ffin.kz

Жалған құжатпен кіруге талпынатындар көбейген

Жалған құжатпен кіруге талпынатындар көбейген Сурет: ашық дереккөз

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің өкілдері биылғы бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмысқа қатысты мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.


Қазір Қазақстан Республикасының периметрі бойынша Үкімет қаулыларымен 101 өткізу пункті айқындалған.



«Оның ішінде авиациялық, теңіз, өзен, теміржол, автомобиль өткізу бекеттері бар. Қытай Халық Республикасымен арадағы шекарада 7 өткізу пункті ашылып, жұмыс істеп тұр. Қырғыз Республикасымен арада – 8, Өзбекстан – 11, Түрікменстан – 2, Ресей – 51, сондай-ақ 3 теңіз және 19 авиациялық өткізу пункті жасақталған. Өткізу пунктерінің барлығы мемлекеттер арасындағы келісімдерге сәйкес штаттық режимде жұмыс істеп тұр», - деді Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Шекаралық бақылау департаменті бастығының бірінші орынбасары Ғани Ағаділов.



Өткізу пунктерінде шекарашылар құжаттарды тексеру барысында шекарадан өту заңдылығын қадағалайды. Шекара бұзушыларды анықтау, сондай-ақ шекара арқылы тыйым салынған материалдар мен заттарды алып өтудің жолын кесу мақсатында көлік құралдары тексеріледі. Тыйым салынған материалдар мен заттар санатына қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі, жарылғыш, уландырғыш, радиоактивті заттар жатады.



«Былтырмен салыстырғанда, 2023 жылдың 7 айында адамдар мен көліктердің шекарадан өтуі екі есеге артқан. Бұған еліміздің көліктік-транзиттік әлеуетін арттыру, жаңа әуе бағыттарын ашу, келу туризмін дамыту мақсатында шетелдіктер үшін визалық және иммиграциялық ережелерді жеңілдету ықпал етті. Аталған кезеңде мемлекеттік шекара арқылы жалпы 20 млн 527 мың 689 адам, 4 млн 492 мың 435 көлік өткізілді. Тәулігіне орта есеппен 190 мың адамға дейін (оның ішінде 90 мыңға дейін шетелдік) және 30 мыңға дейін көлік өтеді», - деді Ғани Ағаділов.



Атап айтқанда, елімізге келетіндердің ағыны артып келеді. Сонымен қатар Қазақстанға заңсыз немесе жалған құжаттармен кіруге әрекет жасаған шетелдіктердің саны артты. Елге кіру әрі мемлекет аумағынан шығу өткелінде бөтен және жалған құжаттар мен Қазақстан Республикасы визаларын қолданған 150-ден астам адам ұсталды. Бұл адамдар елге кіргізілмей, өз елдеріне депортацияланды.


Оның айтуынша, заңнаманы бұзғаны үшін 5 мыңнан астам адам және 10 көлік компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мұнымен қоса, қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 227 Қазақстан азаматы мен шетелдіктер ұсталды.



«Паспорттық бақылау барысында шет мемлекеттердің азаматтығын алған Қазақстан Республикасының 254 азаматы анықталды. Бұл адамдарды Қазақстан азаматтығынан шығару және әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін ішкі істер органдарына тапсырылды», - деді Шекаралық бақылау департаменті бастығының бірінші орынбасары.



Бұдан бөлек, 324 жағдайда 2,8 млрд теңгеден астам сомаға шетел валютасын әкетудің жолы кесілді. Бұдан бөлек, 184 млн теңгеден астам сомаға зергерлік бұйымдарды заңсыз әкелудің 12 әрекеті анықталды.



«166 жағдайда әртүрлі калибрлі қарулар мен оқ-дәрілерді шекарадан заңсыз өткізу әрекеттері тоқтатылды. Бұдан бөлек, діни сипаттағы 3 335 кітап пен брошюра анықталып, сараптамаға берілді», - деді Ғани Ағаділов.



ҰҚК мәліметінше, биыл «героин», «канабис», «ауған чарсы» деп аталатын 940 келіден астам ауыр есірткі заттарын шекарадан өткізу қылмысының жолы кесілді. Сонымен қатар Түркістан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарының өткізу пунктерінде аса ірі көлемде есірткі заттары тәркіленді. Есірткі контрабандасының барлық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.


Шекарада 1,2 мыңға жуық заң бұзу дерегі анықталды


Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Шекара күзеті департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Ахметқалиевтің сөзіне қарағанда, есептік кезеңде шекарашылар Мемлекеттік шекарада 1 183 құқық бұзу дерегін анықтап, заңсыз іс-қимылдардың жолын кесті.



«Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 392-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өткені үшін 68 адам жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 510-бабына сәйкес, шекара режимін және жекелеген жерлерде болу тәртібін бұзған 703 адам жазаланды», - деді С. Ахметқалиев.



Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы аумақтық суларының және ішкі суларының режимдерін бұзғаны үшін 68 адам ұсталды. Мұнымен қоса, аталған Кодекстің 514-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара режимін бұзғаны үшін 344 адам жауапкершілікке тартылды.



«Каспий теңізінде балық ресурстарын заңсыз аулауға қарсы іс-қимыл нәтижесінде 240 шақырымнан астам браконьерлік балық аулау құралдары тәркіленді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Осы орайда табиғи мекендеу ортасына 592 бекіре тұқымдас балық және 5 256 ұсақ балық жіберілді. 1,5 млрд теңгеден астам сомаға экономикалық залал келтіруге жол берілмеді», - деді Шекара күзеті департаменті бастығының бірінші орынбасары.



Қазір Мемлекеттік шекараны қорғауға 1200-ден астам ерікті адам жұмылдырылған. Олардың көмегімен жыл басында 60 құқық бұзу әрекеті тоқтатылды.



«Заңсыз көші-қон арналарының негізгі бағыттары оңтүстік көршілерден басталып, Ресей Федерациясы арқылы және одан әрі Еуропа одағы елдерімен жалғасады. Кейінгі кезде өзге елдер азаматтарының шекараны бұзу әрекеттері жиілеп кетті. Олар біздің елге транзитпен немесе туристік визамен келіп, көрші Ресейге заңсыз кетуге тырысады. Тек биылғы шілде айында Шекара қызметі Қазақстан-Ресей шекарасын заңсыз кесіп өту мүмкіндігін іздеп жүрген шетелдік 210-нан астам азаматты анықтады. Оларға қатысты Қазақстан Республикасының әкімшілік-құқықтық шаралары қолданылып, елден шығарылды», - деді С. Ахметқалиев.



Бұл тұрғыда заңсыз мигранттарға сыйақы үшін жәрдем көрсететін Қазақстан азаматтары да анықталып жатыр екен. Мәселен, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қостанай облыстарында шетелдіктерді тікелей шекара сызығына жеткізу фактілері тіркелген. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өту, оның режимін бұзу, сондай-ақ бұған жәрдемдесу азаматтарымыз үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58