МӘСЕЛЕ
Алматының экологиялық ахуалын жақсартуда электрокаттардың маңызы зор
Алып шаһардың экологиясы бүгін немесе кеше туындаған мәселе емес. Сондықтан бұл мәселені қоғам болып шешетін кез келді. Ол үшін не істеу керек? Алматының экологиясын жақсартуда қандай шараларды қолға алған жөн? Бұл мәселеге сала мамандарының пікірі қандай? Қала тұрғындары не дейді? Бүгінгі күннің осы өзекті сауалдарын жан-жақты саралап көрелік.
Жалпы, көлік саласының мамандары Алматының экологиялық жағдайын жақсарту үшін жолаушылар тасымалының төрттен үш бөлігін – табиғи газбен жүретін автобустар мен электрлі қозғалтқыштары бар көліктер, троллейбустар, метро, электр пойыздары, автомобильдер мен аспалы жолдар секілді басқа да экологиялық таза көліктерге көшіру керек деп есептейді. Өйткені, бұл көліктерден қоршаған ортаға келетін зиян жоқтың қасы.
Баршаға мәлім, бүгінде Алматының аумағы шеткі елді мекендердің қосылуы есебінен ұлғайды. Нақтырақ айтсақ, 1998 жылдан бастап мегаполиске 500 мыңнан астам тұрғыны бар 27 елді мекен қосылды. Әлбетте, тұрғын саны артқан сайын автокөліктердің де саны соғұрлым артатыны белгілі.
Дерек және дәйек
Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда қалада (2023 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша) көліктің барлық түрлерін қоса есептегенде ресми тіркелген 594114 көлік бар. (Оның ішінде 513 219 жеңіл көлік, 39 050 жүк көлігі, 9485 автобус, 7730 мотоцикл, 1195 арнайы қызмет көлігі, тіркемесі бар 23 435, тіркемесі жоқ – 23 435 бар). Енді сіз осыған сырттан келетін 250 мыңға жуық көлікті қосыңыз. Сонда қала көшелерінде күн сайын шамамен 600–700 мыңға жуық көлік жүреді. Бұл жағдай алып шаһардағы жол-көлік қозғалысын қиындатып, кептелістің туындауына ғана себепші болып отырған жоқ, сонымен қатар, қоршаған орта мен ауаның ластауына алып келуде.
Өздеріңізге белгілі, бүгінгі көліктердің басым бөлігі бензинмен жүреді. Экологтардың айтуынша, бір тонна бензин жанған кезде, ауаға 800 келі зиянды қоспа бөлініп шығаратын көрінеді. Ал көлік қозғалтқышы этиль бензинімен жүретін болса, одан ауаға қорғасын тарайды, топырақ бүлінеді, нәтижесінде адам денсаулығына орасан зор зиян келеді екен. Сондықтан да бұл кезек күттірмей шешімін табуы тиіс мәселе.
Келешек көлігі
Электрмобильдер өндірісі - бүкіл әлем бойынша автомобиль өнеркәсібінің ең болашағы зор бағыттарының бірі. Электрлі көлік нарығы көптеген шет мемлекеттерде бірнеше жыл бұрын дамып кеткен. Бірақ біздің еліміз көліктің бұл түрін пайдалануға енді ғана бет бұра бастағандай. Өйткені, бұл мәселе бүгінде қоғам арасында жиі айтылып, биік мінберлерде де жиі талқыланып жүр. Негізі, бізде аталмыш көліктер туралы насихат аз болды. Әсіресе, қазақтілді аудиторияда электрмобильдер туралы ақпарат жоқтың қасы еді. Ол орыстілді және қазақтілді азаматтардың арасында экологиялық таза көліктерге деген екі түрлі ұстаным пайда болып, нәтижесінде бұл көзқарас аталмыш көліктердің танымалдығына кері әсерін тигізді. Токпен қозғалатын темір тұлпарлардың Қазақстан нарығына сұранысқа ие болмауының келесі бір себебі, оның құнында еді. Мәселен, Tesla көлігінің бағасы 30 млн теңге тұратыны айтылады. Бұл, әрине, біздің елдің азаматтары үшін қолжетімді баға емес екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан орташа табысы бар ағайынның өзі мұндай қымбат автокөлікті сатып алуға аса құлықты болмады. Осы себептер қарапайым тұрғындар арасында «электрлі көліктер қымбат» деген пікір қалыптасты.
Сарапшылар әлемде Tesla-дан басқа да токпен жүретін бағасы арзан брендтер көп екенін айтады. Мұндағы арзан деген көліктер сапасыз дегенді білдірмейді. Міне, осындай пайдалы мәліметтерден біздің отандастарымыздың біразы бейхабар. Сондықтан бізге дизельмен және бензинмен жүретін көліктерден біржолата бас тартып, жуық арада электромобильдерге көше саламыз деп айту қиын.
Баламалы транспорт үшін бар жағдай жасалады
Қазір алматылықтардың көбі темір тұлпарларын жеңіл транспорт түрлеріне ауыстырып жатыр. Оған қала көшелерінде самокат мінген тұрғындардың көбеюі дәлел. Еуропада баламалы көліктер үйреншікті транспорт түріне әлдеқашан айналып үлгерген. Тіпті, бұған мемлекеттік және аймақтық дәрежедегі заңдар да қарастырылған. Мәселен, Францияда самокаттардың жүру жылдамдығы сағатына 25 шақырымға дейін шектелді. Ал Литвада темір тұлпардан бас тартып, экологиялық таза велосипед, скутер немесе самокатқа ауысқандарға арнайы субсидия бөлінеді екен. Ал бізде алғашқы кездері самокаттардың болашағы бар дегенге ешкім сенбеді. Өйткені, бұл көлік басында көпшілік үшін аса танымал болмады. Сол себепті, ешкім қызығушылық танытпады. Бірақ қазір дәл осы самокаттар өміріміздің бір бөлшегіне айналып үлгерді. Бір қиыны, самокаттар көбейген сайын, жол апаты, жол ережелерін бұзу секілді күтпеген қиындықтарға тап болып жатырмыз. Бір қуанарлығы, Алматы қалалық мобильділік басқармасы өкілдері алдағы 10 жылда баламалы транспорт үшін бар жағдай жасалатынын айтып отыр.
Демек, Алматының экологиясына көліктердің қосар үлесі зор. Ең бастысы, қай салаға болмасын өзгеріс енгізу үшін, ең алдымен, қоғамның көзқарасын, бизнестің мүдделерін және мемлекеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, жаңа әрі тиімді бағдарлар кезең-кезеңімен жүзеге асырылғаны жөн.
ТҮЙІН: Сонымен, Алматы жаңа дәуір жаңалығы саналатын экологиялық таза көліктер – электромобильдер көшіне ілесе ала ма? Қазірше, «жоқ» деп айтуға тура келеді. Өйткені, көліктің құнын табысы аз қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Экономикаға да, экологияға да пайдасы зор көлікті бүгінде еліміздің бай-бағландары ғана мініп жүр. Егер олардың саны артсын десек, бізге, ең алдымен, тиісті инфрақұрылымды құру керек. Ал сарапшылар электромобильдердің қолжетімділігі мемлекет қолдау көрсеткен кезде ғана артатынын айтып отыр.
Әзірге Алматының ауасын тазартуға қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, электробус, экобус, метро, т.с.с. қоғамдық көліктер үлес қосып жүр. Егер Алматы билігі қалаға кіретін көліктерді шектеп, экологиялық көліктер санын арттырса, бұл мәселе жақын болашақта шешімін табары сөзсіз. Ал оның жүзеге асуына қазірше уақыт қана төреші.
Тақырыпқа орай. Тиімді көлік
Электромобиль дегеніміз – аккумулятор батареяларынан күш алатын, электроқозғағыш арқылы қозғалатын көлік құралы. Бұл көліктің біз мініп жүрген көліктерге қарағанда артықшылықтары көп. Ең бастысы, олар қоршаған ортаны ластамайды. Токпен жүреді, сондықтан мұнай нарығына тәуелді емес. Қозғалыс кезінде дыбысы шықпайды. Салық төлеуде жеңілдіктер қарастырылған. Қарапайым көліктерден тағы бір ерекшелігі – бөлшектері аз. Қозғалтқыш, батарея, көліктің қаңқасынан тұрады. Сондықтан бұл көліктерді сапасыз етіп жасау қиын. Себебі, қозғалтқышы стандартты, батареялары бірдей. Тағы бір ескеретін жайт, электр көліктер бағасына батареяның көлемі ғана әсер етеді. Мәселен, Tesla 300–400 шақырым жүруге қауқарлы. Ал мамандар қала тұрғындарының күніне 100 шақырымнан артық жол жүрмейтінін зерттеген. Осы жағынан қарағанда қалалықтар үшін белгілі бір қашықтыққа жүруге жарайтын арзандау электр көлігі біз мініп жүрген көліктерден әлдеқайда тиімді.
Шетел тәжірибесі
Мәселен, Қытай елі нарыққа бірден арзан электрмобильдерді шығарған екен. Нәтижесінде бағасы 3-4 миллион теңгенің айналасындағы көлік бүгінде көршілес ел көшелерінде қаптап жүр. Қуат беру стансаларының өзі 800 мыңға жуықтайды. Қытайлықтар бұл жетістікті мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырған.
Маман пікірі:
Жұмажан ЖАҢБЫРОВ, көлік саласының профессоры. Қай елден көлік әкелінсе, сол елмен бірігіп мамандар дайындау керек
Экологиялық таза көлік саналатын электрмобильдерге ауысу үшін жаңа өнім халыққа барлық жағынан тиімді болуы тиіс. Келешектің көлігін тұтыну, ол әрине дұрыс. Бірақ мынадай мәселе бар. Электромобильдердің аккумуляторлары 8-9 жылдан кейін утилизациялануы тиіс. Ал оны қалай жасайды? Оған арнайы орындар, қондырғылар мен технология керек. Бұл – бір. Екінші, мен, мысалы, Қытайдан келіп жатқан «Wolkcvagen» электромобильдерінің конструкциясын қарап, танысып шықтым. Ал енді осы көліктерді жөндейтін бізде сервис орталықтар бар ма? Мамандар қайда? Жақында осы көліктерді бізге әкеліп жатқан өкілдермен сөйлестім. Олар біздің қазақтарды үйреткісі келмейді, тек қана қытайдың мамандары болуы керек дейді. Соған қарағанда, мұның артында үлкен проблема бар.
Тағы бір мәселе, біз темір тұлпарларды қай елден алсақ та, барлығына таңдау жасауға тиіспіз. Себебі, электрмобильдер қай жақтың өндірісінен шықса, соған сәйкес сол елмен бірігіп мамандар дайындауымыз керек. Оның ерекшеліктері көп. Тіпті көлік жүргізушілерді дайындағанда, психологиялық факторлар болады. Қарапайым ғана бір мысал келтірейін. Жақында көлігімді бір көрсейін деп арнайы көлік жөндейтіндерге бардым. Барсам, көліктің артқы жағын соғып алған, жап-жаңа «Wolkcvagen» тұр екен. Не болғанын сұрасам, салоннан шыққан бойда сатып алушы артқа қарай жүрмек болып, газға басып қалған. Өзіңіз білесіз, біздегі көліктерді оталдырғанда гүрілдеп дауысы шығып тұрады. Ал мына көлікте ондай дыбыс жоқ. Содан қозғалтқышты қосқанда, артқы қабырғаға барып соғылған. Көрдіңіз бе, мұндай келеңсіздіктерге ұрынбас үшін бізге электрмобиль жүргізетіндерді, механиктерді оқытатын арнайы курстар ашуға тура келеді. Егер осыларға дайын болсақ, әрине, ерте ме, кеш пе біз осыған келеміз. Бірақ бұл көліктер ауылдық жердегі ағайындар үшін тиімсіз деп ойлаймын. Өйткені, қаланың өзінде бұл көліктерге арналған сервис орталықтар жоқтың қасы. Ал ашып жатсақ, үлкен жетістік болмақ.
Қазір байқасаңыз, Алматыда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жүк көліктерінен бастап, ескісі бар, жаңасы бар көліктер толып жүр. Менің ойымша, көшелерге тәртіп орнату үшін ең бірінші әкімшілік мүмкіндікті толық пайдалану керек. Содан кейін барып қалғандарын реттеуге болады. Мәселен, қалада қазір мопедтерге жүруге рұқсат берілді. Бірақ олар жылт етіп ана жерден, мына жерден шыға келгенде көлік жүргізудің өзі қауіпті болып бара жатқанын мойындайсың. Ендеше, қала көшелеріндегі тәртіпті жөндемей «аспандағы айға» қол созудың қажеті шамалы. Ал бұл мәселені жергілікті әкімдіктің, қоғамдық кеңес мүшелерінің, мәслихат депутаттарының қолдауымен заңды тұрғыда шешуге әбден болады.