Сонымен, осы аптада Жаңа Қазақстанның жаңа үкімет мүшелерінің құрамы жасақталды. Жаңадан 4 министрлер қосылды. Ескі үкімет мүшелері немен танымал? Не жасады? Қандай үміт күтеміз? Осы және басқа сұрақтарға журналист Руслан Қосановқа саяси ғылымдарының докторы Жомарт Құдайбергенұлы Симтиков жауап берді.
Бүгінгі таңдағы мемлекет билігіндегі болып жатқан жаңа өзгерістерді қалай бағалауға болады? Жаңа үкіметтен не күтеміз?
2026 жылғы 3 қыркүйекте жасақталған Үкіметті «жаңа Үкімет» деп атағаннан гөрі, «жаңа мен сабақтастықты ұштастырған Үкімет» деп бағалау дұрысырақ деп ойлаймын. Себебі, Премьер-Министр Олжас Бектенов өз орынтағын сақтады және үкімет құрамындағы министрлердің басым бөлігі орнында қалды. Жалпы үкімет құрамның шамамен 84%-ы өзгерген жоқ, тек төрт министрлер ауысты. Өзгеріс сыртқы саясат, экология, мәдениет және ақпарат, төтенше жағдайлар бағыттарын қамтыды.
Олжас Бектенов бүгінде тұрақтылық пен нәтижеге жауапты тұлға. Оның Үкімет басында қалуы – сабақтастыққа берілген басымдықтың белгісі. Оның кезеңінде Үкіметтің негізгі күн тәртібі экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңғырту, бюджеттік тәртіп және цифрландыру болды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша Үкімет сауда өсімі мен экономикалық белсенділіктің оң көрсеткіштерін атап өтті. Одан ендігі күтілетін нәтиже экономикалық өсімді халықтың тұрмысымен байланыстыру. Яғни, ЖІӨ өсімі статистикада ғана емес, табыс, жұмыс орны, баға, тұрғын үй, коммуналдық қызмет сапасы арқылы сезілуі керек.
Құрамның 16 пайызы ғана жаңарды. Жаңадан келген 4 министрлерден не күтеміз?
Оларға жеке-жеке тоқталған жөн. Олардың осы кезеңдердегі алдарына қойылған мақсаттарын талдаған жөн.
Алғашқы болып Мұхтар Тілеуберді – Сыртқы істер министріне тоқталсақ, бұл – билік дәлізіндегі жаңа адам емес, тәжірибелі дипломаттың Үкіметке қайта оралуы деп бағалаған жөн. Ол 2019-2023 жылдары Сыртқы істер министрі болған, кейін Қазақстанның Аустриядағы елшісі және Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі қызметін атқарды. Ол тұлғадан күтетін басты нәтиже – Қазақстанның күрделі геосаяси кезеңдегі көпвекторлы сыртқы саясатын жаңа деңгейге шығару. Ресей-Қытай-Батыс арасындағы тепе-теңдік, Орталық Азияның халықаралық субъектілігін күшейту, инвестиция мен технология тарту, көлік-логистикалық дәліздерді дамыту – негізгі сынақтар.
Келесі тұлға Әлібек Қуантыров – Экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Әлібек Қуантыровтың басты ерекшелігі – ол таза экологиялық маманнан гөрі экономикалық және мемлекеттік басқару тәжірибесі бар кадр. Осыған дейін елімізде Ұлттық экономика министрі, кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары ретінде танымал. Сол себептен де одан экологияны тек табиғатты қорғау мәселесі ретінде емес, экономикалық саясаттың бір бөлігіне айналдыруды күтуге болады. Су тапшылығы, қалдықтарды басқару, ауа сапасы, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және бизнестің экологиялық жауапкершілігі – басты индикаторлар.
Үшіншіден, Арман Қырықбаевтың Мәдениет және ақпарат министрі болып келуін заңдылық деп қабылдауға болады. Арман Оразбайұлы Қырықбаевтың негізгі артықшылығы – ішкі саясат пен коммуникацияны жақсы білуі. Ол Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі қызметін атқарған және әкімдік пен мемлекеттік құрылымдарда тәжірибесі бар. Одан қоғам ең алдымен мемлекет пен қоғам арасындағы коммуникацияның жаңа сапасын күтеді. Ақпараттық саясат тек ақпарат тарату емес, қоғамдағы пікірлерді тыңдау, әлеуметтік желідегі коммуникацияны жетілдіру, жалған ақпаратпен күресу, мәдени саясатты күшейту және жастармен тиімді жұмыс істеу деңгейіне көтерілуі тиіс.
Төртіншіден, Мұрат Мұхановтың Төтенше жағдайлар министрі болуы да сабақтастықтың жалғасуы деп қабылдаған жөн. Мұрат Мұхановтың ерекшелігі – оның мансабы осы жүйенің ішінде қалыптасқан. Ол Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментін басқарған, кейін министрлік аппаратының басшысы болды. Сондықтан халық одан ең алдымен «апат болғаннан кейін әрекет ететін емес, апаттың алдын алатын министрлікті» күтеді. Су тасқыны, өрт, өндірістік қауіпсіздік, сейсмикалық қауіп, азаматтық қорғаныс жүйесін цифрландыру – оның жұмысының нақты өлшемдері болуы керек.
Ал енді «ескі» министрлер туралы ойыңыз қандай?
Менің ойымша, бұл Үкіметтің ең маңызды ерекшелігі осында. Жаңа министрлерден жаңаруды, бұрынғы министрлерден нәтижені күтеміз. Мысалы, Жаслан Мәдиев – жасанды интеллект пен цифрлық даму бағытын жалғастырады. Ендігі мәселе – цифрландырудың өзін емес, оның экономикалық және әлеуметтік нәтиже беруін қамтамасыз ету. Ол осы бағыттағы жұмысты жалғастыру үшін қайта тағайындалды. Жаслан Хасенұлы Мәдиевтің басты бағыты қазір ерекше маңызды, өйткені Қазақстан цифрландырудан жасанды интеллект дәуіріне өтуге тырысып отыр. Үкімет 2026 жылғы тамызда 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыру жоспарын бекітті. Одан күтілетін күтім өте жоғары. Қазақстан тек дайын цифрлық өнімдерді тұтынушы емес, AI технологияларын өндіретін және экспорттайтын елге айналуы қажет.
Болашақта Мәди Тәкиев – қаржы блогында тұрақтылықты сақтауы тиіс. Мұнда басты сұрақ – бюджеттік тәртіп пен экономикалық өсімнің сапасы. Қаржы министрі Тәкиевтің басты бағыты – мемлекеттік қаржыны басқару, бюджет кірістері мен шығыстарын теңестіру. 2027-2029 жылдарға арналған бюджет жобасында әлеуметтік міндеттемелерді сақтау, экономикалық өсімді ынталандыру және инфрақұрылымға инвестиция негізгі басымдық ретінде белгіленді. Қоғамның күтетіні «Бюджет қанша?» дегеннен гөрі «бюджеттің әр теңгесі қандай нәтиже берді?» деген сұраққа жауап күтпек.
Ал Серік Жұманғарин болса Ұлттық экономика министрі ретінде экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және жаңа экономикалық модельге көшу міндетін жалғастырады. Үкіметтің өзі 2026 жылы экономиканы әртараптандыру, инвестициялық экожүйе және жоғары өнімді индустрияларды дамыту бағытын атап өткен. Ол ел арасында экономикалық реформалардың негізгі тұлғасы ретінде белгілі. Ұлттық экономика министрі әрі Премьер-Министр орынбасары ретінде Жұманғарин экономиканы әртараптандыру, инвестициялық саясат және жаңа экономикалық модель мәселелерінің ортасында тұр. Үкімет 2026 жылы инновациялық кластерлер мен жоғары өнімді индустрияларды дамытуға басымдық беріп отыр. Олардан ең бастысы – шикізатқа тәуелділікті азайтып, өңдеуші экономиканың үлесін арттыру. Кәсіпкерлікке жағдай жасау, салық-бюджет реформасының бизнеске ауыртпалығын теңестіру де маңызды.
Енді Ерсайын Нағаспаев – өнеркәсіп пен құрылыста өндірісті локализациялау, инфрақұрылым және құрылыс сапасы мәселелеріне жауап береді. Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев – көлік саласында Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтуі тиіс. Оның қайта тағайындалуы сабақтастықты білдіреді. Көлік министрінің аты Қазақстанның Орта дәліз, теміржол, порттар және транзиттік әлеуетімен байланысты. Үкімет 2026 жылы Мойынты-Қызылжар теміржол желісінің маңызды кезеңін аяқтағанын хабарлаған болатын.
Күтімге келер болсақ, Қазақстанның географиялық орналасуын нақты экономикалық пайдаға айналдыру. Транзит көлемі ғана емес, Қазақстан аумағында қосылған құн қалыптасуы керек.
Жұлдыз Сүлейменова мен Саясат Нұрбек білім және ғылым салаларындағы реформаларды жалғастырады. Оқу-ағарту саласында негізгі мәселе – мектептердің инфрақұрылымы ғана емес, білім сапасы мен мұғалім мәртебесі. Ондағы күтім оқушының функционалдық сауаттылығы, ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайту, педагог сапасы және білім беру жүйесін AI дәуіріне бейімдеу. Саясат Нұрбектің алдында өте үлкен міндет тұр, атап айтар болсақ университетті диплом беретін мекемеден зерттеу және инновация орталығына айналдыру. Қазақстан үшін ендігі мәселе – жоғары білім алушылардың саны емес, білімнің сапасы, халықаралық ғылыми жарияланымдар, технология трансфері және университет–бизнес байланысы. Күтім ол ғылымның нақты экономикаға әсері болуы тиіс. Екеуіне де енді басты талап – реформалардың санын емес, білім сапасы мен ғылымның нақты нәтижесін көрсету болып табылады.
Ержан Сәденов болса ішкі істер саласында заң мен тәртіп, полицияның халықпен қарым-қатынасы және қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін жалғастырады. Ол 2023 жылдан бері министр қызметін атқарып келеді. Ішкі істер министрі үшін қоғамның негізгі сұранысы – қауіпсіздік. Бірақ қазіргі азаматтың қауіпсіздік туралы түсінігі бұрынғыдан кең: көшедегі қауіпсіздікпен қатар интернеттегі алаяқтық, киберқылмыс, есірткі, тұрмыстық зорлық-зомбылық және полицияның азаматпен қарым-қатынасы маңызды. Ал күтімге келер болсақ, полицияның тек қылмысты ашуы емес, қылмыстың алдын алуы және азаматтың сенімін арттыруы болмақ.
Ал Ерлан Ақкенженов энергетикада энергия тапшылығы, жаңа қуат көздері және энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне жауап береді. Энергетика министрлігі үшін негізгі мәселе – электр энергиясы мен жылудың тұрақтылығы, жаңа қуат көздері және энергетикалық инфрақұрылым. 2026 жылғы жылыту маусымына дайындыққа энергетикалық нысандарды жөндеу үшін 384 млрд теңге қарастырылған. Бұл саладағы күтім қысқы маусымда апатсыз жұмыс, энергия тапшылығын азайту және жаңа энергетикалық қуаттарды уақытында іске қосу болып табылады.
Ең маңызды мәселе – Үкіметке, оның ішінде «ескі» министрлерге қоғам қандай талап қояды?
Бұл Үкіметтің ерекшелігі – кадрлық жаңарудан гөрі нәтижеге қойылатын талаптың күшеюі. Бұрын министрлер «Бағдарлама қабылдадық, жоспар жасадық, қаржы бөлдік» - деп есеп бере алатын. Енді қоғам «Осының нәтижесінде менің өмірімде не өзгерді?» - деп сұрайды. Сондықтан бұрыннан отырған министрлердің артықшылығы – тәжірибесі мен жүйені білуі. Бірақ дәл осы артықшылық олардың әлсіздігіне де айналуы мүмкін. Себебі ұзақ уақыт қызмет еткен сайын қоғам олардың сөзін емес, нақты нәтижесін салыстыра бастайды. Меніңше, 2026-2027 жылдары Үкіметтің «ескі» мүшелерінен күтілетін бес нәтиже болмақ. Біріншіден – бағаны тұрақтандыру. Экономикалық өсім халықтың нақты табысына айналуы керек. Екіншіден – жаңа жұмыс орындары. Әсіресе, жастар мен өңірлер үшін. Үшіншіден – инфрақұрылым. Энергетика, су, жол, жылу мәселелері қағаз жүзіндегі жобадан нақты нысанға айналуы тиіс. Төртіншіден – экономиканы әртараптандыру. Қазақстан шикізат экспорттаушы ғана емес, өңдеуші және технологиялық мемлекет болуы қажет. Бесіншіден – мемлекеттің қоғаммен жаңа коммуникациясы. Халыққа есеп беру емес, халықпен кері байланыс орнату маңызды.
Саяси тұрғыдан бұл нені білдіреді?
Менің бағалауымша, төрт министрдің ауысуы – Үкіметтің толық жаңаруы емес, саяси сигналдық ротация. Яғни, Президенттің логикасы шамамен төмендегідей. «Жүйені толық бұзбаймыз, бірақ қоғамға маңызды төрт бағытқа жаңа серпін береміз». Бұл жерде ең қызығы – ауысқан салалардың өзі. Сыртқы саясат Қазақстанның халықаралық позициясын күшейту болып табылса, Экология – өмір сапасы мен табиғи ресурстар мәселесін күшейту болмақ. Ал, Мәдениет және ақпарат қоғаммен коммуникацияны жаңартуды көрсетсе, Төтенше жағдайлар – азаматтардың қауіпсіздігін бірінші орынға қоюды меңзейді. Ал Үкіметтің экономикалық және әлеуметтік өзегінің сақталуы – саясаттың сабақтастығы мен институционалдық тұрақтылыққа басымдық берілгенін көрсетеді. Жалпы жиырма бес позицияның тек төртеуінің ауысуы осыны айғақтайды.
Мен бұл Үкіметті «жаңа Үкімет» емес, «нәтиже талап етілетін сабақтастық Үкіметі» деп бағалар едім. Төрт жаңа министрге қоғам жаңа серпін күтіп отыр. Ал бұрынғы министрлерге талап одан да жоғары: оларға енді өздерін көрсету үшін уақыт емес, нәтижесін дәлелдеу кезеңі келді. Өйткені жаңа министрдің алғашқы жүз күніне кешіріммен қарауға болады. Ал, бұрыннан отырған министрдің бірнеше жылдық жұмысына қоғамның «нәтиже қайда?» деп сұрақ қоюға толық құқығы бар. Бұл – қазіргі Үкіметтің басты саяси сынағы.
Қорытындыла келе, қоғамның жаңа Үкіметке қоятын басты талабы қандай болмақ?
Қоғамның жаңа Үкіметке қоятын басты талабы – енді министрлерді «қанша бағдарлама қабылдады?» деп емес, «халықтың өміріне қандай өзгеріс әкелді?» деп бағалау керек деп ойлаймын. Сонымен қатар, Жаңа Үкіметтің алғашқы 100 күніндегі негізгі сұрақтар төмендегідей болуы мүмкін. Халықтың нақты табысы өсе ме? Баға тұрақтана ма? Жаңа жұмыс орындары ашыла ма? Су, энергетика және инфрақұрылым проблемалары шешіле ме? Мемлекеттік қызметтердің сапасы жақсара ма? Қоғам мен билік арасындағы коммуникация өзгере ме? Қазақстанның халықаралық беделі мен экономикалық дипломатиясы күшейе ме? Экологиялық және табиғи ресурстар мәселесінде нақты нәтиже бола ма? - деген сауалдардың төңірегінде болмақ. Сондықтан, «жаңа Үкімет» деген атаудың артында жаңа адамдардан гөрі жаңа жауапкершілік болуы керек. Бұрынғы министрлер тәжірибесімен жауап берсе, жаңа министрлер жаңаша көзқарасымен жауап беруі тиіс. Ең бастысы – кадрлық жаңару нәтиже жаңаруына айнала ма? Міне, жаңа Үкіметтің саяси бағасын осы өлшем анықтайды деп ойлаймын.