Қоғамдық тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ету, көші-қон заңнамасын бұзудың алдын алу мақсатында республика көлемінде "Мигрант" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Іс-шара барысында шетел азаматтары жасаған көші-қон заңнамасына қатысты 7 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды.
Атап айтсақ:
4,1 мың шетел азаматы елде болу қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды;
2,7 мың шетел азаматы заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін жауапкершілікке тартылды;
2,2 мың қазақстандық пен заңды тұлға шетелдіктер туралы полицияны уақытылы хабардар етпегені үшін жауапкершілікке тартылды;
500-ден астам жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 200 млн теңгеден асты. Көші-қон заңнамасын бұзған не Қазақстан Республикасында болу үшін негіздері жойылған 1,5 мың шетел азаматының елде болу мерзімі қысқартылды.
Көші-қон заңнамасын бұзушыларды елден шығару туралы 1,2 мың сот шешімі шығарылды. 121 шетел азаматы мәжбүрлі түрде елден шығарылды, оның ішінде 8-і деструктивті-радикалды ағым өкілдері. Елден шығарылған барлық шетел азаматына Қазақстан Республикасына 5 жыл мерзімге кіруге тыйым салынды.
24 қылмыстық іс қозғалды:
9 қылмыстық іс – мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту бойынша;
9 қылмыстық іс – заңсыз көші-қонды ұйымдастыру бойынша;
6 қылмыстық іс – шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзу бойынша.
Жасалған құқық бұзушылықтарды талдау көрсеткендей, көп жағдайда шетел азаматтарының елде болу қағидаларын бұзуына Қазақстан азаматтарының өздері ықпал етеді, негізгі себеп – заңсыз әрі жылдам пайда табуға ұмтылу.
Мәселен, Шымкент қаласында, Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану қағидаларын бірнеше рет бұзу деректері анықталды. Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 395-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Осылайша, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартатын заңды тұлғалар құқықтық жауапкершілікпен қатар, беделдік тәуекелдерге де ұшырайды, атап айтқанда серіктестер, инвесторлар, банктер тарапынан сенімнің төмендеуі, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жағымсыз пікірлер және өзге де салдарлар.
Сонымен қатар өңірлердің бірінде Қазақстан Республикасының азаматы жалған құжаттар арқылы шетел азаматтарын заңдастырған.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 394-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Іс-шара барысында іздеуде жүрген 22 шетел азаматы ұсталды.
Атап айтқанда, Алматы қаласында, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстарында көрші мемлекеттер іздестірген, әртүрлі қылмыстар жасаған шетел азаматтары ұсталды. Құқық қорғау органдары көші-қон заңнамасының бұзылуын алдын алу және анықтау бойынша жұмысты жалғастыруда.