Үй алуға да белгілі бір деңгейде дайындық керек, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
"Қаржылық сауат" телеграм каналы ұсынған Krisha.kz порталының ақпаратында студенттер көптеп келетін болғандықтан, үй саудасы қыза түсетіні айтылған.
Бағалау рәсімі
Мысалы, екінші нарықтан үй алатын болсақ, банк міндетті түрде жылжымайтын мүлікке тәуелсіз бағалау жүргізуді талап етеді. Өйткені сол үйді кепілге алатын банкке жылжымайтын мүліктің нарықтағы құнын білу маңызды. Кепілге алуға жарай ма, жарамай ма деген сөз ғой.
Бағалау құны нысанның жалпы аумағы мен келбетіне байланысты қалыптасады. Орташа есеппен алғанда:
· 50 ш/м дейінгі пәтерлер — 40 мың теңге
· 100 ш/м дейінгі жер үйлер — 50 мың теңге
Мәміле рәсімі
Сатып алу-сату шарты туралы ғой әңгіме. Бұл мәміле әдетте 12 АЕК (51 900 теңге) тұрады. Бірақ ипотека рәсімдеушілерге жеңілдік қарастырылған — 4 АЕК (17 300 теңге). Бұл — бір.
Екінші — жылжымайтын мүліктің кепіл шарты бар. Оған нотариустың қызметі керек болады — 4 АЕК (17 300 теңге).
Егер банк кепілгер тарту керек деген ұйғарымға келсе, оған да қосымша келісімшарт рәсімделеді. Оның құны — 1,5 АЕК (6 487 теңге).
Үшінші — меншік құқығын тіркеу.
· Әдеттегі тіркеу құны — 1 304 теңге
· Егер тез тіркету керек болса — 5 000 теңге
Алғашқысы 3 жұмыс күнінде, екіншісі 2 сағат көлемінде дайын болады.
Сақтандыру рәсімі
Иә, ипотека рәсімдеу үшін сатып алатын пәтердің өзін сақтандыру керек. Бұл — міндетті талап. Ал, жалпы өмірі мен қарыз алушының денсаулығына байланысты сақтандыру полисін алу-алмау — клиент қалауына байланысты.
Мүлікке рәсімделетін полис: өрттен, су басудан, тағиби апаттардан және шартта көрсетілген басқа да қираулардан сақтандырады.
Сақтандыру полисі әдетте үй құнының 0,3-1%-тін құрайды. Орташа есеппен — 0,7%. Мысалы, үйдің құны 30 млн теңге болса, полиске төленетін сома шамамен 200 мың теңгеге шығады.
Алғашқы төлемдерге дайын болу керек
Бұл — ипотеканың өзіне қатысты әңгіме. Әдетте, үй алған адам алғашқы уақыттарда көп шығынға батады. Көшіп-қонудың өзі ақша. Кейде өз қалауыңмен жаңа үйге тұрмыстық техника мен жиһаз аласың. Кейде жөндеу жүргізесің. Бәрі шығын.
Сол себепті, ипотека төлер кезде қиналып қалмас үшін шама келсе, 1-3 айдың төлем ақшасын алдын ала қамдап қойған дұрыс деп кеңес береді мамандар.
Қанша ақша дайындап қою керек?
Krisha.kz мамандарының есебі бойынша, ипотека алардағы алғашқы жарнадан бөлек, құжат рәсімдеуге алдын ала 280-300 мың теңгедей қаржы көзін сайлап қою керек. Бұның бәрі міндетті төлемдерге кететін ақша. Ал, егер үй алушы риелтор жалдаған болса, онда қосымша тағы 500 мың теңгеге шығындалады.