AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Лайфстайл / Эверестке 3 рет шыққан қазақ: шың басында альпинис...

Эверестке 3 рет шыққан қазақ: шың басында альпинистер бір-бірін неге құттықтамайды?

Лайфстайл Бүгін 15:11 32
Эверестке 3 рет шыққан қазақ: шың басында альпинистер бір-бірін неге құттықтамайды?

Алматыда тау туризмін дамыту бойынша кешенді жоспарлар әзірленуде. Қаламызда альпинизмге құштар, тау спорты мен туризміне қызығатындар саны жыл сайын көбейіп келеді. Дегенмен, бұл саланың ең басты талабы – қауіпсіздік.

Осы тақырып төңірегінде Aqshamnews.kz тілшісіне әлемдегі барлық биіктікті бағындырған танымал альпинист, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мақсұт Жұмабаевпен әңгімелесудің сәті түсті. Отандасымыздың есімі дүние жүзінде ең биік 14 шыңға қысқа мерзімде көтерілген ең жас альпинист ретінде тарихқа енген. Ол әйгілі Эверестке 3 мәрте табан тіреген санаулы альпинистердің бірі.

Кейде кері шегіне білген жөн

– Альпинизмдегі жолыңыз Алматыдан басталыпты. Әлемнің ең биік 14 шыңын бағындырғаннан кейін тауға деген танымыңыз өзгерді ме?

– Тауға деген махаббатым бәз-баяғы қалпында. Тек қазір кәсіби маман ретінде сәл өзгеше қарайтын шығармын. Жас кезімде әр бағындырған шыңым мен үшін романтика, өмірімдегі жаңа бір белес сияқты еді. Ал бүгінде тауға шығуға әлдеқайда байыппен, кәсіби тұрғыдан қараймын. Соған қарамастан, шыңға көтерілген сәттегі таңданыс пен қуаныш сезімін жоғалтпауға тырысамын. Тіпті, бірнеше рет көтерілген шыңымның өзінде сол сезімдер қайта оянады. Меніңше, альпинизмнің мәні де осында – тау адамға әр жолы жаңа әсер, жаңа сезім сыйлайды.

– Бір сөзіңізде «биік тауда адамды тек табиғат емес, ағзасы да сатып кетуі мүмкін» депсіз. Биік шыңдардың бәріне қосымша оттегі құралынсыз қалай шықтыңыз?

– Адам ағзасының қандай күтпеген «тосын сый» жасарын дөп басып айту қиын. Оған бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Альпинистің дайындығы, сапарға қалай қамданғаны тікелей әсер етеді. Кәсіби маман болсам да, 8000 метрлік шыңдарды бағындыру оңай болмады. Себебі, тәжірибенің жөні бір бөлек. Ал «өлім аймағындағы» кез келген биіктік – ағза үшін өте ауыр стресс. Экстремалды биіктіктерде өзіңді жақсы сезіну үшін тұрақты жаттығу, тамақтану режимі мен медициналық тексеріске аса жауапкершілікпен қарау керек. Оның ішінде дәрумендер ішіп, буындар мен басқа да ағза жүйелерін уақытылы емдеу маңызды. Қазір жасым елуге таяп қалды. Экстремалды биік шыңдарды бағындыру үшін ең қолайлы жас деуге келмес. Бұрынғыдай жүгіріп шықпаймыз, асықпай, байыппен, әр қадамды ойланып басамын. Тау әрдайым сабырды талап етеді. Мұнда ешкім асықпайды, асығыстық үлкен қателікке ұрындыруы мүмкін.

– Әлемдегі ең қауіпті К2 шыңын бағындыру оңай болмапты. Бірнеше рет талпыныстан кейін бағындырдыңыз. Кейде шыңға бір қадам жетпей кері қайтуға тура келеді екен...

– Иә, К2 шыңына шығу талпынысым бес рет сәтсіз болды. Әрқайсысында 100, 200 немесе 300 метр қалғанда тоқтатылды. Әрі қарай жүре берсек, өмірге қауіп төнетін үлкен тәуекел болатынын түсіндік. Альпинистер қажет кезде кері шегіне білуі керек. «Жақсы альпинист – тірі альпинист», «Тау орнында тұр, тұра да береді» деген қағиданы ұстануға тырысамыз. Сол себепті, ең қауіпті нүктеге жақындағанда тоқтауға тура келді. Шыңға дейін қанша қалғанына емес, сол сәттегі қауіпсіздікті бағалау керек. Дауыл, қар немесе тас көшкіні деген сияқты факторлар әсер етті. К2 – мен үшін ең күрделі шың. Бұған дейін өзге шыңдардың барлығына алғашқы әрекеттен-ақ көтерілген едік. Әрине, мұндай шешім қабылдау оңай емес. Жалпы, кез келген сапар шыңға жетпей аяқталса, альпинистке ауыр тиеді.

Шығу – оңай емес, түсу – одан да қиын

– Альпинизмде «шыңға шығу – жарты жол ғана, ең қиыны – төмен түсу» деген түсінік бар дейді. Шынында, шығудан түсу қиын ба?

Ол рас. Ең күрделі кезең – төменге түсу. Мен ылғи да «Үйге қайтар жол шыңға аяқ басқан сәттен басталады» дегенді айтып жүремін. Статистикаға сүйенсек, альпинистердің үштен екісі кері қайтар жолда қаза табады.

– Расында соңғы кездері тауда қаза тапқан альпинистер туралы қайғылы хабарлар жиілеп кетті...

– Оның бір себебі – альпинистердің көбі бар күшін тек шыңды бағындыруға сарп етеді де, төменге түсудің соншалықты қиын екенін ескермейді. Адам ағзасы шаршайды, одан кейін шыңға жеттім деген физикалық әрі моральдық босаңсудың да әсері болады. Төменге түсіп келе жатып, бар-жоғы бір-ақ секундқа зейініңді басқа жаққа аударсаң, өлім қаупінде қалуың ғажап емес.
Тәжірибелі бапкеріміз Ерванд Ильинский бізге таудан оралғанда бойымызда күш-қуатымыздың үштен бірі болуы керек екенін әрдайым шегелеп айтатын. Сапарға үнемі көп күш жинап, аса сақтықпен шығатынбыз. Шыңға жетіп, сол жерде өзімізді ес-түссіз құлайтындай жағдайға ешқашан жеткізбедік.
Альпинистер арасында шың басында бір-бірін құттықтамайтын «жақсы» дәстүр бар. Төменге түсіп, қауіпсіз жерге жеткеннен кейін ғана сәтті сапармен құттықтап, жылы лебіздерімізді жаудыртамыз. Шың – жолдың жартысы ғана, алда әлі өте күрделі әрі қауіпті төменге түсу жолы күтіп тұрады.

Альпинизмнің қатал шарты 

– Қызықты әрі қауіпті болған сапарыңызды айтып берсеңіз…

– Әр қадамды басқан сайын кейде «Мұнда маған не бар? Не үшін жүрмін?» деген сұрақтар көкейде тұрады. Қар көшкініне тап болып, өте қиын жағдайларды бастан кешірген сәттеріміз аз болған жоқ. Үнемі қар көшкіні жүреді, жоғарыдан тас құлайды, мұздықтар да қауіпті. Тауда қауіпсіз кез деген мүлдем жоқ.  Бастысы,  сол  қауіп-қатер жағдайында өмір сүріп үйрену. Тіпті, ұйықтап жатқанда да астыңдағы мұздықтың шытынаған дауысы немесе алыстан күркіреген қар көшкіні естіледі, ал сен ол көшкіннің түнде саған қарай келе жатқанын немесе айналып өткенін білмейсің. Сондықтан «ең қауіптісі осы болды» деп тек біреуін айтып бере алмаймын.

Күрделі сапарға шыққанда, ол жерден аман-есен оралатынымызға ешқашан кепілдік болмайды. Табиғат құбылыстары ғана емес, адам ағзасына да байланысты. Мәселен, Эверестте 20 сағатта жәй жөтелдің өзі өкпе ісінуіне дейін жетуі мүмкін. Мұнда инфекциялық немесе бактериологиялық аурулардың бәрі тез асқынады. Оған гипоксия (оттегі жетіспеушілігі) қосылады. Шынын айтқанда, тау қуатты, күшті, бірақ ол қателікті кешірмейді, еркелікті көтермейді...

– Альпинизмнің ережесі бойынша тауға жалғыз шығуға тыйым салынған. Мұндай ереженің маңызы неде? Неліктен альпинистер әрдайым топ болып жүруге міндетті?

– Бұл – командалық спорт. Тіпті, құтқару отряды бақылап, бағыт көрсететін арнайы ұйымдастырылған соло-сапарлардың өзінде қауіп жоғары. Құзар шыңдарда қауіп арта түседі. Жартасты аймақтарда сақтандырусыз, жалғыз өрмелеуге мүлде болмайды. Өйткені, арқанды екінші альпинист ұстап тұрады. Сондықтан альпинистер әрдайым топпен (жұппен немесе төрт адам болып) жүреді. Аяғы тайып, құлап кетсе, серігі оны ұстап қалып, құтқарып қалуға тиіс. Жаныңдағы серіктесіңнің өзің сияқты мықты болуы маңызды. Білімі мен дайындығы команданың деңгейіне сай келмейтін адамдар альпинизмнен өздері-ақ кетеді. Бір ғана қателіктің кесірінен бүкіл команда қаза табуы мүмкін. Мұндай қайғылы жағдайлар жиі кездесетіндіктен, біз серік таңдауға өте салмақты қараймыз. Командасын тапқан альпинистер оны қатты бағалайды. Тауда «жалғыз батырлар» болмайды. Тарихта болған, бірақ олардың барлығы дерлік қаза тапты.

Әркімнің өз Эвересті бар 

– Эверестті үш рет бағындырып, әлемдегі сегізмыңдықтың бәрінен өттіңіз. Мұны альпинистің ең үлкен жетістігі деп айта аламыз ба?

– Жер шарындағы ең биік нүктеде үш рет болдым. Мен үшін Эвересттің жөні қашан да бөлек. Шындығында, тауға шығу – өмірді тану. Шыңға шығу арқылы адам өзін таниды, мүмкіндіктерінің шегін ұғады.  Оны бағындыру арқылы адам өткенінен арылып, өмірін жүйелейді, бәріне биіктен көз тастайды. Бірақ ең бастысы – шыңның биіктігінде емес. Тіпті,  ең аласа төбеге көтерілгенде де, Эвересттегідей толқынысты бастан кешіп, ішкі рухани тазаруды сезіне алсаң, альпинист үшін ең үлкен жетістік осы. Өйткені, әркімнің өз Эвересті бар.

– Жас альпинистерге не айтасыз? 

– Басты кеңесім – шыңға дайындықсыз шықпау және асықпау. Тауға бірінші рет шығып, бірден Эверестті бағындыруға ұмтылудың қажеті жоқ. Кішігірім жорықтардан бастап, тауға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті қатар шыңдаңыз. Өйткені, таудағы қателіктің құнын адам өмірімен төлейді. Өміріңізге салмақты қарап, қауіпсіздік ережелерін әрдайым басты орынға қойған дұрыс.

– Мазмұнды әңгімеңізге көп рақмет! 

Сұхбаттасқан Гүлжанат СЕМБАЕВА. 

Суреттер: альпинистің жеке мұрағатынан.

Телеграм арнаға жазылыңыз
#тау #Эверест #Альпинист #сұхбат
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

«Алматыбасжоспар» тұрғындардың өтінішін қабылдайтын байланыс орталығын іске қосты

Бүгін 16:13

Алматының Наурызбай ауданында «Халық қатысатын бюджет» аясында 35 жоба жүзеге асырылып жатыр

Бүгін 14:26

Қазақстанның халық жазушысы Валерий Михайлов I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды

Бүгін 12:53

Нәтиже талап етілетін сабақтастық Үкімет

Бүгін 12:46

«Халық өнеріндегі уақыт тынысы» көрмесі Қазақстанда таныстырылды

Бүгін 12:21
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);