Халықаралық ақпарат кеңістігінде қаланың кеңінен танылуы оның туристік әлеуетін ілгерілетуде маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы Эстонияның ERR қоғамдық телерадиокорпорациясы түсіретін Maitserännak läheb külla («Қонаққа гастрономиялық саяхат») гастрономиялық туристік жобасының жаңа шығарылымына арқау болды. Бағдарлама жүргізушілері көрермендерді қаланың туристік көрікті жерлерімен, жергілікті асханасымен, мәдени кеңістіктерімен және белсенді демалыс мүмкіндіктерімен таныстырды.
Алматыға эстониялық бас аспаздар Роман Защеринский мен Никита Чунихин саяхат жасады. Бағдарлама аясында олар экстремалды аттракциондары бар «Сұңқар» кешеніне, Көктөбеге, Көк базарға және заманауи өнер музейіне барды. Сондай-ақ жүргізушілер жылқы етінен дайындалған ет пен қымыздан дәм татып, Алматы өңіріндегі жүзімдіктерді аралады және музыкант Виктор Цойдың өмірімен байланысты орындармен танысты.
ERR – телеарналарды, радиостанцияларды және цифрлық медиаплатформаларды біріктіретін Эстонияның қоғамдық телерадиокорпорациясы. Алматыға арналған жеке шығарылым қаланы еуропалық аудиторияға тек танымал көрікті жерлері арқылы ғана емес, гастрономиясы, қалалық мәдениеті және саяхатшылардың алған әсерлері арқылы да таныстыруға мүмкіндік береді.
Халықаралық ақпарат кеңістігінде қаланың кеңінен танылуы оның туристік әлеуетін ілгерілетуде маңызды рөл атқарады. Болжам бойынша 2026 жылы Алматыға 800 мыңнан астам шетелдік турист келеді. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының жарияланымдары мен телевизиялық жобалары қаланың халықаралық деңгейдегі танымалдылығын арттырып, әлеуетті саяхатшыларды оның сан алуан туристік мүмкіндіктерімен таныстырады.