Алматылықтар мемлекеттік бағдарламалар арқылы үйлерін қалай жөндей алады?
Алматыда Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы мамандарының ұйымдастыруымен баспасөз-туры өтті. Онда журналистерге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау және қайта жаңғырту бойынша атқарылған жұмыстар таныстырылды.
Өткен жылы Алматыда 350-ден астам лифт жаңарды
БАҚ өкілдерінің алғашқы барған нысаны – жарамдылық мерзімі өткен жеделсатысы ауыстырылған Шашкин көшесіндегі №9А тұрғын үй болды. Жалпы сомасы 8,7 миллион теңгеден асатын құрылғы 2020–2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасы аясында жүзеге асқан.
Тоғыз қабатты үйдің тұрғындары пәтерлеріне қорықпай көтерілетін болдық дейді. Бұған дейін лифтері бірнеше рет бұзылып, тұрғындар жаяу көтеріліп келген. Бұл, әсіресе, зейнеткерлер мен балалы әйелдерге қиындық туғызатын. Енді, міне, ұзақ жыл қызмет көрсеткен жеделсаты жаңасына алмастырылды.
«Шашкин, 9А» жай серіктестігінің сенімді өкілі Зульфия Аймурзаеваның айтуынша, 2021 жылы тұрғындармен ақылдаса отырып, ЖС атынан лифтіні ауыстыруға өтініш берген. Келесі жылы өтініштері орындалып, үйлеріне жап-жаңа жеделсаты орнатылыпты.
– Мен бұл үйде 2000 жылдан тұрамын. Ол кезде үйіміздің жеделсатысы сонау кеңес заманынан бері жұмыс істеп тұрған ескі лифт болатын. Жөндеуге арналған бөлшектері жоқ болған соң, несін жасырайын, кейде онымен жүрудің өзі қауіпті. Кейіннен тұрғындармен ақылдаса келіп, барлығымыз бірауыздан оны ауыстыруға шешім қабылдадық. Сөйтіп, 2021 жылы біз әкімдік жанындағы «Тұрғын үй» ұйымына лифт ауыстыру бойынша өтінім бердік. Өткен жылы өтінішіміз мақұлданып, бүгінде міне, мынадай жап-жаңа заманауи үлгідегі лифтіге қол жеткіздік. Жеделсатыны орнататын мамандар жұмыстың екі аптадан аса уақытқа созылатынын ескерткенімен, жұмыс тез аяқталды. Жедел әрі сапалы жұмысы үшін біз «Алматылифт» мамандарына алғыс айтамыз. Тұрғындар тарапынан да, лифт бойынша да еш шағымымыз жоқ. Өйткені, тұрғындар өздері тұратын жердегі әрбір мүлікті өз үйіндегі дүниеден өте күтіп ұстайды, – дейді З.Аймурзаева.
Бостандық ауданының «Алматылифт» учаскесінің басшысы Жанболат Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының кереметін «Орбита-2» ықшамауданының тұрғындары да пайдаланыпты. Сапарғалидың айтуынша, қазіргі уақытта қаладағы тұрғын үйлердің көпшілігінде лифтлер жаңартылған. Сол себепті, алматылықтардан жеделсатыларды ауыстыру бойынша өтініштер аз түседі.
– Қазір қалада көп пәтерлі үйлердегі лифттерді ауыстыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды пайдалануға аса үлкен ықылас танытпайтын тұрғындар қалды. Өткен 2022 жылы Алматы қаласы бойынша 350-ден астам лифт жаңарды. Бостандық ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 134 лифт ауыстырылды. Бізде құны 500 мыңнан 1 миллион теңге болатын сапасы жақсы, бағасы қолжетімді беларусь, түріктер мен жапондар шығарған лифтілер бар. Оларды тұрғындар өздері таңдайды. Бір лифттің қызмет ету мерзімі – 25 жыл, кейін мерзімі аяқталған кезде біз оны ауыстыруға өтініш береміз, – дейді ол.
МИБ – өте тиімді
Пресс-тур барысында біз Пәтер иелері кооперативінен (ПИК) шығып, Мүлік иелері бірлестігін (МИБ) құрған «Орбита-2» ықшамауданындағы №11 үй тұрғындарымен кездестік. Тұрғындар басқарудың жаңа нысанына көшкендеріне еш өкінбейтіндерін, керісінше, дұрыс шешім қабылдағандарын айтып, жаңалықтарымен бөлісті.
– Үйімізді бұрын ПИК басқаратын. Бірақ оның жұмысына тұрғындардың көңілі толмайтын. Шағым көп, ашықтық аз болған соң белсенді жігіттердің атсалысуымен 2020 жылы МИБ болып қайта құрылуға шешім қабылдадық. Содан кейін өзіміз үйімізге қатысты маңызды деген мәселелерді шеше бастадық. Бұрын мына жердің барлығы топырағы аспанға көтеріліп, айналасы бетон плиталары үйіліп жатқан жер болған. Аулада тек иттерімен серуендейтін адамдар ғана жүретін. Кейін бұл жерге тұрғындар ортақ қаражат шығарып, өзіміз үшін жайлы етіп жасап шықтық. Сол қаражатымызға мынадай асфальт жол салдық, ағаштар отырғыздық. Бізде содан кейін жылу мәселесі күрделі болатын. Бір миллион теңгеге жуық қаражатқа ескі элеваторларды ауыстырдық. Ол үшін біз мемлекеттік бағдарлама бойынша несие рәсімдедік. Қазір, міне, өздеріңіз де байқап тұрған шығарсыздар, ауламыз жайнап тұр. Үйіміз де жып-жылы. Бір мезгіл осында отырып үлкендер шахмат ойнаймыз. Балаларымыз мына жерде алаңсыз ойнайды. Егер өзімізге-өзіміз жағдай жасамасақ, бізге ешкім көмектеспейді. Сондықтан мемлекет не береді деп жатпай, өзіміз үшін жағдай жасайық. Дейтұрғанмен, үйімізде әлі де шешімін таппаған сұрақтар бар. Олардың барлығы кезең-кезеңімен шешіледі деп ойлаймыз. Айта кетерлігі, бұл жұмыстардың барлығы басқарудың жаңа нысанының тиімділігі деп білеміз. Сондықтан мен көп пәтерлі тұрғын үй иелеріне МИБ құрыңыздар, өз жағдайларыңызды түзеңіздер дегім келеді, – дейді №11 үйдің тұрғыны Жұмабек Алтыбаев ағамыз.
Әдемі әрі жайлы үй
Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының кереметін «Орбита-2» ықшамауданының тұрғындары да пайдаланыпты. Өйткені, біз барған келесі нысан – Өтепов көшесіндегі №21 үйдің іші-сырты кірсе шыққысыз екен. Қасбеті ашық жасыл түске боялып, шатыры жаңа заманауи үлгідегі материалдармен ауысқан үй анадайдан менмұндалап тұр.
Тұрғын үй 2022 жылы «Каусар-өмір» ӨК төрағасының өтініші мен тұрғындардың жалпы жиналысының хаттамасы негізінде жобаға енгізіліп, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен. Нәтижесінде жалпы сомасы 38 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған үйде шатыр, кіреберіс пен қасбет ауыстырылып, инженерлік коммуникация жүйелері жаңартылған.
Белсенділер алғашында тұрғындармен үйдің шатырын жөндеуге келіскен. Кейіннен мемлекеттен берілетін қаржы арқылы үйді толығымен жаңартуға болатынын білген соң, күрделі жөндеуден өткізуге шешім қабылдаған. «Ай сайынғы төлемі де тиімді. Әркім өзі тұратын пәтерінің шаршы метріне қарай төлейді» дейді тұрғындар.
– Біздегі ең басты мәселе – 60-жылдары жабылған, тозығы әбден жеткен шатыр болатын. Төбемізден су ағып, әбден мазамыз кететін. Бұл мәселені тұрғындармен кездесулерде бірнеше рет көтердік. Кейін ТКШ жаңғырту бағдарламасы туралы естіп, бағдарлама бойынша 15 жылға несие берілетінін білдік. Сол кезде осы бағдарлама аясында қалада көптеген үйлер жөндеуден өтіпті. Алдымен құжаттарымызды толығымен реттеп алдық. Содан кейін жөндеу жұмыстарын бастадық. Жұмысшылар үйімізді бір-екі айда-ақ реттеп беретінін айтқанда, шыны керек, күмәнмен қарап, сенбедік. Бірақ олар өз істерінің шебері екен, уәделерінде тұрды. 11 мамырда бастаған жұмыстарын 15 маусымда аяқтап берді. Тұрғындар жұмыс барысын көздерінен таса қылмай қадағалап отырдық. Кейіннен үйдің қасбетін, дәліздердің қабырғаларын бояу үшін түс таңдадық. Өте сапалы жұмыс жүргізген мамандарға ризашылығымызды білдіреміз. Бұл бағдарламаның артықшылығы сол, жөндеуден өткеннен кейін үйімізге екі жыл кепілдік берді. Егер қандай да бір кілтипан шықса, өздері реттеп береді екен. Бұл деген тамаша ғой! – дейді үй белсендісі Елена Умекенова.
Қасбеті жаңарып жатыр
Қазіргі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы құны 152 миллион теңгеден асатын Исаев көшесіндегі №15 үйдің қасбеті жөндеуден өтіп жатыр. Мамандардың айтуынша, тоғыз қабаттан тұратын үй 2009 жылы салынған.
Пресс-тур барысында Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Қажин Алматыда «Нұрлы жер» бағдарламасы, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы іске асырылып жатқанын атап өтті.
– Бағдарлама аясында жұмыстың үш түріне басымдық беріледі. Олар инженерлік желілерді ауыстыру, шатырды, сондай-ақ қасбет пен кіреберіс бөлігін күрделі жөндеуден өткізу. Тұрғындардың бағдарламаға қатысу арқылы 8 жылдан 15 жылға дейін бөліп төлеуге болатын несие алуына мүмкіндігі бар. Ол үшін пәтер иелері жиналыс ұйымдастырып, тұрғындардың кем дегенде үштен екісінің келісімі керек. Содан кейін «Алматы тұрғын үй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі немесе коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасына өтініш беріңіз. Мәселен, бағдарлама аясында 2022 жылы 111-ден астам үй жөнделді, сонымен қатар 170 көпқабатты тұрғын үйде 358 лифт ауыстырылды. Бүгінде тұрғындардан сұраныс әлі де қабылданып жатыр. Кейіннен біз өздерімен бірлесіп, жиналыс жасаймыз. Күрделі жөндеу жұмыстары өздері қалағандай жасалады. Оны жасаған мердігер компания өкілдері 2 жылға дейін кепілдік береді. Осы уақыт аралығында қандай да бір ақау болса, оны өз қаражатына жөндеп беруге міндеттеледі, – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Қажин.
Тақырыпқа орай
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бүгінге дейін мегаполисте осы жоба аясында 965 көп қабатты тұрғын үй жаңартылып, 2 мыңға жуық ғимараттың жедел сатысы ауыстырылған. Салаға жауапты басқарма мамандарының хабарлауынша, биыл күрделі жөндеу жүргізуге 83 тұрғын үй өтінім берген. Бағдарлама аясында үйдің қасбетін жаңарту, инженерлік желілерін ауыстыру және жертөле мен кіреберісіне күрделі жөндеу жүргізу қарастырылған. Ол үшін қаржы несиелік жүйемен беріледі. Қомақты қаражатты 8 жылдан 15 жылға дейін бөліп төлеуге болады. Бастысы – пайызсыз. Яғни тұрғындар алдымен мемлекет қаржысына үйлерін жөндеп, кейіннен оны аз мөлшерде бөліп төлеу арқылы қайтарады.