ffin.kz

Ең бірінші фаворит – Бразилия құрамасы

Ең бірінші фаворит – Бразилия құрамасы Сурет: 24.kz

Бразилия – әлем чемпионатын бес рет жеңіп алған әрі осы жетістігі жағынан бәрінен озық құрама. Футбол таланттарына өте бай ел биыл да басты фаворит болып саналады.


Құрамында ылғи ығай мен сығайлар. Әсіресе, шабуылшыларынан футбол жанкүйерлері ғана емес, ен далада жайылып жүрген ат үркеді. Егер өз мүмкіндіктерін толығымен пайдаланып, жүзеге асырса, олар үшін чемпион болу соншалықты қиын емес.


Ең бастысы, бас бапкері Тите қорғанысқа ерекше назар аударып жүр. Соның арқасында, Бразилия құрамасы кейінгі ойындарда өз қақпасына гол жіберіп алып, жаза басуды күрт төмендетті. 39 жастағы Дани Алвестен басқасы Еуропада ойнайды. Сегіз қорғаушысының үшеуі «Ювентус» клубының намысын жыртады.


Әйтсе де, қорғанысының топсасы өте берік деп айта алмаймыз. Милитао, Бремер, Маркиньостан басқалары 30-дан асып кеткен. Қорғаушылары да атойлап алға шауып, гол салғанды теріс көрмейді. Содан соң... ойын ережесін бұзып, ескерту алатындарын да жоққа шығара алмаймыз.


Қақпашысы Алисон дәл қазір спорттық бабында ма?! Бұл ретте, «Ливерпуль» клубының қазіргі жағдайы аса мәз емес. Жартылай қорғанысы мен шабуылының аражігі алшақтау секілді. Бұл тұрғыда Каземиро, Фред, Фабиньо және Пакета төртеуінің біреуі «жыртыққа» жамау бола ала ма?


Егер Неймар «қара жұмысты» өз мойнына алып, жартылай қорғаушылары мен шабуылшыларының арасына ұйытқы бола алса, әңгіме бөлек. Винисиус пен Антони де бар. Жұлдыздарының бәрі де жеке бастарының мүддесін емес, командалық жетістікке көңіл бөлсе, «пентакампеондар» үшін алынбайтын қамал жоқ.


Ал шабуылы дерсіз? Шабуылы – құйын! Әрі Неймардан басқасы 21, 22 және 25 жастағы – жер тарпыған дүлдүлдер. Баяғыдай, «ең жақсы қорғаныс – шабуыл» деп, тайлы-таяғымен алға қарай лап қойса да болар еді. Бірақ Титенің тылды ойлайтын сақтығы дұрыс сияқты. Шөпті ұзақ шапсаң, шалғының өзі тасқа тисе, жүзі мұқалып қалмай ма?


«Ұлы сөзде ұят жоқ», дейді қазекем. Бұл елдің таланттарын «құртатын» ең келеңсіз қылықтары мен міндері – олардың ойын-сауыққа әуестіктері мен қызқұмарлықтары. Әйгілі Бразилия Карнавалдарында шалқып өскен, Копакабана жағажайларында өздерін еркін ұстайтын футболшылары да сұлу көрсе, көздері оттай жанады.


Ал ондай сұлу бикештер көздерімен танадай «сүзетін» болса, онда олар «бас жіптерін» әлем чемпионатында үзе беретін шығар-ау. Роналдо да, Ривалдо да, Адриано да, тіпті Роналдиньо да осындай ақжарқын, ақкөңіл мінездерінің кесірінен Месси мен Криштиану Роналдудан қалып қойды. Олар тіпті «осы Лео мен КР мүлде қыздарға бармайтын шығар» деп, таңданатын да секілді ғой...


Тіпті, сонау 60-70 жылдары, сол аяғы оң аяғынан 6 см қысқа Гарринчаның өзінде бірнеше әйелден кемі 14 баласы болған. Норвегиядағысы ол, өз алдына – бір шежіре. Еден жууға келген қызметкер қызды ұстап алып... 15 минуттың ішінде бар шаруасын бітірген. Ал ол кәмелетке толмаған, жетім қыз болып шығып, арты сотқа дейін ұласып, халықаралық деңгейдегі шу болған...


Қазақ «Жаяу Мұса» романындағыдай, кеш батса, «ақсүйек» ойнап, бұта-жыңғылдың түбіне аунай кететіндігін қойып, тіпті ондайды мүлде ұмытқан. Ал бразилиялықтар құмдауыт жағажайға аунай кететіндіктерін қоймаған сияқты ғой. Тсс... сұлу қыздарды оларға қарсы қолдануға да болатын шығар, ә?..


Қорытынды: Бразилия құрамасының әлеуеті мен мүмкіндігі өзгелерімен салыстырғанда, әлдеқайда жоғары. Әйтсе де, мен олар чемпион болады дегенге толық сенбеймін. Темірдей тәртіпке ноқталанған құрама оларды сан соқтырып кетуі әбден мүмкін.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51