Қазақстандық FlyArystan әуе компаниясы Алматы – Сиань – Алматы бағыты бойынша алғашқы рейсін орындады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Осылайша, әуе тасымалдаушысы екі қала арасында тікелей тұрақты әуе қатынасын ашқан алғашқы қазақстандық компания атанды.
Алматы қаласы Туризм басқармасы өкілдерінің мәліметінше, тұрақты рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері Airbus A320 әуе кемелерімен орындалады.
Жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе бағыттарының желісін кеңейтіп, туризмді, іскерлік байланысты және мәдени ынтымақтастықты дамытуға қосымша мүмкіндік береді.
Сиань – Шэньси провинциясының әкімшілік орталығы әрі Қытайдағы ең ірі көлік тораптарының бірі. Қаладағы ішкі әуе рейстері мен жоғары жылдамдықты теміржол желісінің дамуы жолаушыларға Бейжің, Шанхай, Чэнду, Гуанчжоу және елдің өзге де қалаларына сапарын оңай жалғастыруға мүмкіндік береді.
Жаңа бағыт Алматының Орталық Азиядағы негізгі авиациялық хабтардың бірі ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайта түседі. Алматы арқылы Қытайдан келетін жолаушылар Астана, Шымкент, Қарағанды, Семей, Түркістан, Орал және Қазақстанның басқа да қалаларына ыңғайлы баруға болатын рейстермен қатынайды.
2026 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша Алматы әлемнің 53 қаласымен тікелей әуе қатынасын орнатқан. Сиань бағытының ашылуымен Алматы мен Қытай қалалары арасындағы тікелей рейстердің географиясы одан әрі кеңейіп отыр. Қазіргі таңда Алматыдан Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу, Чэнду, Үрімжі, Құлжа (Инин), Ханчжоу және Санья қалаларына тікелей рейстер орындалады.