Генерал-майор Болат Елтайұлы Шайманов 6 тамыз, 1953 жыл, Ақтөбе облысы Октябрь ауданы Димитровка кентінде дүниеге келген.
- Қарағанды политехникалық институтыныңавтомеханика факультетін бітірген (1976), автомобиль көлігінің инженер-механигі.
- 1976 жылдан - «Ақтөбеауырқұрылыс» бірлестігінде ага механик, автоколонна бастыгы;
- ҚазКСР (ҚР) МҚК-ҰҚК органдарында қызметте.
- 1998 жылдан - Атырау облысы ҰҚКД бастығы.
- 1999 жылдан - Ақтөбе облысыҰҚКД бастығы.
- 2000 жылдан - ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары.
- 2001 жылдан - Ақтөбе облысы ҰҚКД бастығы.
- 2006 жылдан бері - Маңғыстау облысыҰҚКД бастығы.
- 2011 жылдан бастап құрметті еңбек демалысында
- Бүгінгі таңда «Берекет» Халықаралық әмбебап тауар биржасының Төрағасы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшесі, ҚР ҰҚК Орталық ардагерлер кеңесі Төралқасының мүшесі, ҚР ҰҚК –нің құрметті қызметкері.
- ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері. «ҚР эконимикасының мақтанышы» орденімен, Қазақстан Республикасы Құрмет грамотасымен және басқа да 30 медальмен мапарапатталған.
Генерал болам десеңіз: білуге тиіс бес инсайт
Көзіқарақты оқырман, Хәкім Абай «Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз» деген екен. Отан қорғау саласын таңдаған азаматтар үшін бүгінгі мақаламыз мамандықтың тағы бір қырын ашып қана қоймай, жетістікке жетер жолды нұсқап көрсетеді деп үміттенеміз. Сол жетіспеген бесінші элементті тауып, кей сырбермес құлыптардың кілтін табар деген ойдамыз. Өйткені, кейіпкеріміз ойдан шығарылған тұлға емес, кезінде мыңдаған қатарластары секілді әскери саланы таңдаған адам. Қызметтің қиыншылығына шыдап, тағдырдың тепкісіне төзе білген. Маңдай терін төге жүріп, жарты жолдан бұрылмай өзіне және айналасына кәсібилігін таңыта білген және танытып та жүрген жан. Жетістікке жеткен жандардың өмірімен таныса отырып, біз көптеген детальдарды қаперімізге алмаймыз, «е солай екен» деп жылы жаба саламыз. Шын мәнінде әр оқиғада тәмсіл бар және әр адам өмірдегі ұстаз.
Сонымен, кейіпкерімізбен танысу сәті түсті. Генерал Болат Елтайұлы Шайманов БАҚ-та көп шыға бермейтін тұлға. Дабыра көп сөзді ұната бермейтінін де бірден байқауға болады. Біз кездеспес бұрын, телефон арқылы аз-кем сөйлестік. Уақыт пен кездесу орнын анықтадық. Бізден сұрақтар тізімін алдын ала сұрады. Біз стандартты онға жуық сұрақ тізімін жіберген болатынбыз. Алайда, кейіпкеріміз біздің алдын ала берген сұрақтарға дайындалып келіп, сол сауалдарымыз төңірегінде әңгіме-дүкен құрып отырудың орнына бұрынғы шыққан жазба еңбектерін алып келді де бізбен таныстырды. Қырандай қырағы, сұңқардай сұңғыла көздерімен бір сүзгіден өткізіп: «Тағы қандай сауалдарын бар?»,-деп өзімізге қарата сыни сұрағын қойды. Ортаңқол журналист үшін әрине таптырмас кейіпкер, барлық жауапты дайын күйде алып келеді. Мақаланың 90 пайызы дайын түрде тұр дей берсең болғаны. Шайнап берді тек жұта сал. Кейіпкеріміздің интелектуалды деңгейін сол кезде ұқтық. Талай жылдары тыңшыларды, жасырынған жауларды, лаңкестер мен қылмыскерлерді қолға түсірген кәсіби комитетчик уақытын зая кетіргісі келмеді. Стандартты журналист үшін дайын жауаптарды алып алдына ұсынды да, «Тағы қандай саулың бар?», болмаса бір-біріміздің уақытымызды зая кетірмейік дегенге саяды. Мұндай келген мүмкіндіктен айырылып қалу журналист мамандығымызға сын. Сондықтан стандартты 90 пайызды сыртқа ысырып қайып, сұхбат берушінің (кім екені қысқаша анықтамада барлығы жазылған) айтпаған 10 пайызын алу мақсатына кірістік. Сонымен сұхбат барысында біз үшін бес инсайт ашылды. Неге бес? Символикалық сан. Өйткені, кейіпкеріміз облыстық департаменттерді бес мәрте басқарған, сонымен қатар Абай атамыз «бес нәрсеге асық бол» деп айтты емес пе?.. Генерал болам немесе басқа да салада жетістікке жетемін десеңіз, онда генерал Б. Шаймановтың өмірінен алынған бес инсайтқа назар аударыңыз.
Тамырынды біл, тарихынды таны
Адам баласы өзінен өзі бұл дүниеге келген жоқ. Оны жаратқан күш бары хақ. Сондай-ақ, ол атадан балаға жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығының бір бөлігі. Ер азаматқа өз тамырын, елдің тарихын білген жөн. Сондықтан болар, қазақтар ата-баба есімін ұран қылып жауға шапқан, тілге тиек етіп сөз бастаған, жыр арнаған. Жеті атасын жатқа білген. Тамырынан айырылған адам, тарихынан айырылған ел өнбейді. Ата-баба әруағы мен ұрпақтарының арасында бір көзге көрінбес байланыс бар. Ер азамат мұны ерте ұққан сайын жолы да ашыла түседі. Кейіпкеріміз ең алдымен өзінің Сатай қажы бабасы туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, Сатай қажы Күзембайүлы 1790 жылы Ақтөбе облысы, Темір ауданы Алтықырасу ауылындағы Құмды деген жерде дүниеге келген. Сұлу жарымен 2 ұлы, 1 қызы болған. Сол аймақта ағаш егіп, бұлақ көзін ашып, балық, егін шаруашылықпен айналысып, бүтін бір әулетті қамтамасыз етті. Өз руының басшысы болған. Иманы берік, дінге адал әулиелік қасиеті бар адам болған. Әкесі Күзембай түсіне кіріп, қажылыққа аттану қажеттігі туралы аян береді. Үлкен ұлы Қалмағанбетті ертіп, екінші ұлы Шайманды ру басшысы ретінде қалдырып, өзі екінші рет қажылыққа аттанып кетеді. Меккеге жеткен соң үш күн бойы сырқаттанып сол жерде көз жұмады.
- Бүгінгі күні бабамыздың мүрдесі сонда (Қасиетті Мекке қаласында). 2013 жылы барып, қажылық етіп, туған жердің топырағын бабамыздың басына апардым. Сатай бабамыз қандай қасиетті, иманы берік кісі болған. Екінші рет қажылыққа аттанды. Туған жерді артқа қалдырып алпыс сегіз жасында, Құдайдың жолына түсті. Ұрпақтарына дұға жасады. Бабамыздың басын табу үшін мен де тазару жолына түсіп, өзіме үлкен рухани азық алдым. Мен бабаларымның қолдауын іштей сеземін. Генерал атану бұл тек менің жетістігім емес, Сатай бабамыздың ұрпақтарына тілеген дұғасының шарапаты деп білемін,-дейді Болат Елтайұлы.
Ол Мекке мен Мәдинаға бармас бұрын, үлкендердің кеңесімен Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Пір Бекет әулиелердің басына барып, құран бағыштады.
Тарих демекші, Болат Елтайұлы тарих жайында айтқаны да бізді тәнті етті. Ең алғашқы болып, ол Алашорда қайраткерлері туралы сөз қозғады.
- Тарихымызды, дәстүрімізді білген жөн. Ата-бабмыз бізге осындай кең-байтақ жерімізді аманат етіп қалдырды. Алаш көсемдері: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және тағы басқа сол кездегі алашордалықтардың әруақтарының алдында бас иемін. Олар жерімізді, елімізді сақтау үшін ерен еңбек жасады. Кремльде Сталин мен Лениннің алдында қазақ ұлтының мүддесін қорғады. Болашақта атылып кететінін білді. Соған қарамастан ел мүддесін алдыңғы қатарға қойды. Кейінде, Жұмабек Тәшенов атамыз Никита Хрушевтің алдында сөз сөйлеп, қазақ жерінің бөлінуіне ашық қарсы шықты. Батырлық па? Батырлық.
Біздің буын тоқсаныншы жылдары ұлттық қауісіздікті қамтамысыз етті. Қиын-қыстау кез еді. 1991 жылдан – 1995 жылға дейін тіпті қиын болды. Ел ішінде, базбұзарлар қаптады, бандитизм белең алды. Қызметкерлердің жартысы өздерінің тарихи Отандарына көшіп кетті. Арамыздағы бірен-саран адам ақша жоқ деп, қызметтен кетті. Сонда санаулы құраммен ел игілігін талан-таражға салуға жол бермей, анығында күрестік. Ақыры, беделі мықты, аты дардай ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті іспетті ұйымды қалдырып, келесі буынға табыс еттік. Ендігі буынның міндеті арнайы органды сол межеге көтеру, - дейді ол.
Бір байқағанымыз генерал Б. Шайманов тарихқа кешегі кеңестік тұрғыдан емес, бүгінгі тәуелсіз елдің тұрғысынан қарайды.
Сонымен, кейіпкеріміздің өмір жолы дәлелдеп тұрғандай, адам жетістікке жету үшін ең бірінші кім екенін, кімнен тарайтынын, ата-балалары кім екенін білгені абзал. Тарихын және шыққан тегін білгені жөн. Бұл қазақта қанымен бірілген генетикалық код. Түгелдей бір ұлттың, соның ішінде жекелеген азаматтың темірқазығы.
Қиындықтан, қателіктерден қорықпа!
Сонымен кейіпкеріміздің өміріне там-тұмдап бойлап келесі деректермен таныс болдық. 1970 жылы №28 орыс мектебін бітіріп, әкесі Елтай Сатаевтың нұсқауымен Көлік жөндеу зауытында автослесарь болып еңбек жолын бастайды. Қара жұмысқа жегіліп, ерінбей еңбек етеді. Бір жыл ішінде 3 разрядқа көтеріледі. Қосымша білім алу мақсатында Ақтөбе педагогикалық институттың кешкі курстарына барып жүрді. Комсомол ұйымына басшылық жасады. Араға бір жыл салып, Қарағанды политехникалық институттың студенті атанды. Әрине, алыстан келген жас талапкерді ешкім құшақ жая күтіп тұрмады. Алғашқы күнін теміржол бекетінде түнеген, кейін үміткерлер арасында ең жоғары көрсеткіш көрсетіп оқу орнына қабылданады. Тіпті, үлгерімі жақсы студентті Мәскеуге жібергісі келді. Әкесі Елтай Шайманұлының ақылымен елінде қалады. Күндіз институтта білім алса, кешкілік техникалық училищесінде «комбайнер» мамандығы бойынша біліктілігін артырған. Жазғы практикада көп көлемді өнім жинап, жастарды біріктіргені үшін «Ерекше еңбегі үшін» медалімен марапаталған.
- Комбайын жүргізіп, егін ору үлкен еңбек. Ол күндерді ұмытпаймын. Жиырма жасымда алған медальдің мен үшін орны ерекше. Өйткені, оны күні-түні жүріп алдым. Сондай-ақ. «Даңқ» ордені мен үшін ыстық. 1976 жылы еліме оралдым. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң Ақтөбедегі «ГлавЗападСтрой» мекемесінің көліккомбинатына жұмысқа орналастым. Қатардағы механниктен бастап, аға механник, ал 1,5 жылдың ішінде автотізбек басшысы болып сайландым. 1979 жылы мекеме ұжымының қолдауымен Кеңес үкіметі мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне жіберілдім. Өз басым бұл қызметке талпынған жоқпын. Ұжым ұсынды, көрсеткіштерім жақсы болды. Б. Байжігітов есімді кураторым, кейінде ақылшы ағам: «Болат сендей азаматтар бізге керек. Отанға керек» деп түсіндірді. Ол кезде мемлекеттік қауіпсіздік органдарына ілу де бір адам өтетін. Оларды саусақпен санауға болар еді. 52 үміткердің ішінен менің кандидатурам Ақтөбе облысы бойынша жалғыз өтті. Сонда әкем Елтай, Ұлы Отан соғысының ардагері маған «Бұл жауапкершілігі мол қызмет. Осы жолды таңдадың ба, жалтақтама, Соңына дейін жеткіз»,- деп өз ақылын айтты. Мен келіскен соң, қызметімен адалдық таныттым. Алматы,Ташкентте, Мәскеудегі МҚК Жоғары мектебін оқыдым. Әрине, қиыншылықтар болады. Отан қорғау мамандығын таңдаған екенсің, оны соңына дейін жеткіз.
- «Ер жігіттен не пайда?
Қолын қару алмаса.
Елін, жерін, туғанын,
Дұшпаннан сақтап қалмаса» , -дейтін халық нақылы өмірлік ұстанымға айналуы тиіс. Қателіктер де болады. Соған қарамастан, барлығын ой елегіне салып, есептеуге тиіссің. Қателік кеткен күннің өзінде жағдайдан жеңімпаз болып шығып, қайта қызметіңді жетілдірген жөн. Кейін жоғары лауазымдарға ұсынар кезде қызмет орнын таңдаған жоқпын. Басшылық қандай бұйрық берді, Отан Ана қайда жіберді сонда барып қызмет атқаратынмын. Ауданға бардым, бес мәрте облыстық департаментің тізгінін ұстадым. Қиыншылықтан қашқан емеспін. Көбісі, қалай генерал атандың деп сүрайды. Менің жауабым, қиыншылықтардан қашпадым, қателіктерімнен сабақ алдым, оңай жол іздегенім жоқ,-деп айтты генерал Б. Шайманов.
«Болат қайнауда, жігіт майданда шынығады» деген осы. Отан қорғаушы мамандығын таңдаған екенсің, өмірдің соққысына, тағдырдың тепкісіне төзе білген жөн. Сынақтар мен қиыншылықтар ер азаматты қамшылайды, тұлға ретінде өсіреді. Мұны біз кейіпкеріміздің өмір жолынан көріп отырмыз.
Таза һәм тәуелсіз болу
Болат аға Шаймановтың айтуынша, бүгінгі заманның құндылықтары өзгерген. Телеарналар мен әлеуметтік желілер бай әрі жетістікке жеткен адамдарды дәріптеп, қоғамда өзіндік образ қалыптастырады. Дүние, ақша, мүлік кеңінен дәріптеледі. Арнайы орган қызметкерлері, жалпы әскери адам қарапайым әрі лайықты өмір сүру керек. Ол үшін рухани таза, қоғамдық пікірден тәуелсіз тұлға болғаны абзал. «Жоғарыда айтқандай, әкем маған жалтақтама деп ақыл кеңесін айтқан демек, ешнәрсеге алаңдамай елге қызмет ету деген сөз. Бүгінгі жастарға айтарым, өздеріңді азаматтық өмірде табыс тауып жүрген азаматтармен салыстырмаңдар. Сіздер бай болу үшін Отан қорғау жолын таңдаған жоқсыздар. Сіздер елді қорғау үшін, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін осы жолды таңдадыңыздар. Басқаға жалтақтадың екен, өзіңді біреумен салыстырдың екен, негізгі жолдан таясың. Материалдық құндылық емес, рухани құндылық, ар тазалығы бірінші орында тұру керек. Әрине, заман басқа нәрсені меңзейді. Солай десек те, Отан қорғаушыға елінің, ұрпағының аманаты сеніп тапсырылған. Қызмет барысында әр түрлі жағдай болады. Параға, сатқындыққа жоламау керек. Жоладың ба, саған бұл органда орын жоқ. Лайықты емессің. Өз басым бірде бір рет пара алған емеспін. Ел алдында жүзім жарқын деп қаймықпай айта аламын. Мен ұстаған қылмыскер, 100 пайыз кінәсі дәлелденіп темір тордың арғы жағына тоғытылатын. Қандай да бір ұсыныстар, «ақылшылар» табылатын. Тәуелсіз өз ойым болды. Басшылыққа заңды алдым. Өйткені, арым таза болды. Жастар да осы ұстанымыды ұстаса деймін. Сонда еліміз өркендейді».
Ішкі тазалық, тәуелсіз көзқарасты қалыптастырады. Тәуелсіз тұлға – күшті тұлға. Ол қиыншылықтарды өтіп, мақсатына жетеді.
Ізденімпаздық пен бәсекеге қабілеттілік
Әңгімелесу барысында тағы бір нәрсені ұқтық. Кейіпкеріміз заманмен бірге адым басып келеді. Жасы жетпіске жақындап қалса да, ойы ұтқыр. Басында тарих пен текті түгендедік, ішкі тазалықты таразыладық, енді даму мен бәсекеге сөз кезегі келді.
- Біз көбінесе өткен тарихпен мақтанамыз. Онысы дұрыс, өткенсіз болашақ болмайды. Солай десек те, болашақты да ойлағанымыз жөн. Көшпенділер неге жарты әлемді жаулады? Себебі, олар соғыста атты әскерді пайдаланды. Басқа халықтарда жоқ әдісті, технологияларды қолданды. Енді, ол заман өтті. Ата-бабамыз істерін істеп кетті. Біз де батыр бабаларымызға лайықты болуымыз керек. Мен өз басым 30 елде болдым. Бүгінгі күннің аты (тұлпары) ол – жаңа технологиялар. Жасанды интелект, цифрландыру, IT технологиялар. Біз енді осыларды тізгіндеуіміз керек. Тізгіндеп ырқымызға көндірсек, дамыған елдердің қатарында боламыз. Бүгінгі геосаяси жағдай көрсетті, технологиясы кенже қалған, дамымаған ел соғыста жеңе алмайды. Біздің жастар, соның ішінде арнайы органдар қызметкерлері әлемнің озық технологияларын меңгеріп, күнделікті қолданысқа енгізу керек. Ол үшін ізденген жөн. Әлем ағылшын тілінде сөйлейді. Ағылшын тілін үйренген адамдардың алдында бүкіл ғылым ашылады. Бұрын біз жаппай орыс тілін үйренуші едік, енді ағылшын тілін үйрену керек. Әскери Жарғы тәртіпке шақырады. Тәртіп арқылы өзінді-өзін тәрбиелеу, жөнге келтіруге қол жеткізесің. Сол арқылы жаңа дүниелерді үйренесін. Тек Жарғы жаттап, қағазды сауатты жазып жетістікке жете алмайсың. Ол заман өтіп жатыр. Ендігі кезек ізденіп, өзіңді қамшылап, нәтижеге қол жеткізу. Адамның сөзі мен ісі қабысқан жөн. Жұмысты практика жүзінде көрсеткен дұрыс. Құр сөзбен ештеңе өңбейді. Тек қажырлы еңбек адамды жетістіке жеткізеді. Сондықтан, бүгінгі әскери қызметшілерді заманнан қалмай, әлемдік бәсекеге қабілетті болуға шақырамын,-деп ойын жеткізді Болат Елтайұлы.
Қоғамға пайдалы болу және мәдениеттілік
Осылайша, біз әңгімелесу барысында бесінші инсайтқа да жеттік. Айбай ғалымға арқа сүйейтін Алаш жұрты емеспіз бе? Хәкім «Тегінде адам баласы - адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деп бекер айтпаса керек. Кейіпкеріміздің бастапқы ойы, Ер Бәукең – Бауыржан Момышұлымен ұштасып жатса, сұхбатымыздың қорытындысы Абайға айналып келді. Отан қорғаушы мамандығын таңдаған азамат мәдениетілігімен, өнерімен елге үлгі болғаны жөн. Бұл тұрғыдан келгенде Болат Елтайұлының қосары мол.
- Адам бір саламен шектелмей, жан-жақты болғаны жөн. Бұл арнайы орган қызметкерлеріне де қатысты. Өзім қолым бос кезде Мұқағали Мақатаевты, Мұхтар Шахановты, Мұхтар Әуезовты оқимын. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін» жаным сүйеді. Бос уақытта домбыра, гитара тартамын. Қай жерде қызмет атқармасам да, елмен, оның ішіндегі қоғамның озық ойлы азаматарымен, зиялы қауыммен етене араластым. «Ортаға біліммен емес, мінезіңмен, өнеріңмен сиясын» дегендей, халықпен бірге болдым. Кез келген жерде келелі әңгіме, жөні түзу сөз айтсаң, қолыңа қазақтың қара домбырасын алып ән шырқасаң, беделің көтерілмейді ме. Тек өзіңді емес, бүкіл органның абыройын көтеруге үлесіңді қосасың. Екі немеремді домбыраға бердім. Олар бабасына арналып шығарылған «Сатай баба» күйін жатқа орындайды. Жоғары мәдениет, тәлім-тәрбие болу қажет. Патриотсың ба, іспен дәлелде. Өзің де үйрен, балаларыңа да лайықты тәрбие бер. Ертеңгі күні «менің әкем мынандай, менің атам мынандай керемет адам болды» деп есіне түсіреді. Артыңан ізің қалады, - дейді кейіпкеріміз.
Сондай-ақ, Жапонияға барғанда ұлттық тәрбиелеріне тәнті болғанын тілге тиек етті. Ол жерде алғашқы болып, ана тілдерін үйретеді екен. Ұлттық мәдениетті дамытатыны оны тәнті еткен.
- 58 жасымда құрметті еңбек демалысыма шықтым. Тағы бес жыл Мәскеуде қызмет етуді ұсынды. Алайда, бас тарттым. Өйткені, 32 жылымды Отанға қызметке бердім. Енді зейнетте өзімді басқа қырынан ашқым келді. Адам бір орнында отырмау керек. Қызметтен кейін де өмір бар. Барынша қоғамға пайдалы болуды ойладым. Зейнетке шыққанда менде материалдық қор болмады. Сондықтан, барлығын нөлден бастау керек болды. Өзіме жаңа кәсіпті алып, жұмысқа белсеңе кірістім. Үйдегі диванда отыра берсең, қоғамға пайдасыз боласың, ешкімге керегің болмайды. Адам содан аурушаң болады. Қызметтегі жігіттерге айтарым, қызметтен кейін де өмір бар. Еңбек демалысына шыққаннан кейін де, өз жолдарыңды табыңдар. Зейнетақым жетеді, балаларым асырайды деген қате ұғым. Керісінше, мен балаларға көмектесем, айналама көмектесемін деп барыңды да нарыңды да өмірлік аламанға салыңыздар. Бұрынғы Алаш қайраткерлері секілді елге қызмет етіңіздер. Өз басым жаңа технолгияларды зерттеуге кірістім. Жасым жетпіске келсе де, жастардан қалыспаймын деп өзіме бейтаныс саланы үйренуге кірістім. Ең бастысы денсаулықтарыңыз болса, қалғаны табылады, - деп өз ойын қорытындылады біздің бүгінгі кейіпкер.
Құндылықтар ауысқан заманда жиырмасында миллионнер, отызында министр болғандар кеңінен дәріптеліп жатады. Шын мәнінде маңдай терін төккен адам, Отанға барын берген адам бақыттың кілтін табар. Бүгінгі кейіпкеріміз генерал Болат Шайманов жинаған тәжірибесімен бөліскені саптағы азаматар үшін таптырмас тәлім. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысың» демекші, біз кеңінен ашпаған кейіпкеріміздің тағы бір қыры ол оның мәрттігі. Кәсібінің белгілі бөлігін мұқтаж жандар мен қоғамдық ұйымдарға тапсырады. ҰҚК Арадгерлер ұйымына көрсететін көмегі бөлек тақырып. Кейіпкеріміздің сұрауы бойынша ол тақырыпты ашып жазбадық. Асқаралы алпыстың ауылынан қыр асып, кемелденген жетпіс жасқа келгелі тұрған Болат Елтайұлын атаулы мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасылық бақыт, қажымас қайрат, талмас қанат, ел игілігі жолындағы еңбегіне зор табыс тілейміз.
Әңгімелескен әскери тілші Дарын СЕЙІТОВ