деген сөз. Сол себепті, әсіресе, ХІХ ғасырға тән қолжазбаларды оқу өте мұқияттылықты талап етеді. Қолжазбаны оқитын адам тек әріп танып қана қоймай, сөздік қоры мол болуы шарт, сондай-ақ ақындықтан хабары болуы бек ләзім.


Әдебиет, фольклор саласында еңбек етіп келесіз. Өзіңіз білетін елге танылған батыр, би, ақын туралы аңыз-әфсана айтсаңыз?


– Жалпы, біздің батырларымыз, билеріміз, ақындарымыз туралы деректердің басым көпшілігі осы аңыз арқылы жеткен. Осылардың ішінен бірін айтар болсам, мысалы, атақты үш биіміздің бірі Қазыбек би туралы аңыздар ел арасына көп таралған.


 Бір үлкен ас болып, сол аста бәйгіге шапқан қаншама аттың алдынан бір қара жал құла жеке-дара озып келіпті. Асқа жиналған топтың ішінен бір адам:


– Мынау менің тай күнінде жоғалтқан атым,– деп аттың шылбырына жармасады. Атты қосып отырған иесі:


– Жоқ, бұл мүлдем жала, өзімнің кер биемнен туған қол тума малым,– дейді. Көпшілік екі жағына да «сенікі жөн» деп айта алмай, содан барып Қазыбектің туған әкесі Келдібек биге жүгініске келеді. Бірақ екі даугердің сөзін тыңдаған Келдібек «ат сенікі» деп кесіп айта алмай, дағдарып отырып қалады.


Екі даугердің айтқан дәлеліне құлақ түре жүріп, оған билік айта алмай дағдарған әкесін байқап, жеті жасар Қазыбек:


– Сен қалай танығыш болып алдың? – деп даугерлердің біріне сұрақ қояды.


– Мен енесін көрсем, одан туған төлін, төлін көрсем енесін жаза баспай танимын,– деп жауап береді, атын тай күнінде жоғалтқан адам. Сонда Казыбек атты бәйгіге қосқан адамға:


– Кәні, сіз қалай мал танығышсыз? – дейді.


– Мен енесін бір көрсем, ішіндегі құлынын туғаннан кейін сол биеден туғанын бұлжытпай танимын,– дейді. Сонда Қазыбек тұрып:


– Жарайды. Енді екеуің бар да, анау жүрген қозыдан екі қозы ұстап әкеліңдер,– дейді. Олар барып алып келгенде:


–  Қозыны көгендеп қойыңыздар да, өрістегі қойдан өздерің әкелген қозының енесін алып келіңдер,– дейді.


Екі даугер өрістегі қойдан екі саулықты алып келіп қозыларды бауырына салғанда, ат қосқан адам әкелген саулық қозыдан жериді, қозы да жатсынып саулыққа жуымайды. Ал тай күнінде жоғалттым деген адам саулыққа қозысын салғанда, енесі еміреніп тұра қалады. Қозы бауырына кіріп еме береді.


Қазыбек көпшілікке қарап:


– Кәне, халайық, бұған сіздер не айтасыздар? – дегенде, көпшілік бір ауыздан «ат тай күнінде жоғалтқан адамдікі» екен деседі.


Дәстүрлі сауал. Болашақ кімнің қолында деп ойлайсыз?


Болашақ, әрине, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың қолында. Бүгінгі өскелең ұрпақ жаһанданудың жақсы жақтарын бойына сіңіріп, қиыншылыққа мойымай, білім алып, ғылым іздеп, талаптану керек. Ұлы Абайдың «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз...» деген сөзімен ойымызды түйіндейік.


–  Әңгімеңізге рахмет!



 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04