Жаңа Ата заң – Жаңа Қазақстан
Бүгінде еліміз жаңа бір саяси, тарихи кезеңді басынан өткізгелі отыр. Басты оқиға - еліміздің Негізгі заңы - Ата заңымызға бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерістер мен толықтырулар енгізу яғни референдум өткізу. Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында: «Біз Екінші Респуликаны бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемелекет боламыз», - деп атап өткен болатын.
Жаңа Қазақстанды құрудың негізгі мақсаты - қоғамдағы саяси жүйені түбірімен өзгерту, халық үніне құлақ асқан әділеттілік ережелері салтанат құрған ашық қоғамды мемлекет. Бұл халқымыздың көптеген жылдар бойы күткен мақсат мұраттары мен талап тілектерінен туындап отыр. Себебі азаматтарымыз мемлекеттік басқару ісіне, қабылданатын шешімдерге қатысты өз пікірлерін білдіру мақсатында кең мүмкіндіктердің берілгенін қалайды.
Жалпы, барлық дамыған демократиялық мемлекеттерде референдум өткізу, халықтың пікірімен санасу - заңды құбылыс. Алайда демократияның негізгі тетіктерінің бірі болып саналатын бұл құбылыс Қазақстанда толық көлемде жүзеге асырылмады. Елімізде 1995 жылы Конституция қабылданғаннан кейін Ата заңымызға 4 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілгенімен, азаматтарымыз бұл үдеріске тікелей қатыса алмады және өз ұстанымдарын білдіре алмады. Бұл саяси үдерістер тек Парламент қабырғасында шешіліп, халықтың пікірі ескерілмедіғ яғни 27 жылдан бері тұтастай бір буын Ата заңымызда қабылданған өзгерістерге қатысқан жоқ.
Конституция мемлекеттік құрылымды айқындайтын, еліміздегі азаматтардың өмір сүру деңгейінің барлық салаларын реттейтін және барлық деңгейдегі заңдардың одан әрі қабылдануына негіз болатын басты құжат болып табылады. Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, қоғамымызда жаңа саяси реформалардың жүргізілуі заңдылық. Референдум - мемлекетте орын алған маңызды мәселелерді бір жақты емес, халықтың ойымен санасып сараланған шешім тетігі. Біз - «Төртеу түгел болса, төбедегі келер, алтау араз болса, ауыздағы кетер» деген, кез келген істі келтесіз келісіп шешкен ұлы халықтың ұрпағымыз. Тарихымызға үңілсек, ел басқарған хандарымыз қоғамға қатысты іргелі істерде халықтың кеңесімен санасып, бұқараның батасымен көгерген.
Референдум ашық түрде жариялық принциптеріне негізделе отырып, азаматтардың өз ойларын ортаға салуға, әрбір азаматтың жеке ұстанымы мен пікірі мемлекет үшін маңызды екенін түсінуге және өзін Отанымыздың бір бөлшегі екенін сезінуге мүмкіндік береді. Бұл билік пен халықтың арасында сенім мен құрметке негізделген жаңа саяси жүйе мен саяси мәдениетті қалыптастыруға күш салады.
Конституциялық реформаның маңыздылығы қалыптасқан мемлекеттік модельді кешенді түрде трансформациялауға бағытталған. Алдағы өткізгелі отырған конституциялық реформаның нәтижесінде Ата заңымыздың үштен бірі, яғни 99 баптың 33-іне өзгерістер енгізілмек. Атап айтар болсақ, бұл көптің көкейінде жүрген басты мәселеледің бірі ү суперпрезиденттік басқару үлгісінен бас тарту. Себебі мемлекеттегі ең жоғарғы лауазымдағы тұлғаның барлық өкілеттіктерге ие болуы оған жақын тұлғалар мен топтардың да мемлекеттік деңгейде саяси және қаржылық ықпалының күшеиіп, лауазымдарға тағайындауда тамыр-таныстық арқылы кадрларды іріктеу ісінің бұрмалануына, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады.
Сондықтан суперпрезиденттік басқару формасынан мықты Парламентке сүйенген президенттік республикаға көшетін боламыз. Бұл Парламенттің құзырының күшейіп, биліктің негізгі үш тармағы - Парламент, сот және атқарушы биліктің тепе-теңдігі сақталып, мемлекеттің орнықты дамуына өз септігін тигізбек. Екіншіден, Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде ешқандай партияға мүше бола алмайтындығы. Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербес болуы өз кезегінде саяси монополияның жойылуына, партиялардың арасындағы ашық саяси бәсекелестікті арттыруға, саяси жүйеде әділдіктің орнауына жол ашады. Мұндай шектеу тек Президентке ғана емес, сонымен қатар әкімдер мен орынбасарларына да қатысты, яғни мұндай лауазымға ие тұлғалар ешбір партияға немесе оның филиалдарына төраға бола алмайды. Бұл көпполюсті партиялық жүйенің қалыптасуына жол ашады. Үшіншіден, облыс пен қала әкімдерін сайлау рәсімі де өзгереді. Осы уақытқа дейін облыстар мен мемлекеттік маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау Президенттің құзырында болғаны белгілі. Ендігі кезекте бұл лауазымдарға Президент бірнеше кандидаттарды ұсынады, ал сайлау жергілікті депутаттардың құзырына өтеді, яғни енді әкімдер де сайлауға түсетін болады. Бұл өз кезегінде ісіне шебер, жауапты, жаңашыл тұлғалардың келуіне септігін тигізері анық. Төртіншіден, Мемлекет басшысының жақын туыстарына да қатаң шетеулер қойылады. Президенттің жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда, ұлттық компанияларда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Бұл - барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне мемлекет басшысының мызғымас кепіл болу үлгісі. Туыстық, тамыр-таныстық, рушылдық елдің ілгері басуына кедергі келтіріп қана қоймай, мемлекеттің байлығы белгілі бір топтың меншігіне айналып кетуіне, сөйтіп, мемлекетті құрдымға кетіруі мүмкін. Бесіншіден, құқық қорғау саласы бойынша Конституциялық соттың құрылуы. Қазақстанда түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес арқылы түсіндіріліп келді. Бірақ, азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмай келді. Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Осы арқылы азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту яғни адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін күшейту көзделген. Алтыншыдан, халықтың ел басқару ісіне араласуын кеңейту яғни барлық табиғи ресурстар (жер, су, қазба байлықтар, т.б) халыққа тиесілі болғандықтан, меншік құқығын мемлекет халық атынан жүзеге асыратын болады. Бұл азаматтарымыздың өз елі мен жеріне деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін арттыра түспек. Алдағы референдум Қазақстанның болашағын айқындайтын, демократиялық бағытта дамуымызға жаңаша ықпал ететін тарихи оқиға ретінде түсіну және жастарымызға түсіндіру аса маңызды. Қазақстанның әрбір азаматы өз болашағының кепілі ретінде Жаңа Қазақстан құруда, ел тағдырын шешуде маңызды роль атқаратын осы референдумға белсенділік танытуы өзінің азаматтық борышы екенін түсінгені абзал. Қастерлі Отанымыздың тұғыры мығым, абыройы биік болсын!