Алматы әкімдігі тұрғын үйлердің аулаларынан ірі көлемді қоқысты кім шығаруы керек екенін түсіндірді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz
Алматыда бүгінгі таңда контейнерлік алаңдардың іргелес аумақтарында ірі көлемді қоқыстарды жинау өзекті мәселе болып отыр. Тұрғындар ескі жиһазды, істен шыққан тұрмыстық техниканы, сантехникалық бұйымдарды және т.б. қалдырып кетеді. Сонымен қатар, жөндеу жұмыстарынан кейін құрылыс қалдықтары, мысалы, плиткалар, ескі есік жақтаулары мен кенептер, кірпіштер де қоқыс жәшіктерінің жанында қалдырылады. Бұл алаңның бітелуіне және басқа тұрмыстық қалдықтардың жиналуына әкеледі.
Қоқыс жинайтын машиналар үлкен көлемдегі қоқыстар мен құрылыс қалдықтарын шығара алмайды, өйткені бұл техниканың престеу аппаратын істен шығаруы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, «Коммуналдық қалдықтарды басқару ережелеріне» сәйкес жылжымайтын объектілерді салуды және (немесе) жөндеуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар құрылыс және ірі көлемді қалдықтарды (жиһаз, тұрмыстық техника) арнайы бөлінген орындарға өз бетінше әкетуі қажет.
«Алматы қаласының аумағын абаттандыру ережелеріне» сәйкес ірі көлемді қоқыстарды (қалдықтарды) шығаруды ірі көлемді қоқыстарды әкету шарты негізінде кәсіпорындардың, мекемелердің және жеке тұлғалардың өздері немесе қоқыс шығаратын кәсіпорындар жүргізеді.
Үйде жөндеу жұмыстарын жүргізетін тұрғындар, сондай-ақ ірі көлемді қоқыстар пайда болған кезде мамандандырылған ұйымдарға хабарласып, ақылы техниканы шақыруы немесе қалдықтарды полигонға өз бетінше шығаруы қажет. Полигондар Алматы облысында, Іле ауданында және Қарасай ауданында Айтей ауылында орналасқан.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 505-бабына сәйкес абаттандыру қағидаларын бұзу жеке тұлғаларға – жиырма АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – елу АЕК мөлшерінде ескерту жасауға немесе айыппұл салуға әкеп соғады.
Алматы ПД ақпараты бойынша, осы бапқа қатысты қаланы абаттандыру ережелерін бұзғаны, инфрақұрылым объектілерін және жасыл желектерді қиратқаны әрі бүлдіргені үшін 2024 жылдың 6 айында 11 577 бұзушылық тіркелді, 32 749 200 теңгеге айыппұл салынды.
Алматы әкімдігі тұрғын үйлердің аулаларынан ірі көлемді қоқыстарды шығару мәселесін реттеу үшін тұрғындарға және кәсіпкерлерге арнайы ережелерді ұстануды ұсынады. Құрылыс қалдықтары мен ескі жиһаздарды заңға сәйкес арнайы бөлінген орындарға өз бетінше әкету қажеттігін ескертеді.