Жаңа жылдық тілектер әскерде де орындалады

Жаңа жылдық тілектер әскерде де орындалады ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Жаңа жыл — әрдайым үміт пен ізгі ниетке толы ерекше кезең. Бұл уақытта жүректерде ғажайыпқа деген сенім оянып, шынайы тілектердің орындалуына жол ашылады. Осындай сиқырлы сәттерде жасалған әрбір игі іс айрықша маңызға ие. Сол ізгі бастамалардың жалғасы ретінде биыл жаңа жылдық қуаныш ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери бөлімдеріне де жетті.

Жаңа жыл қарсаңында Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаздардың бес бірдей асыл армандарын орындады. Ешқандай орындалар деген үміт пен есепсіз айтылған тілектер күтпеген жерден шындыққа айналды. Бұл — Жаңа жыл қарсаңындағы ізгі ниеттің айқын көрінісі.

Әскер қатарында арнайы сауалнама жүргізіліп, сарбаздар өз тілектерін бүкпесіз, ашық жеткізді. Олар қызмет барысында армандарының орындалатынын күтпеген еді. Алайда жаңа жыл жақындаған сайын, тіпті ең қарапайым тілектердің өзі орындаулы мүмкін екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Мәселен, Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Александр Мирошин бұрын-соңды ұшаққа мініп көрмегенін және көкке көтерілуді армандайтынын жазған. Оның бұл тілегі Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының қолдауымен орындалды. Ұшудың алғашқы сәттерінен-ақ сарбаздың қуанышы мен толқуы айқын байқалды. Шынайы бақыт, қуаныш сезімі оны бүкіл сапар бойы жетелеп отырды.

Алайда жаңа жылдық қуаныш мұнымен аяқталған жоқ. Қонған сәттен кейін Александрды тағы бір тосын сый -  анасымен қауышу күтіп тұрды.

Сарбаздың анасы Наталья Мирошина бұл күні тек ұлының ғана емес, өзінің де арманы орындалғанын жеткізді. Себебі әскердегі баласымен жүздесу — жаңа жылда көп отбасылар аңсайтын ең қымбат сый.

Ал Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Райымбек Бақытбек шоколад өнімдерінің қалай дайындалатынын көргісі келетінін жеткізген. Бас қолбасшының жаңа жылдық тартуы ретінде оған еліміздегі танымал «Рахат» кондитерлік фабрикасына экскурсия ұйымдастырылды. Сарбаз тәтті өнімдердің өндіріс технологиясымен танысып, Қазақстанның танымал брендіне айналған фабриканың жұмысын өз көзімен көрді.

Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімінде қызмет ететін Дастан Нұрлан Жаңа жыл қарсаңында бүкіл ротасына мерекелік көңіл күй сыйлауды армандап, бір жәшік мандарин тіледі. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысынан келген сәлемдемені ол өзіне ғана қалдырмай, қарулас достарымен бөлісіп, бөлімшеге ортақ қуаныш сыйлады.

Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Элербек Сұлтанқұлов сурет салуға деген қызығушылығын қайта жандандырғысы келетінін айтқан. Оның тілегі күтпеген әрі әсерлі сәтте орындалды. Шығармашылыққа арналған құрал-жабдықтар кешкі тексеріс кезінде табысталды. Бұл сарбаз үшін ерекше есте қаларлық сәт болды.

Осы әскери бөлімде қызмет ететін қатардағы жауынгер Жүніс Қарабаевтың тілегі де көпшіліктің жүрегін елжіретті. Ол отбасының суреті бейнеленген шыныаяқ армандаған. Генерал-майор Аңсаған Балтабеков табыстаған бұл сый сарбаз үшін туған үйін, жақындарын және алыста жүрсе де сезілетін жылулықты еске салатын қымбат белгіге айналды.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланында мерзімді әскери қызметшілердің материалдық қамтамасыз етілуімен қатар, олардың моральдық-психологиялық жағдайына да ерекше көңіл бөлінеді. Әрбір сарбазға деген қамқорлық — қызметтің маңызды құрамдас бөлігі.

Жаңа жыл қарсаңында орындалған тілектер сарбаздар үшін құқықтық тәртіп әскерлеріндегі қызметтің жарқын әрі жылы естелігіне айналатыны сөзсіз. Осындай сәттерде қолбасшылық тарапынан көрсетілген қолдау мен жанашырлықтың маңызы арта түсіп, әскери қызметшілерге деген қамқорлықтың әрдайым басты назарда екенін айқын көрсетеді.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:20

11:53

11:49

11:20

11:10

11:06

10:53

10:11

09:59

09:50

09:40

09:25

09:10

08:31

17:49

17:22

16:59

16:52

16:19

15:50

15:16

14:23

14:13

12:10

11:45