Алматыда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы қаланың инфрақұрылымын жақсарту жобалары қарқынды жүзеге асуда. Бұл бағдарлама әр тұрғынға өз ауданының дамуына тікелей үлес қосуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде Алматы өмір сүруге қолайлы, жайлы қалаға айналып келеді.
Алмалы ауданының көріктендіру бөлімінің бас маманы Керімхан Абдраманның айтуынша, Шевченко көшесі, 157-үйдің ауласы бірнеше айдың ішінде жаңартылды.
– Бізге қала тұрғыны жүгінді. Ол қарт әрі науқас анасымен аулада жүрудің қолайсыз екенін айтты. Өз ұсынысын жеткізгеннен кейін басқа да тұрғындардан пікірлер түсті. Содан соң жоба budget.open-almaty.kz порталында мақұлдау мен дауыс беру кезеңінен өтті. Комиссияның шешімімен ұсынылған жоба жүзеге асты. Осыдан кейін түрлі жастағы балаларға арналған ойын алаңдары орнатылды. Бұдан бөлек асфальт төселіп, кір жайғыш орын жасалды, шамдар орнатылды. Қазір мұнда кешке дейін балалар ойнап жүреді. Әсіресе ерекше жасалған кедергілер жолағы балаларға қатты ұнайды, – деді спикер.
Оның айтуынша, Алмалы ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасына барлығы 755 өтінім мен ұсыныс түскен.
– Соның 426-сы дауыс беруге шығарылып, 45 жоба жүзеге асырылатын болып таңдалды. Соның ішінде осы аула да бар. Мердігер ұйым жобаның бастамашысымен арнайы сөйлесіп: «Өз аулаңызда нені көргіңіз келеді?» – деп сұрады. Барлық мәселе нақтыланып, келісілгеннен кейін қажетті жұмыстар атқарылды. Оның нәтижесін енді маңайдағы тұрғындар бағалай алады, – деді Керімхан Абдраман.
Жоба бастамашысы Сабыр Нәбиев те ауладағы жаяу жүргінші жолын асфальттап беруді сұрап, әкімдікке жүгінген:
– Бұрын жүруге онша қолайлы емес еді, ал қазір жаңарған балалар алаңқайын көріп отырмыз. Мұнда қоқыс жәшіктері ауыстырылып, ыңғайлы орындықтар қойылды. Кешкісін балалар ойнайды, жасөспірім қыздар алаңда би үйреніп жүр. Билікке өз ұсынысыңды беруге болатынын білгенде, тұрғындардың барлық тілегін ескеруге тырыстым, кейін көршілер де қосылды. Сөйтіп ауламыз небәрі бірнеше айдың ішінде өзгеріп шыға келді, – деді ол.
Осы алаңда 5 жасар ұлы Адаммен бірге жүрген жергілікті тұрғын Сальви Асманова да бұл жердің жуырда баласының ең сүйікті ойнайтын орнына айналғанын айтты:
– Біз мұнда күнде келеміз. Адамға барлық ойын құрылғылары ұнайды, әсіресе ептілікті дамытатын кедергілер жолағы қатты қызықтырады. Балалар қуана ойнайды, ал бұл үйлердің тұрғындары ауламыздың өзгергеніне риза. Ересектер үшін де бұрын жетіспейтін орындықтар қойылды. Енді ата-аналарға ыңғайлы, алысқа бармай-ақ, қасында отырып серуендей алады.
Соңғы өзгерістер болған орындардың бірі – Алмалы ауданындағы Қарасай батыр көшесіндегі, Абылай хан мен Наурызбай батыр көшелерінің арасындағы шағын саябақ.
Енді бұл аумақта жайқалған көгал көз қуантады. Автосуару жүйесінің арқасында отырғызылған бұталар мен басқа да жасыл желек қурап қалмайды. Сондай-ақ тас төселіп, жарық шамдары жаңартылды, көлеңкеде отырып демалғысы келген тұрғындарға ыңғайлы орындықтар қойылды.
Айгерім мен Айман күнде осында жұмысына қатынайды, түскі үзілісте серуендейді.
– Біз осы маңда істейміз, – деді жолыққан қыздар. – Жөндеуден кейін мұнда жүру әлдеқайда қолайлы әрі жағымды болды. Енді бұл аллеямен жүргеннің өзі көңілді, ыңғайлы әрі тез. Орындыққа отырып тынығуға, достармен кездесуге мүмкіндік жасалған. Ешқандай қолайсыздық жоқ, бәрі жақсы демалуға жағдай жасайды.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Бостандық ауданында «Орбита-3» және «Орбита-4» шағынаудандарындағы балалар алаңқайлары ретке келтірілді, аулалар абаттандырылды, алты көшеде техникалық тротуар салынды.
Коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ұлан Құттымбетовтің айтуынша, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында «Орбита-4» шағынауданында, 6-шы және 7-ші үйлердің арасындағы жаяу жүргіншілер аймағына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бостандық ауданы әкімінің аппараты (ЖШС «НиКонстрой») 2024 жылғы 23 шілдеде «Орбита-4» шағынауданында жаяу жүргіншілер аймағын абаттандыру жұмыстарын бастады. Жобаның мақсатқа сай болуы көпқабатты үй тұрғындары үшін жайлы өмір сүру жағдайын жасау қажеттілігімен түсіндіріледі.
Аумақты абаттандыру, ойын алаңдары мен спорттық құрал-жабдықтардың, демалыс аймақтарының көбеюі тұрғындардың күнделікті өмірін айтарлықтай түрлендіріп, адамдардың өмірлік белсенділігін қалыптастырады.
Жоба аясында 1817 шаршы метр брусчатка, 1704 шаршы метр асфальт жабындысы, 840 шаршы метр резеңке жабынды төселді, 175 п.м габион салынды, 42 сыртқы жарықтандыру тірегі, шахмат үстелі, жаттығу және балалар алаңы, воркаут аймағы орнатылды. Айта кету керек, бүгінде барлық жұмыстар толық аяқталды, – деп атап өтті Ұлан Құттымбетов.
«Орбита» шағынауданының тұрғыны Серік Нұрбеков осы ауданда 20 жылдан астам уақыт тұрады және ХҚБ жобасының жүзеге асуына қатысты өз ойымен бөлісті.
– Ауламызды «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандырғандарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Қазір әлдеқайда жайлы әрі қауіпсіз болды – жаңа орындықтар, жарық шамдары, балалар алаңқайы орнатылды. Ауламыз жанданды, балалар ойнап жүр, қарттар орындықта демалып отыр. Тұрғындардың өтінішіне назар аударып, нақты өзгерістер жасағандарыңызға рақмет! Осындай жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп үміттенемін, – деді тұрғын.
Абаттандыруға қатысты пікірін «Орбита» шағынауданында тұратын алматылық Валерия Ким де білдірді.
– «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша ауламызды абаттандырғандарыңыз үшін үлкен рақмет! Бұл жер көптен бері жөндеуді қажет етіп тұрған еді, өйткені «Орбита» – қаланың ескі шағынаудандарының бірі, оны ретке келтіру керек болатын. Қала билігінің бізді естіп, алматылықтардың жайлы өмір сүруі үшін бар жағдайды жасап жатқаны қуантады. Енді бізде тамаша балалар алаңқайы бар – балалар қуана ойнайды, бәрі қауіпсіз әрі ыңғайлы екеніне көңілім тоқ. Лавочкалар қойылып, жарық шамдары орнатылды, ауламыз әлдеқайда жайлы болды. Мұндай өзгерістер шынымен де өмірімізді қолайлы ете түседі, – деді тұрғын азаматша.