Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жариялады. ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин оның маңызды тұстарын талдап берді. Ол құжаттың басты өзегін де атап өтті. Толығырақ Аqshamnews.kz материалында.
"Цифрландыру – жаңа ұлттық идея"
Ерлан Қариннің ойынша, цифрлық технологияларды енгізу Қазақстан үшін жаңа ұлттық идеяға айналды. Жасанды интеллект пен цифрландыру құралдарын жеделдетіп қолдану экономиканың барлық саласына ықпал етеді.
"Бұл қадамның барлығы жинақтала келіп, Қазақстанның жаңа Ұлттық цифрлық даму стратегиясына біріктіріледі. Қазақстан жаңа технологияларды дамыту мен енгізуде кешенді әрі жүйелі шешімдер қабылдаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып отыр. Бұл ретте Қазақстан болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет атануды көздейді. Осылайша, биылғы Жолдауда цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу біздің ел үшін жаңа ұлттық идея ретінде айқындалды",- деп жазды ол.
Жолдаудағы жаңа саяси бастамалардың негізгі қырлары
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, Жолдауда ұсынылған парламенттік реформа президенттік саясаттың басты формуласын – «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидатын одан әрі дамытады.
Президенттің тағы бір маңызды қадамы – референдум мәдениетін нығайту. Қариннің пайымынша, бұл шешім ел болашағына қатысты түйінді мәселелердің тек халықпен кеңесе отырып қабылданатынын көрсетеді. 2022–2023 жылдардағы реформалар мен АЭС салу жөніндегі референдум да осындай ашықтықтың айғағы болды.
Сабақтастық пен бірізділік – саяси жүйенің тұрақтылығы
Ерлан Қарин сондай-ақ, негізгі мақсат - саяси жүйенің институционалдық негіздерін одан әрі нығайту екенін айрықша атап өтті.
"Осы тұста айрықша атап өтерлігі, әңгіме Конституцияға жедел түрде өзгерістер енгізу немесе Парламент сайлауын жариялау туралы болып отырған жоқ. Мақсат бұл емес. Басты әрі негізгі мақсат – саяси жүйенің институционалдық негіздерін одан әрі нығайту. Сондықтан Президент ойластырылған, бірізділікке негізделген дәйекті тәсілді құптайды. Ең алдымен сарапшылар мен көпшілік қауым арасында жан-жақты әрі терең талқылау жүргізу қажет. Осылайша, Қазақстан кезекті рет кезең-кезеңімен және жан-жақты жүзеге асырылатын саяси жаңғырудың үлгісін көрсетті", - деп жазды Мемлекеттік кеңесші.