Ғылыми қызмет қашанда жанкешті жұмыс. Жасаған азды-көпті ғұмырында ғылыммен шұғылданып, оған жастарды баулумен шәкірт тәрбиелеп, баянды табыстарға кенелер азаматтар қатары некен-саяқ. Тағдыр сынағының өткелдерінде таңдаған жолынан таймай, сын сағаттарда шыңдалып, қызметіне беріліп, жан-тәнімен ақтарыла атқару кемел тұлғалардың ғана қолынан келеді. Сондай абыз жаннан тәлім-тәрбие алу бақыты бұйырып, үйреткен тағылымдары өмірлік темірқазық болар, өнегелі өсиеттері еске оралып отыратын құрметті ұстазымыз, тамаша ғалым-энергетик – Тохтибакиев Кармель Камилұлы 2025 жылғы 22 мамырда ұзаққа созылған науқастан қайтыс болды.
Тапжылмастан 24 жыл «Энергожүйежобасында» жұмыс жасап, мол тәжірибе жиған ғалым ағамыз, 1998 жылы Алматы энергетика және байланыс институтына «Электр жүйелері мен желілері» кафедрасының доценті лауазымына тағайындалды. 2001 жылы оған академиялық доцент атағы берілді. 2023 жылы ұзақ жылдарғы ғылыми-педагогикалық еңбегі бағаланып, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің (АЭжБУ) еңбегі сіңген профессоры құрметті атағы берілді.
Кармель Камилұлы өз ісіне берілген, жаңалыққа жаны құштар ғалым әрі еліміздің электр энергетикасы саласының нысандарына енгізілген бірқатар ғылыми және инновациялық шешімдерді әзірлеген өз ісінің білікті тұлғасы еді. 70-тен астам ғылыми жобалардың авторы атанды. Олардың барлығы Қазақстанның «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік даму бағдарламасына енгізілді.Сондай-ақ, Кармель Камилұлы Қазақстан БЭЖ мен Орталық Азия БЭЖ-нің 2030 жылға дейінгі бірлескен даму тұжырымдамасын әзірлеудің авторы болды. Бұл зерттеу Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш рет орындалды.
Кармель ағамыз ғылыми қызметінде Қазақстанның өңірлік электр желілік компанияларын (ӨЭК) назардан тыс қалдырған жоқ. Электр қуатының жоғалтуын төмендету бойынша әзірлеген жобалары қолданысқа сәтті енгізілді. Табиғи монополиялар саласында көптеген жылдар бойы электр қуатын жоғалтудың нормативтік деңгейін бағалау бойынша сарапшы ретінде қызмет етті. Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы бойынша бірқатар маңызды ғылыми жобаларды орындады. ХХІ ғасырдың басында, елдің электр энергетикасы саласын қайта форматтау қажеттілігі туындаған кезде, Қазақстан Республикасының электр энергетикасындағы нарықтық қатынастарды одан әрі дамыту тұжырымдамасын әзірлеуге қатысты. Университет ректоры, т.ғ.к., профессор Ғұмарбек Жүсіпбекұлы Дәукеевтің жетекшілігімен және т.ғ.к., профессор Алмас Аусыдықұлы Жакуповпен бірлесіп тиімді тарифтік саясатты қалыптастыру жөніндегі ғылыми-зерттеу жобаларына қатысты.
Ғылыми жобаларды орындау кезінде Кармель Камилұлы әрқашан өз жұмысы үшін жауапкершілік алып, жобаның ғылыми жетекшісі немесе бас инженері ретінде қызмет етті. Еңбектері бағаланып, «Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі» және «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ТМД Электр энергетикалық кеңесінің құрметті энергетигі», сондай-ақ елдің энергетикалық жүйесінің игілігі жолындағы көп жылғы жұмысы үшін «Еңбек ардагері» атанды.
Бүгінде Қазақстанның энергетика саласындажемісті жұмыс жасап жүрген жүздеген шәкірттері – өз ісінің мамандары, магистранттары мен докторанттары Кармель Камилұлының ұстаздықеңбегін ризашылықпен еске алады.
Ұстазымыздың отбасына, туыс, жора-жолдастарына шын жүректен көңіл айтамыз!Әрқашан ағамыздың адамшылығын, ғылымға адалдығын үлгі тұтамыз.
Қазақстан Республикасының энергетика кешенін дамытуға бар күш-жігерін, өмірін сарп еткен көрнекті ғалым, сұңғыла ұстаз, елжанды азамат Кармель Камилұлы Тохтибакиевтің асыл бейнесі біздің жадымызда мәңгіге сақталады.
Шәкірттері атынан:
Д.Ж.ДЖЕКСЕНБИНОВ,
«Кристалл Менеджмент» АҚ электр қуатын сату жөніндегі менеджері,
А.А.САУХИМОВ,
PhD – «KEGOC» АҚ ҰЭЖ дамыту жөніндегі басқарушы директоры,
А.Т.БЕКТИМИРОВ,
«АЭжБУ» КеАҚ PhD аға оқытушысы,
А.Ю.ГОЛУБИНА,
«СМНУ-70» АҚ инженер-экономисі (РФ).