Қазақтелеком AIX биржасында көлемі 823 млн юаньға дейінгі (шамамен 118,2 млн доллар) облигацияларын орналастыруды жоспарлап отыр, - деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Кейінгі кездері Қазақстанның өзге де эмитенттері юаньмен қарыз тарта бастады:
Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) — 2025 жылғы қыркүйекте Гонконг биржасында 3 жыл мерзімге, жылдық 3,35% табыстылықпен 2 млрд юань (~287 млн доллар) тартты.
Өнеркәсіпті дамыту қоры (ҚДБ-ның еншілес компаниясы) — 2025 жылғы шілдеде 5 жыл мерзімге 500 млн юань көлемінде облигация орналастырды. 2025 жылғы қазанда тағы да 5 жыл мерзімге 500 млн юань алды.
Qazaqstan Investment Corporation (ҚДБ-мен аффилирленген компания) — 2025 жылғы желтоқсанда 5 жылға 5 млрд юань тартты.
ҚДБ-ның Гонконгта тартқан қаражаты «Бәйтерек» тобының ішінде бөлінген болуы мүмкін. «Бәйтерек» мұндай тәсілді жиі қолданады. Үш жеке орналастырудың жалпы сомасы ҚДБ-ның өз қарызынан асып түсуі — лимиттердің толық игерілгенін білдірмейді, себебі нақты көлем туралы ашық ақпарат жоқ. Сондай-ақ, бұл юань өтімділігін түпкілікті кім алып жатқаны да белгісіз.
ҚазМұнайГаз (ҚМГ) — 2025 жылғы қазанда Гонконг биржасында 5 жыл мерзімге, жылдық 3,15% табыстылықпен 1,25 млрд юань (~180 млн доллар) тартты.
Fincraft Energy Holding Limited — жылдық 9,0% купондық мөлшерлемемен 10 жылға 1.2 млрд юань(~172 млн доллар) шығарды. Бұл қаржыны компанияға нақты кім бергені жарияланбады. ҚМГ тартқан қаражат Кеңес Рақышевтың құрылымдарына бағытталуы екіталай, бірақ мөлшерлемелердегі айырмашылық (3.15%-бен алып, 9%-бен орналастыру) экономикалық тұрғыдан өте тиімді көрінеді. ҚМГ-ның қытайлық мердігерлермен есеп айырысуды қажет ететін жобалар портфелі үлкен.
QazPost — 2025 жылғы 30 желтоқсанда 3 жыл мерзімге, жылдық 4.2% купондық мөлшерлемемен 360 млн юаньдық (~50 млн доллар) облигацияларын орналастырды.
Енді осы тізімге Қазақтелеком қосылды. Ел ішінде юань бойынша мұндай ірі өтімділік көлемі іс жүзінде тек «Самұрық-Қазына» деңгейінде жинақталуы мүмкін. Холдинг ретінде «Самұрық-Қазына» өзінің жоғары несиелік рейтингінің арқасында қаражат тартып, кейін оны еншілес компаниялары арасында бөліп отырады.