26 тамызда Алматыда Halyk қайырымдылық қорының ауыл балаларына арналған AUYL SPORT әлеуметтік жобасының үшінші маусымы ресми түрде басталды. 2024 жылы қолға алынған бастама биыл ауқымын кеңейтіп, Қазақстанның барлық 17 облысын қамтымақ. Жоспар бойынша өңірлік кезеңдерде 15 мыңға жуық ауыл баласы бақ сынайды. Жаңа маусымның тағы қандай ерекшелігі бар? Аqshamnews.kz тілшісі жобаның таныстырылымына қатысып, ұйымдастырушылар мен спорт мамандарынан сұрап білді.
Биыл AUYL SPORT-та бірнеше жаңалық бар. Жарыс бағдарламасына алғаш рет футбол енгізіліп, спорт түрлерінің саны сегізге жетті. Бұған дейін екі жыл қатарынан Алматыда ұйымдастырылған республикалық турнир енді Астанада өтеді. Сонымен бірге жоба бірқатар спорт федерациялары және салалық ұйымдармен ынтымақтастықты күшейтпек.

«Ауыл баласына үлкен спортқа жол ашқымыз келеді»
AUYL SPORT жобасы Halyk қайырымдылық қорының бастамасымен ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жасөспірімдердің қабілетін ашу және ауыл жаттықтырушылары мен төрешілерінің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында 2024 жылы іске қосылған.
Алғашқы маусымда жоба алты спорт түрінен басталса, қазір олардың саны сегізге жетіп отыр. Екі жылдың ішінде өңірлік және республикалық жарыстарға 10 мыңнан астам ауыл баласы қатысқан.
Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықовтың сөзінше, жобаның негізгі мақсаты – баланың тұрғылықты жері оның спорттағы мүмкіндігін шектемеуіне жағдай жасау.

«Біздің мақсатымыз – ауылда тұратын әр баланың өз қабілетін көрсетуіне мүмкіндік беріп, үлкен спортқа жол ашу. Алғашқы екі маусымда жоба 10 мыңнан астам баланы қамтыды. Биыл бұл көрсеткішті 15 мыңға жуық жас спортшыға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Біз үшін ең маңызды нәтиже – AUYL SPORT жеңімпаздарының республикалық жарыстармен шектелмей, халықаралық ареналарға шығып, Қазақстан атынан жүлде алып жүргені. Бұл ауылдағы талантқа мүмкіндік берілсе, оның әлемдік деңгейге дейін көтеріле алатынын көрсетеді», – деді Ғалымбек Жақсылықов.
Биыл республикалық турнир қайда өтеді?
Үшінші маусымның басты жаңалықтарының бірі – футболдың жарыс бағдарламасына енуі. Осылайша, биыл 10-15 жас аралығындағы балалар каратэ, баскетбол, волейбол, бокс, еркін күрес, шахмат, үстел теннисі және футболдан бақ сынайды.
Ғалымбек Жақсылықов республикалық кезеңнің өтетін орны да өзгеретінін айтты.
«Биыл AUYL SPORT-қа сегізінші спорт түрі ретінде футболды қосып отырмыз. Тағы бір жаңалық – республикалық турнирді Астанада өткізуді жоспарлап отырмыз. Алдыңғы екі маусымда финалдық жарыстар Алматыда өткен болатын. Енді ауыл балалары жарысқа қатысумен қатар, елордамызды көріп, жаңа ортаға шығып қайтады. Мұның өзі олар үшін үлкен тәжірибе деп ойлаймыз», – деді қордың атқарушы директоры.

Өңірлік кезеңдер 10 қыркүйекте Жамбыл облысынан басталып, 10 қазанға дейін еліміздің барлық 17 облысында арнайы кесте бойынша өтеді. Жарыстарда жалпы 510 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Өңірлік іріктеу кезеңдерін ұйымдастыруға 78 388 889 теңге, ал республикалық турнирге 15 527 778 теңге қарастырылған.
Ермахан Ибраимов: Әлем және Олимпиада чемпиондарының көбі ауылдан шыққан
Жобаның жаңа маусымының ашылуына Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов та қатысты. Олимпиада чемпионы ауыл балаларына спортпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік беретін мұндай жобалардың маңызы зор екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан спортының тарихында ауылдан шығып, әлемдік додаларда ел намысын қорғаған спортшылар аз емес. Ермахан Ибраимов өзінің де спорттағы жолы ауылдан басталғанын еске алды.
«AUYL SPORT жобасының игілігін бірнеше жылдан бері көріп келеміз. Жалпы, Қазақстанның талай әлем чемпионы мен Олимпиада чемпионы ауылдан шыққан. Менің өзім де соның бір дәлелімін. Ауылда талантты, спортқа бейімі бар балалар өте көп. Оларға ең алдымен мүмкіндік пен дұрыс бағыт керек. Осындай жобалар сол балалардың жолын ашып, үлкен спортқа қадам басуына көмектеседі. Сондықтан ауыл жастарының болашағына жол көрсететін AUYL SPORT секілді бастамалардың жыл сайын жалғасып, ауқымы кеңейе бергенін қалаймыз», – деді Ермахан Ибраимов.
Олимпиада чемпионының пікірінше, ауыл баласы үшін үлкен жарысқа қатысудың өзі маңызды тәжірибе. Жаңа орта, мықты қарсыластар мен кәсіби жаттықтырушылардың назарына ілігу жас спортшының алға ұмтылуына қосымша серпін бере алады.
Ауыл балалары Анталияда топ жарды
AUYL SPORT берген мүмкіндіктің нақты мысалдарының бірі – Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылының волейболдан ұлдар командасы.

Команда жаттықтырушысы Ғайнол Ғалымның айтуынша, шәкірттері бұған дейін негізінен облыстық жарыстарда бақ сынап келген. AUYL SPORT олардың халықаралық деңгейге шығуына мүмкіндік берген.
Өткен жылы ауыл командасы Түркияның Анталия қаласындағы жарысқа қатысып, бірінші орын иеленген.
«Балаларымыз волейболдан облыс чемпионы болғанымен, бұған дейін көбіне облыс көлеміндегі жарыстардан аса алмай жүрдік. AUYL SPORT арқылы халықаралық турнирге қатысуға мүмкіндік алдық. Әрине, алғаш рет мұндай үлкен додаға барған балалар үшін оңай болған жоқ. Басында қобалжу да, қысым да болды. Бірақ намысқа тырысып, соңына дейін күрестік. Нәтижесінде Түркия төрінде бірінші орын алдық. Ауыл балаларына осындай мүмкіндік берген жобаға алғысымыз зор», – дейді Ғайнол Ғалым.
Жаттықтырушы үшін Анталиядағы жеңістің маңызы тек алтын жүлдемен өлшенбейді. Ауылдан шыққан жас волейболшылар алғаш рет халықаралық жарыстың атмосферасын сезініп, шетелдік қарсыластармен бір алаңда ойнап, өз деңгейін сынауға мүмкіндік алған.

AUYL SPORT түлектері халықаралық ареналарда жүлде алып жүр
Жобаның алғашқы екі маусымында көзге түскен спортшылар бүгінде халықаралық жарыстарда да нәтиже көрсетіп жүр.
2025 жылы Сербияда өткен Дүниежүзілік Гимназиадада AUYL SPORT спортшылары бокстан үш алтын, еркін күрестен бір қола медаль жеңіп алды. Шахматшылар екі Fair Play жүлдесіне ие болды.
Жоба түлектері Қытай, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстанда ұйымдастырылған жарыстарда да Қазақстан атынан сынға түсіп, жүлделі орындарға ие болған.

Жарыстарға қатысатын балаларға қажетті жағдай да жоба аясында қарастырылған. Спортшылардың жол жүруі мен тұруы, спорттық киімі және қажетті жабдықтары қамтамасыз етіледі. Бұл шалғай ауылда тұратын баланың отбасы үшін қосымша қаржылық салмақ түсірмей, жарысқа қатысуына мүмкіндік береді.
Федерациялармен бірлескен жұмыс күшеймек
Жаңа маусымда AUYL SPORT-тың кәсіби спорт ұйымдарымен байланысы да кеңейіп отыр.
Жоба аясында Қазақстан мектеп спорты федерациясы, Қазақстан бокс федерациясы, үстел теннисі, каратэ, баскетбол және волейбол федерациялары, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы және «Арыстан» мамандандырылған лицейімен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды.
Ұйымдастырушылар мұндай әріптестік жарыстарды кәсіби деңгейде өткізуге ғана емес, ауылдан шыққан дарынды балалардың федерациялар мен спорт мамандарының назарына ілігуіне де ықпал етеді деп отыр.

AUYL SPORT тек балалар арасында турнир өткізумен шектелмейді. Жоба шеңберінде ауыл жаттықтырушылары мен төрешілерінің кәсіби біліктілігін арттыруға да көңіл бөлінеді.
Бұған дейін мамандарға алғашқы медициналық көмек көрсету, каратэ және еркін күрестің жаңартылған ережелері бойынша семинарлар ұйымдастырылған. Ал шахмат жаттықтырушылары халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасқан.
Қордың 10 жылдығына – 10 жаңа спорт алаңы
2026 жыл Halyk қайырымдылық қоры үшін де ерекше. Биыл қордың құрылғанына 10 жыл толып отыр.
Осыған орай AUYL SPORT аясында жоғары нәтиже көрсеткен ауылдарда 10 жаңа спорт алаңын салу жоспарланған.
Бұдан бөлек, республикалық және халықаралық жарыстарда ерекше нәтиже көрсеткен спортшыларға білім гранттарын беру және спорттық санаттар тағайындау мәселелері қарастырылып жатыр.
Осылайша, ұйымдастырушылар AUYL SPORT-ты жыл сайын жарыс өткізетін жоба ретінде ғана емес, ауыл баласын алғашқы іріктеуден бастап кәсіби спортқа дейін жетелейтін жүйеге айналдыруды көздеп отыр.

Келесі чемпион қай ауылдан шығады?
Биыл AUYL SPORT тарихындағы ең ауқымды маусым өтпек. Қазақстанның барлық 17 облысында ұйымдастырылатын өңірлік кезеңдерде 15 мыңға жуық бала бақ сынайды. Олардың арасынан үздіктер республикалық турнирге жолдама алады.
Жобаның алғашқы екі жылы ауылдағы спортшыға мүмкіндік берілсе, оның облыстық жарыстан халықаралық аренаға дейін жете алатынын көрсетті. Өтеген батыр ауылының волейболшыларының Анталиядағы жеңісі мен AUYL SPORT түлектерінің халықаралық додалардағы нәтижелері – соның мысалы.
Ал Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов айтқандай, Қазақстанның талай әлем және Олимпиада чемпионының жолы ауылдан басталған. Ендеше, биыл 15 мыңға жуық баланың арасынан үлкен спортқа қадам басатын жаңа есімдердің шығуы әбден мүмкін.