Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевты 2023 жылы 7 қараша күні қабылдап, білім сапасын жақсарту, еліміздің дамуына ғылымның қосатын үлесін арттыру жəне университет қалашығын жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Осыған сəйкес, оқу ордасының 90 жылдығы аясында «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы бой көтерді.
Хабтың мақсаты – озық білімге, технологиялар мен ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, ғылыми əзірлемелер мен технологиялық идеяларды нақты экономикаға енгізуді жеделдету.
«Farabi Hub» университеттермен жəне ғылыми институттармен, сондай-ақ инвестор компаниялармен əріптестік байланыс орнатады. Бірлескен зерттеулер жүргізіліп, жаңа технологиялар əзірленеді.
Соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған ғылыми зертханалар ғылым мен технологияның əртүрлі салаларында зерттеулер жүргізіп, тəжірибе жасауға мүмкіндік береді. Креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобаларды жүзеге асырады.
Ғылымды, білім беруді және бизнесті тоғыстырған «Farabi Hub» стартаптарды дамытуға, перспективалы инновациялық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттарымен, инвесторлармен және халықаралық университеттермен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Хабта: ҚХР Солтүстік-батыс политехникалық университеті (СБПУ) филиалының зертханасы, "Қашықтықтан зондтау және оларды қолдану технологиялары" Қазақстан-Қытай бірлескен үкіметаралық зертханасы, Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығы, "Цифрлық технологиялар және робототехника" халықаралық институты (Huibo Robotics), "Farabi Robotics" робототехника орталығы, Қазақстан-"ZooStan" Орталық Азияны зерттеу жөніндегі Француз археозоологиялық орталығы, ZTE және BASF халықаралық корпорацияларының зертханалары. Сонымен қатар, орталықта механика-математика және физика-техникалық факультеттерінің зертханалары орналасқан. Биология және биотехнология, химия және химиялық технология факультеттерінің жетістіктері де осы орталықта көрсетілген.
«Farabi Hub» зерттеушілерге, профессор-оқытушылар құрамына, жас ғалымдар мен стартап-командаларға тең мүмкіндіктер ұсына отырып, олардың ғылыми және инновациялық бастамаларын қолдауға бағытталған.
Хабтың қызметі университеттің ғылыми-инновациялық даму саясаты аясында жүзеге асырылып, ғылыми және инновациялық қызмет басшылығының үйлестіруімен жүргізіледі. «Farabi Hub» орталығының жалпы ауданы 8000 шаршы метрді құрайды.