Ғасырға басқан қадам: Әкемтеатр 100-ші маусымын ашты

Ғасырға басқан қадам: Әкемтеатр 100-ші маусымын ашты Қайрат Қонысбаев

Алматыда М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық драма театры 100-ші маусымының шымылдығын ашты. Руханият ордасы ғасырлық белеске орай мерекелік концерт ұйымдастырды. 

Салтанатты жиында Қазақстанның өнер және мәдениет қайраткерлері театр ұжымын мерейтойлық маусымның ашылуымен құттықтап, өнер ордасының ұлттық мәдениеттегі айрықша орны мен тарихи рөлін атап өтті. Мерекелік концертте театрдың 100 жылдық тарихында сахналанған әйгілі қойылымдардың үзінділері көрсетіліп, көрермен қауымға театр шежіресінің алтын қорынан ерекше көріністер ұсынылды. Осылайша театр сүйер жұртшылық жаңа маусымда әкемтеатрдың қазақ мәдениетіндегі орны мен тағылымды жолын тағы бір мәрте сезінді. Сондай-ақ, сахнада театрдың төрт буын өкілдері бірге өнер көрсетіп, руханият ордасының дәстүр сабақтастығын көрсетті.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау сөзін қала әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов жеткізді:

«Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының ғасырлық белеске қадам басып, жүзінші маусымның салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қазақ өнерінің қара шаңырағы ұлт мәдениетінің көш басында болып, еліміздің мақтанышына айналды. Алғаш шымылдығын «Еңлік–Кебекпен» ашқан әкем театрда Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Шәкен Айманов сынды тұлғалар өнер көрсетті. Театр Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен ұлттық театр мәртебесіне ие болды. Әкем театрдың жаңа ғасыры – ұлттық өнердің жаңғыру ғасыры болсын!»,  делінген құттықтау сөзінде.

–          Бұл тегін дата емес, – дейді Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының директоры Еркін Жуасбек. 

Осындай даталы маусымға бірінші жетіп отырған іргелі ұжым ретінде өнерсүйер көрерменге деген үлкен сағынышымызды да жеткізейік деп, бүгін осындай мереке жасауға шешім қабылдадық. Халық та бізді сағынып қалған екен, оған өздеріңіз куә болдыңыздар. Міне, сахнадан театрымыздың барлық шығармашылық құрамын шығарып, ең үлкеніміз Асанәлі Әшімов бастап ойнаған спектакльдерден үзінді беріп, мерекелік һәм сахналық сән-салтанатымызды көрсеттік. Бұл театр сүйер қауымға, сахна сүйер қауымға жақсы мереке болды деп ойлаймын, – деді театр директоры.

Ұлттық руханияттың мемлекеттік символы

"Қазақ өнерінің қара шаңырағы, ұлттық руханияттың мемлекеттік символы – М.Әуезов атындағы театр. Бір ғасыр – оңай уақыт емес. Жүз жылдық тарихында бұл сахнада талай дарабоздар өнер көрсетті. Алғашқы буын – «самородок сары алтын» актерлер туғанынан талант болып жаратылған жандар еді. Олар ел ішінен шыққан, табиғи дарынымен театрды қалыптастырған тұлғалар. Бүгін сол дәстүрді олардың немере-шөберелеріндей кейінгі буын жалғап келеді. Қазір театрда Асанәлі Әшімов бастаған аға буыннан бастап төрт буын өкілдері қатар қызмет етеді", - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театртанушы Әлия Бөпежанова. 

Әр дәуірдің актерлік өрнегі әртүрлі болғанымен, үйренер нәрсе өзгермейді. Ең басты тағылым – өнерге деген махаббат, ел мен ұлтқа деген махаббат. Актер өзін емес, өнерді, халықты, елді сүйе білуі керек. Театр – ізгіліктің ортасы. Театр тәрбиелейді деп айтып жатады. Бірақ театр тәрбиелемейді, театрға келген адамның жаны нұрланады. Театр – өте үлкен қоғамдық институт.

Шын мәнінде, өмірдің негізі – қарапайым еңбек адамдары, күнделікті тіршілік, біздің тәуелсіз еліміздің жетістіктері. Жасампаздықты, еңбек адамын, өмірдің шынайы реңін көрсету – қазақ театрларының алдында  тұрған үлкен міндет. Театрда ұлттық классика да, шетелдік драматургия да бар, бірақ бүгінгі заманның бейнесін тереңірек беру керек.

Киноны қайталап көруге болады, ал театр – жанды қарым-қатынас. Сахна мен көрермен арасындағы сол энергия адамға ерекше әсер береді. «Шерхан Мұртазаның «Театр көбейсе, түрме азаяды» деген сөзі бар. Театрға келген адам жақсылық пен жамандықтың шекарасын айқын сезініп, жанын тазартып шығады. Сондықтан театрға баруды мәдени әдетке айналдыру керек.  

·        Ақшамның анықтамасы

*Әкемтеатр шымылдығы алғаш рет Қызылорда қаласында 1926 жылы 13 қаңтарда М.Әуезовтің «Еңлік–Кебек» пьесасымен ашылды.

* 1929 жылы театр труппасы Алматыға қоныс аударды.

* 1937 жылы 27 ақпанда академиялық театр атағын алды.

*1946 жылы Еңбек Қызыл Ту ордені мен марапатталды.

*1976 жылы «Халықтар достығы» орденімен марапатталды.

*1961 жылы театрға жазушы, ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімі берілді.

*2020 жылдың 20 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың арнайы Жарлығымен театрға «ҰЛТТЫҚ» мәртебесі берілді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

11:16

10:56

10:47

10:29

10:13

10:10

10:04

09:57

09:47

09:33

09:25

09:14

08:46

08:33

17:45

16:53

16:16

15:39

15:11

14:36

14:05

12:13

12:02

11:45

11:24