ffin.kz

Грузия Қазақстаннан инвестиция тартуға мүдделі

Грузия Қазақстаннан инвестиция тартуға мүдделі Сурет: ашық дереккөз

Грузия әлемдік экономикадағы тұрақсыздыққа қарамастан туристерді еліктіретін, сондай-ақ аймақтағы инвестициялық қызмет жүргізу үшін тартымды ел болып қалып отыр. Неліктен ол туристер үшін «Кавказдағы Меккеге» айналып отырғаны, неге Батуми инвесторлар үшін, оның ішінде қазақстандықтар үшін инвестиция салатын қалаға айналған,- деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz «ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. 


Туризмнен түскен рекордтық табыс және жаңа жобалар


Ұлттық туризм әкімшілігінің баспасөз қызметі мәліметіне қарағанда, 2022 жылдың қарашасында Грузияның туристік секторы 2021 жылғы пандемия кезеңінен (183 пайыздан жоғары) ғана емес, сонымен бірге тіпті індетке дейінгі соңғы жылмен салыстырғанда 0,2 пайыздан астам жоғары кірістілікке қол жеткізді. 2022 жылдың қаңтарынан қазанына дейінгі аралықта Грузияның туристік сектордан алған табысы 2,85 млрд долларды құрап отыр.


photo


Фото: internationalwealth.info


Өткен жылдан бері Грузияның Қара теңіз жағалауында, Батуми маңында дамып келе жатқан ең қомақты туристік жоба – Батуми тұсында пальма тәрізді жасанды арал құрылысы. Бұл үшін Ambassador Batumi Island компаниясына 90 гектарға жуық теңіз айдыны берілген. Аралда жүзге жуық вилла мен 500 бөлмелі қонақ үй орналаспақ. Сондай-ақ, ол жерде сауда орталықтары, аквапарк, яхта клубы, оқу орындары, жағалау салынады. Құны 100 миллион долларлық жоба мемлекеттік мәртебе алады, яғни ерекше маңызға ие болмақ.


Грузия туризмін дамытып жүрген қазақстандықтар


Грузияда қазақстандық капитал салынған 120-дан астам компания тіркелген. Олар негізінен туризм, қонақүй, логистика, жылжымайтын мүлік және құрылыс салаларында жұмыс істейді. Дегенмен, Грузияның туристік саласындақызмет көрсетіп жүрген қазақстандық бизнесмендердің саны аз. Олар осы салада шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Бірақ туризм экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан саласы ретінде мега масштабтағы инвестицияларды қажет етпейді.


Өскемен қаласынан Грузияға барған жас бизнесмен Мәлика Ахмеджанова Тбилисиде туристік бизнеспен айналысады. Ол Грузияда бизнес жүргізудің оң және теріс жақтарын айтып берді.



«Басты себеп десек, мүмкін, бірінші орында қарапайым грузин халқының қазақтарға деген ақ ниетті көзқарасы мен сыбайлас жемқорлықтың жоқтығы шығар. Бұл жерде полиция қызметкерлерінің алдында қорқыныш сезімі болған емес. Бірде досыммен бірге көлікпен келе жатқанымда бізді тоқтатып, тексерді. Сыпайы түрде көлікте нені ауыстыру керектігін түсіндіріп, сәт-сапар тіледі. «Айыппұл жазып береміз, осы жерде шешейік», дегендей ештеңе болған жоқ. Бұл мен үшін есеңгіретерлік жайт болды. Мұнда бизнес жүргізу де оңайырақ, қағазбастылық жоқ. Жеке кәсібіңді ашу өте оңай. Барлығы қарапайым – Әділет үйіне кіресің, 10 минут, болды. Бұған қоса, сыбайлас жемқорлық жоқ. Оғап тап болып көрмедік. Грузин, ағылшын тілдерін білген жөн. Базарда Қазақстаннан екенімді білгенде бір заттарды тегін берген кездер де болды. Әзербайжандар қазақтармен кездескенде қуанады. Біздің тіліміз әзербайжан тіліне өте ұқсас екен. Базарда қазақша бір сөзді естігендіктен ғана жеңілдік жасаған жағдай болды», - деді Мәлика Ахмеджанова.



photo


Фото: newsroom.kz


Дегенмен, ол Грузияда өмір сүрудің теріс жақтарын да атап өтті.



«Мұндағы банк жүйесі Қазақстандағыдай жақсы дамымаған. Орталық жылыту жүйесі жоқ, кейбір пәтерлерде жай кондиционер ғана бар. Соңғы уақытта пәтерді жалға алу да айтарлықтай қымбаттап (2023 жылы – ред. ескертпесі) кетті. Өткен қыста Тбилисиде екі бөлмелі пәтерді 350 долларға жалдаған едік. Ал қазір қала орталығында 800 доллардан төмен бағаға пәтер таба алмайсың», - деді Грузия астанасында бір жыл тұрып жатқан қазақстандық кәсіпкер.


«Кез келген басқа елдегідей Грузияда да сыбайлас жемқорлық бар. Бірақ бұл қоғамның ауқатты, билік басындағы мүшелеріне қатысты. Сонымен қатар мемлекет халықаралық мультикорпорациялармен жұмыс істеуге жұмылдырылғаннан кейін шағын және орта бизнес елде кедергісіз және ешқандай парасыз жұмыс істей алады. Бұған Грузияда табысты дамып келе жатқан көптеген көрнекі бизнес-үлгілер және шенеуніктердің пара алуымен байланысты фактілердің жоқтығы дәлел», - дейді сарапшы Александра Эрлангер.



Шетелдік инвестициялардың рекордтық көлемі


2022 жылы Грузияға тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі рекордтық деңгейге, тарихи максимумға жетті және 2 млрд доллардан асты. Алдын ала бағалауға сәйкес, 2022 жылы Грузияға тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 2021 жылғы нақтыланған деректермен салыстырғанда бірден 61,1 пайызға өсті. Тікелей шетелдік инвестициялардың көзі негізінен Еуропалық одақ елдері болды. Оларға ел экономикасына құйылған инвестициялардың жартысына жуығы тиесілі. Атап айтқанда, Еуропалық одақтың инвестициялары екі еседен астамға өсіп, 859,6 миллион долларға жетті. Бұл Грузияға құйылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің 43 пайызына тең.


photo


Фото: gov.kz


Бұл ел Қазақстан кәсіпкерлері үшін де тартымды. Дегенмен, Қазақстан инвесторлары бұл тізімде көш бастап тұрған жоқ. Тіпті, алғашқы бестікке де кірмейді.


Грузия экономикасының тартымдылығы неде ?


Қазақстан Республикасының Грузиядағы құрметті консулы Георгий Джахуташвили 2021 жылы қазақстандық капитал Грузияда банк, порт, мұнай және әуе компанияларға салынғанын айтады. Мұнан кейін көбінесе жылжымайтын мүлікке немесе басқа орта бизнеске ақша салатын көптеген жеке тұлға да бар. Грузия Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвили экономиканың шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығын елдегі саяси тұрақтылықпен байланыстырады. Саясаткер өз елінің бюджет ашықтығы бойынша әлемде бірінші орында тұрғанын еске салып өтті. Қазақстандық инвесторлар үшін инвестиция салуға болатын секторлар тізімінде туризм көлік пен логистика салаларынан төмен тұр. Георгий Джахуташвили Грузия Қазақстан үшін ең алдымен логистикалық мүмкіндіктері, сондай-ақ салық салу, сыбайлас жемқорлықтың төмен көрсеткіші және іс жүргізудеғі ыңғайлылығы тұрғысынан өте маңызды және тартымды ел деп санайды.


photo


Фото: top-fon.com


Бұл еліміз үшін Грузияның пайдаланылмаған әлеуетін көрсетеді.



«Жалпы, Грузия транзиттік ел ретінде үлкен әлеуетке ие. Бұған әсіресе еркін сауда туралы келісім мүмкіндік беріп отыр. Бізге өзімізді халықаралық логистикалық хаб тұрғысында таныту, дәліз үлгісіндегі өткізуші үлгісі қызметінен хаб қызметіне көшу қажет. Бұл да Қазақстанның қызығушылығын тудырары сөзсіз. Қазақстан Қытайдан Еуропаға дейін созылып жатқан заманауи Жібек жолының қатысушысы екендігі белгілі. Біз азиялық және қытайлық компаниялар Грузия арқылы Еуропаға және кері бағытта жүк тасымалдағанын қалаймыз. Еуропа да, Азия да – өте жақсы өсіп келе жатқан нарық. Және де соған орай Қазақстансыз, Әзербайжансыз, осынау бүкіл тізбекке қатысатын елдерсіз оны жасау мүмкін емес. Тіпті мақсатқа сай келмейді. Сондықтан серіктестік қарым-қатынасты тереңдету өте маңызды. Ал ол үнемі сол бағытта жұмыс істеуді және жақсарта түсуді талап етеді», - деді Георгий Джахуташвили.



Грузияда «Батуми мұнай терминалы», «Батуми теңіз порты», «Ромпетрол» (100 пайыз акциясы Қазақстанның «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі халықаралық мұнай компаниясы»), «Халық банк Грузия», «Эйр Астана» әуе компаниясының өкілдігі сынды бірқатар ірі қазақстандық компания жұмыс істейді.


«Батуми теңіз порты» мен «Ромпетрол» Грузия нарығында 10 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді және ірі жұмыс беруші әрі салық төлеуші саналады. Мәселен, «Rompetrol Georgia» Грузияның мұнай өнімдерін сату нарығының шамамен 21 пайызына иелік етеді. Айта кетерлігі, Қазақстан Грузияға шикі мұнай, мұнай өнімдері, астық, алюминий, ферроқорытпалар мен рельстер экспорттайды. Ал Грузиядан шарап, шәй, табиғи немесе жасанды минералды сулар, темір жол жүк немесе трамвай вагондарын импорттайды.


Шетелдік инвесторлар қандай қиындықтарға тап болады?


Георгий Джахуташвили шетелдік инвесторлар үшін қиындықтардың да бар екендігін атап өтеді. Оның айтуынша, тым көп проблема қордаланып қалды. Олардың кейбіреулері сот жүйесіне, кейбіреулері мемлекеттік бюрократияға және басқа себептерге байланысты ұзаққа созылған.



«Қолдау қажет. Сонда қазақстандық капитал тіпті үш есе артуы мүмкін», - деп атап өтеді ол.



Қазақстанның Грузиядағы Елшісі Бауыржан Мұхамеджанов отандық БАҚ-та көтерілген мәселелерді шешудің мемлекетаралық тетіктері туралы айтты.



«Өзара тиімді экономикалық және инвестициялық қатынастарды дамыту үшін барлық жағдайлар жасалған. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия жұмыс істейді. Қомақты шарттық-құқықтық база (70-тен астам құжатқа қол қойылған) бар. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық табысты жүзеге асырылуда», - деді Елші.



Ол Қазақстан мен Грузия аумағы арқылы Шығысты Батыспен байланыстыратын ірі трансконтинентальды көлік дәліздері өтетінін атап өтті. Оның пайымынша, ТРАСЕКА аясында жұмысты жалғастыру, Ақтау және Батуми порттарын пайдалана отырып, Қазақстан мен Грузия арасында жүктерді тасымалдауды жүзеге асыру қажет.



«Елдеріміз Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясында белсенді ынтымақтасуда. 2017 жылдың соңында «Баку-Тбилиси-Карс» теміржол дәлізі іске қосылды. Бұл біздің елдер арқылы Еуропадан Орталық Азия мен Қытайға, сондай-ақ кері бағытта транзиттік тасымалдарды едәуір арттыруға мүмкіндік береді», - деді Бауыржан Мұхамеджанов.



Дипломаттың атап өтуінше, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамытуда да мол әлеует бар.



«Қазақстандық астық өндірушілер Грузияға және Грузияның транзиттік әлеуетін ескере отырып, Транскаспий халықаралық көлік бағытымен басқа елдерге астық экспортының көлемін ұлғайтуға дайын. Сондай-ақ, қазақстандық іскер топтардың Грузия экономикасына, атап айтқанда құрылыс пен туристік секторына инвестиция салуға үлкен әлеуеті әрі қызығушылығы бар», - деді Қазақстан Елшісі.



Қазақстандықтар Грузияға емін-еркін жете алады


Қазақстаннан Грузияға көптеген әуе рейсімен жетіп, кері қайтуға болады. 2021 жылдың басынан бастап тұрақты тікелей әуе рейстер жаңартылды. Жаңадан Кутаиси бағыты ашылды. Бұл Қазақстаннан келетін туристік ағынның артуына және бизнес-байланыстардың жандануына ықпал етті.


photo


Air Astana әуе компаниясы аптасына үш рет «Алматы – Тбилиси – Алматы», сондай-ақ «Алматы – Батуми – Алматы» бағыттарында тұрақты рейстерді жүзеге асырады. Сонымен қатар SCAT әуе компаниясы аптасына бір рет «Ақтау – Тбилиси – Ақтау» бағыты бойынша тұрақты рейстерді орындай бастады. FlyArystan әуе компаниясы «Ақтау – Кутаиси», «Атырау – Кутаиси», «Шымкент – Кутаиси» бағыттары бойынша тұрақты рейстерді жүзеге асырады.


Грузияда Қазақстан азаматтары үшін 365 күнге дейін виза талап етілмейді. Ал Грузия азаматтары Қазақстанда 90 күнге дейін визасыз жүре алады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34