Бала – болашақ
Г.Х.Андерсеннің «Жабайы аққулары» мен «Золушка», «Морозко» сияқты орыс ертегілері бәрімізге бала кезімізден таныс. Көбінің киносын да көрдік. Өгей шеше образымен біз сол арқылы ғана таныс болдық. Алайда, ертегілерде ғана болмаса, өмірде ондай қатыгез, мейірімсіз адамдар болады деген ой ол кезде үш ұйықтасақ түсімізге кірген жоқ.
Жай ғана әдеби шығарма, ертегі екенін біле тұра, оқиғаның қашан аяғына жеткенше сол кейіпкерлермен бірге тарығып, бірге торығып, оларға көрсетілген қиянатқа, әділетсіздікке қараптан қарап күйінетін едік. Бірақ өгей қызына не ұлына жақсылық ойламайтын тасжүрек, қара ниетті ретінде суреттелгенімен, сол қаскөйлердің өзінде адами сипат болатын. Күндіз-түні жұмысқа салып, ауыр міндеттер жүктеп, алалап, бөлелегенімен, ешқайсысы дәрменсіз, қорғансыз балаларды өз қолымен өлтіретін жауыз ретінде кейіптелмейтін. Бұл туындыгердің шешімі екені, әрине, түсінікті. Бірақ ол көктен түскен, негізсіз шешім емес, сол қоғам, сол уақыт ұсынған, ұстанған мораль. Ең кереметі, басты кейіпкерлер қандай кедергіге тап болып, қанша қысастық көрсе де, түптің түбінде жақсылық жеңетін, әділдік салтанат құратын...
Өкінішке қарай, ол заман басқа және ертегінің аты бәрібір «ертегі» екен. Ана қай кезде де «ана» ретінде қабылданған және оның жетімді жылатпаған, өзгенің перзентін туған баласындай бауырына басып, өгейлік көрсетпеген заманы өтіпті. Бүгінде өгей әкені айтпағанда, «өгей шешесі ұрып-соғыпты», «қорлық көрсетіпті», тіпті «өлтіріпті» дегенді жер-жерден көп еститін болдық. Былтыр жазда ғана Алматыда 7 жасар қыз бала кісі қолынан қаза тапты. Деректерге қарағанда, айыпталушы әйел баланы ұзақ уақыт бойы ұрып-соғып жүріп, ақыры өлтіріп тынған. Жарты жылдан астам уақыт бойы қаралған іс нәтижесінде «кінәлі» деп табылған әйел 20 жылға сотталғаны белгілі болды.
Қарап тұрсақ, балалардың өгей әке, өгей шеше тарапынан қиянат көріп, соның салдарынан ажал құшып жататын кезі бір бұл емес. «Әйелі өлген еркек қызды ауылға қарап жылайды» деген мақалдағыдай, орта жолда сыңарынан айырылған азамат төсек жаңғыртпай тұрмайды. Ал анасының орнын бөтен біреудің басуы балаларға оңай тимейді. Әрине, жұбайы қайтқан адамға тұрмысқа шыққан әйелді оның перзентін өз құрсағынан шыққандай шын көңілмен жақсы көруге, қабылдауға ешкім мәжбүрлей алмайды. Бірақ жетімді жылатуға дәті бармайтын, иманды, былайша айтқанда, Құдайға қараған адам, өз анасындай бола алмаған күннің өзінде, оларға жанашырлықпен қамқорлық көрсетуге тырысары анық.
Бұл ретте мамандар ер-азамат кезекті сыңарын таңдаған кезде өз жағдайын ғана күйттемей, оның балаларына жайлы, мейірімді, қауіпсіз болуын ойлағаны жөн екендігін ескертеді. Сондай-ақ, баланың сезімімен санасу, не ұнайтын, не ұнамайтынын сұрау, сөзіне сену, қолдау білдіру маңызды. Ал жақын адамы көңіл күйіне мән бермесе, сөзіне құлақ аспаса, бала одан әрі тұйықтала береді, қандай қысым көрсе де төзуіне тура келеді және мұның соңы көп жағдайда үлкен өкінішке ұрындырып жатады.
Сөз басында айтылған сол баяғы Г.Х. Андерсеннің: «Өмір өзі тудырған ертегіден артық ертегі жоқ» дегені бар екен. Шынымен де, ертегілердегі қаскүнем өгей шеше мен одан қорлық көретін бейкүнә ұл-қыз оқиғасы өмірден алынғанына күмән жоқ. Балалардың өгей ата-анасымен арадағы қарым-қатынасының қиындығынан туындайтын жағдайлар жетіп артылады. Әсіресе адамның пейілі тарылып, қайырым, мейірім, жанашырлық сезімдері азая бастаған бүгінгі заманда бұл көпшілікке таң болудан қалды. Қанша жерден өмірден алынған десек те, бізді еліткен ертегілердің барлығы әділдік үстемдік құрып, зұлымдық жеңіліс табуымен аяқталатын. Ал бүгін бәрі керісінше. Өкініштісі де – осы.