Қазір йога түсініксіз ұғым емес, мұны тіпті тұтас өмір салтына айналдырған жандар бар. Қазақстанда да йогаға шақыратын студиялар көбейіп келеді, олардың жарнамасы да ашық жасалып жатыр, ол клубтарға баратындардың көбі өзіміздің қаракөздер. Көбі тіпті спорттың бір бағыты ретінде ғана түсінеді, одан арғысына бас қатырмайтындар бар. Бірақ йогамен айналысу – денсаулыққа пайдалы әдет пе, әлде сенімге қауіп төндіретін тәжірибе ме деген сұрақ мазалайтындарды да кездестіріп қаламыз.
Діни дереккөздерде йогаға қатысты нақты біржақты үкім жоқ. Бірақ көптеген имамдар мәселені екіге бөліп қарайды.
Исламтанушылардың пікірінше, йога тарихи тұрғыда индуизм және буддизммен байланысты рухани жүйе және оның құрамында медитация, мантра, «жоғары күшпен байланыс» идеясы бар.
Сондықтан, егер йога діни-рухани практика ретінде жасалса – ол исламға қайшы делінеді. Ал кейбір пәтуаларда йоганың тек физикалық жаттығулары денсаулық үшін жасалса, ол күнә емес деген жақтары да бар.
Йоганы адамдар жаттығу ретінде қабылдайды
Йогамен айналысқанына 11 жыл болған, 5 жылдан бері жаттықтырушы болып қызмет атқаратын Эльмира бұл мәселеге басқаша қарайды. Жаттықтырушы мәселені қиындатпауды ұсынады, оның айтуынша, астарын іздей берсек, кез келген нәрсенің көлеңкелі тұсын табуға болады, сол сияқты йоганың да өзімізге керекті, пайдалы жағын ғана алсақ, онда тұрған ештеңе жоқ. Оның үстіне қазіргі йога сабақтарының көпшілігі секулярланған (діннен ажыратылған) Мұндағы негізгі мақсат – денені созу, дұрыс тыныс алуды, организмді босаңсытуды үйрену. Йога – пилатес немесе стрейчинг сияқты дене жаттығуларының бір формасы.Тіпті кейбір мұсылман елдерінде де йога жаттығу ретінде рұқсат, бірақ мантра мен діни элементтерге тыйым салынған деген ресми түсіндіру бар. Бұл позиция йоганы толықтай тыймай, оны бейтарап спортқа айналдыруға тырысады.
Медицина тұрғысынан йогаға көзқарас мүлде басқа. Зерттеулер мен клиникалық тәжірибе көрсеткендей, йога стрессті азайтады, жүйке жүйесін тыныштандырады, омыртқа мен бұлшықет икемділігін арттырады. Йога – дене мен тыныс арқылы психикалық күйге әсер ететін әдіс. Сондықтан дәрігерлер реабилитацияда, психотерапияда, созылмалы ауырсыну кезінде
осыған кеңес береді.
Дінтанушы ғалым, психолог Айнұр Әбдірәсілқызының йогаға қатысты пікірі мынадай:
Ең алдымен, йоганың индуизм дінінің негізінде пайда болғанын барша оқырман білетін шығар деген ойламын, йога сол діннің іс- тәжірибесі ретінде қалыптасқан. Бірнеше түрі бар йоганың Қазақстанға кең таралғаны – раджа және хатха йога. Раджа йога – патшалар йогасы деген атпен де танымал, ол негізінен таңертең күн шығып келе жатқанда және кешке күн батып бара жатқанда жасалады, Күнге қарап жасайтын мүмкіндігі жоқ адамдардың қабырғаға сурет салып алып та жасайтын жағдайлар болады, бұл йогтардың қалыптасқан әдістері, осы жаттығулармен айналысу барысында олар көп мантра (дұға) айтады. Дұғаның сөздеріне зер салсаң, «О, Құдай, саған табынамыз, саған сыйынамыз, саған мадақ айтамыз» деп Күнге қарап тұрып табыну сөздерін айтатынын естисің. Демек, бұл осы тұрғыдан алғанда, Ислам шариғатына қайшы, өзге дін өкілдерінің табыну әрекеті екені белгілі болады. Сонымен қатар Исламда өзге дін өкілдеріне ұқсамау, олардың істегенін қайталамау қажет делінеді. Пайғамбарымыздың да «басқаларға еліктеген адам солардан болады» деген мәндегі хадисі бар, осы тұрғыдан алғанда әрекетін қайталаудың өзі өзге дін өкілдеріне еліктеу болып саналатыны айқын.
Екінші мәселе, Исламда күн шығып келе жатқанда, күн батып бара жатқанда жасалатын дұғалық құлшылық рәсімдерге тыйым салынған, дәл осы кезең «харакат немесе мәкруһ уақыты» деп аталады, бұл іс-әрекеттің белсенді болатын кезеңі, бұл намаздың, құлшылықтың уақыты емес. Ислам бұл тұрғыда хронологиялық медицинаның шарттарын да негізге алған болуы керек, адам ағзасының қимыл-әрекеті де ескерілген, сонымен бірге Исламға дейінгі және одан кейінгі қалыптасқан әртүрлі пұтқа табынушылық діндерде осы күннің шығуы мен батуы кезіндегі құлшылық рәсімдерінің жасалатынын да негізге алып, мұсылман адам оларға ұқсамауы үшін ғибадат жасамауы керек деген, яғни осы жағынан алғанда йога Ислам шариғатына қайшы деуге болады.
Ал ҚМДБ сайтында йога туралы төмендегі пікір жарияланыпты:
Йога – психологиялық, рухани және физикалық практикаларды қамтитын, ежелгі Үндістанда пайда болған ұғым. Йоганың мақсаты – тән мен жанның үйлесіміне жету. Денені шынықтыру арқылы жан саулығы мен сергектігін жетілдіру.
Медитация, бұл жағдайда, бақытқа жетудің жалғыз жолы ретінде ұсынылады. Йога мен медитация – индуизм мен буддизмнің ажырамас бөліктері, олардың барлық элементтері реинкарнация сенімімен сусындаған. Бұл көзқарас исламдық танымға қайшы. Йогамен айналысудың дұрыс еместігі туралы «Әл-йуға фи мизан әл-нақд әл-ғилми» кітабында мынадай бірнеше себеп келтіреді.
1. Діни сенімге қайшы. Себебі онда Алла Тағалаға серік қосу, яғни күнге табынып, оның есімдерін қайталау бар. Құранда: «(Уа, Мұхаммед!) Мен тек бір Аллаға құлшылық етіп, Оған еш нәрсені серік етіп қоспауға бұйырылдым. Мен тек Оған шақырамын және Оған қайтамын», деп айт», – делінген («Рағыд» сүресі, 36-аят). Тағы бір аятта былай айтылған: «Шүбәсіз, саған да, өзіңнен бұрын келген пайғамбарларға да: «Егер Аллаға өзгелерді серік етіп қосатын болсаң, істеген барлық (игілікті) істерің зая кетеді. Сөйтіп, сөзсіз зиянға ұшырайтындардың бірі боласың», - деп уахи етілген еді» («Зүмәр» сүресі, 65-аят).
2. Пұтқа табынушыларға еліктеу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім бір қауымға еліктесе (ұқсаса), демек ол солардың бірі», – деген (Ахмад, Әбу Дәуіт, Табарани).
3. Кейбір жаттығулар, мысалы әдеттен тыс әрі жарамсыз отыруы, ұзақ уақыт күнде тұру, көз айырмай күнге қарау және т.б. адамның денсаулығына және психологиялық тұрғыдан оған зиянды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіне және өзгеге зиян келтіруге болмайды», – деген (Ахмад, Ибн Мәжа).
4. Уақытты зая кетіреді. Сондай-ақ бұл дүниеде зиян мен шығын, арғы дүниеде апат пен үмітсіздік әкеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам қияметте төрт нәрсе туралы сұралмайынша орнынан қозғалмайды: өмірі және оны қалай өткізгені, білімі және оны қалай қолданғаны, мал-мүлкі және оны қайдан алғаны әрі қалай жұмсағаны, денесі және оған қалай күтім жасағаны», – деген (Тирмизи).
Ал тыйым салынған іс-әрекеттерді жасамау шартымен спорт ретінде йогамен айналысуға шариғат рұқсат етеді. Алайда йога арқылы денесі мен ақыл-ойын қалыпты жағдайда сақтауды көздеген мұсылман исламдағы құлшылықтардың әлдеқайда артық екенін ескергені жөн. Өйткені намаз, зікір, ораза сынды ғибадаттардың тәнге саулық, жүрекке тыныштық беретіні анық. Құранда: «Жүректер Алланы еске алу арқылы ғана жай тауып, толық қанағаттанады», – делінген («Рағыд» сүресі, 28-аят).